Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың жел­тоқсанында Үкі­метке ке­пілсіз онлайн микро­кре­дит­ке толық тыйым салынған елдер­дің тәжіри­бесін зерттеуді тапсырды.
Шаруаға шағын несие қажет пе?
858
оқылды

Со­­нымен қатар Мемлекет басшысы эко­­но­миканың бұл саласын неғұр­лым қатаң реттеу қажеттігін айтқан. Биыл қазан айынан бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің микрокредиттер нарығына қатысты қаулысы күшіне енді. Құ­­жатта шағын несиелер бойынша сыйақыны есептеу ережелері қайта қаралған.  

­­­­­­«Микрокредит» ұғымы сомасы 50 ай­лық есептік көрсеткіш деңгейінде, яғни 2023 жылғы есеп бойынша 172 500 теңге бола­тын несиелерді қамтиды. Оның мер­зімі 45 күннен аспауы қажет. Сарап­­шы­лардың сөзінше, халық арасында «жа­­лақыға дейін» деген жанама атауға ие болған бұл несие енді одан әрі тиімсіз бола түспек. Себебі бұрын микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) келі­­­сімшарт мерзімін ұзартқан кезде сыйақы мөлшерлемесін тәулігіне 0,35% деңгейінде бекіте алатын. Жаңа ереже бұл мәнді тәулі­гіне 0,4%-ға дейін арттырады. 

Тәуелсіз сарапшы және Finance.kz Telegram арнасының авторы Андрей Чеботарев­тің пікірінше, бұл ел аза­­мат­та­рының мой­нына жүктелген бере­шектің салмағын ай­­тар­­лықтай арттыруы мүмкін. «Егер бұл көр­сеткіштерді жылдық мөл­­шерлемеге кел­тірсек, 103 500 теңгеге де­йінгі шағын несие­лер бойынша мөлшер­леме 339%, ал 103 500 теңгеден 172 500 тең­геге дейінгі ша­ғын несиелер бойынша 211% болып шы­ға­ды. Ал несие 45 мерзімі күннен асса, онда МҚҰ мұндай несие бойынша жылына 146 пайыздық мөлшерлеме тағайындай ала­ды. Бұрын ол 128% болатын», – деп есеп­тейді Андрей Чеботарев. Басқаша айтқанда, қарыз алу­шылардың жүктемесі айтарлық­тай артуы мүмкін. Нәтижесінде, проблема­лы қарыз­дардың пайда болу қаупін ту­дырады.

Сонымен қатар сарапшы қазірдің өзінде азаматтардың 1,1 триллион теңге­­ден астам шағын несиелер бойынша бере­шегі бар еке­нін жеткізді. Салыстырар болсақ, жыл­дық банктік несие бойынша макси­­малды мөлшерлеме – 56%, ал МҚҰ үшін – 146%.

Tengenomika сарапшылары да осындай пікірде. Мамандар мұндай қаржы құрал­дарын (микронесиелерді) негізінен несие тарихы нашар және банктік қарыздары бар қазақстандықтар қолданатынын алға тарт­қан. Хабарламада: «Біздің ойымызша, екін­ші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйым­­­­да­­рының шекті сыйақы мөлшерле­­­месіндегі мұндай елеулі айырмашылық одан да жүйелі тәуекелдерді тудырады. Әдетте банктер несие беруден бас тартқан азаматтар микроқаржы ұйымдарына өтініш беретіні белгілі», – делінген.

Finprom сараптама агенттігінің ха­­бар­лауынша, елдегі микрокредиттердің 77 пайызы күмәнді. Мамандар қазақстан­дық микроқаржы ұйымдарының жарты­жыл­­дық есебіне сүйене отырып, МҚҰ бер­ген несиелердің 10%-дан астамы үмітсіз де­­­ген қорытындыға келген. Бір жыл бұрын үмітсіз несиелердің үлесі жалпы порт­­­­фель­дің 8,9 пайызына тең болды. Мұндай несие­­лердің жалпы сомасы 106,4 млрд теңгеге жеткен.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу жә­не дамыту агенттігінің төрағасы Мә­дина Әбіл­қасымова шағын несиелеу қызметінің бір түрін шектеуді ұсынған еді. Ол  бұл қадамды онлайн несие сегментінің шамадан тыс өсуін тоқтатудың негізгі ба­ғыты деп көрсетті. «Проблемалық несие­лер портфеліндегі қарыздың ең жоғары деңгейі қазір онлайн микронесие сег­ментіне тие­сілі. Қыркүйектегі жағдай бойынша мұндай онлайн микрокре­диттердің МҚҰ тұтыну­шылық несие портфеліндегі үлесі 197 млрд теңге болса, қарыз алушылардың саны 1,9 мил­­лионға жетті. Оның ішінде 297 мың адамның 37 млрд теңге сомасындағы несие­ні проблемалық қарыздарға жатқыза­мыз», – деді ол. 

Агенттік басшысы мұндай онлайн ша­ғын несиелер қашықтан беріледі. Осы се­беп­ті көбіне қарыз алушыны төлем қа­білет­тілігін егжей-тегжейлі бағаламай-ақ несие та­ғайындайды. Қабылданған ша­ралар мен былтыр енгізілген шек­теулерге қара­мас­тан онлайн микро­несие сегмен­тіндегі тәуекелдер төменде­мей тұр. Бү­гінде 254 мик­роқаржы ұйы­мының 50-і онлайн несие беретін ком­па­нияның қа­тарында. 

«Осыған байланысты қазір агенттік 45 күнге дейінгі мерзімге және 50 АЕК-ке дейінгі сомаға шағын несиенің ерекше түрін толығымен алып тастау мәселесін кө­терді. Мұндай шағын несиелер үшін бірың­ғай жылдық нақты сыйақы мөл­шерлемесін белгілеу ұсынылды. Онлайн микрокредиттік компаниялар жұмысын жалғастыра алады, бірақ барлық микро­қаржы ұйымы үшін белгіленген бірыңғай мөлшерлеме бойын­ша кез келген мерзімге шағын несие бе­реді», – деді Мәдина Әбілқасымова.

Бірақ Қазақстандағы онлайн микро­қ­аржы ұйымдарын біріктіретін FinTech қауым­­дастығы қаржы реттеушісінің мик­ро­кредит беру шарттарын одан әрі қатайту жоспарымен келіспей отыр. 

«Микрокредитке мемлекеттік бақы­лау­ды күшейту бойынша негізсіз шаралар үл­кен алаңдаушылық туғызып отыр. Оны қа­былдау барысында тиiстi экономикалық талдау жүргізілмеген әрі халықтың әлеу­мет­тiк әл-ауқатына кері әсер ететін фак­торлар ескерусіз қалып отыр. Сондай-ақ жыл са­йын өсетін қызметтер мен тауарлар құны да назардан тыс қалған», – делінген қауымдас­тықтың Президент Әкімші­лігінің басшы­сына жолдаған хатында.

Қауымдастық микроқаржы ұйымдары тек онлайн түрде несие береді деген ақ­парат «Ұлттық банктің ресми ста­тисти­касына қай­шы келеді» деп атап өтті. «2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша тұтыну­шылық несиелердің жалпы көлемі 9,364 трлн теңгеге жетті. Ал онлайн микро­қаржы ұйымдарының үлесі бар болғаны 138 млрд теңгені құрады. Бұл жеке тұлғалардың барлық несиелік мін­дет­­теме­сі­нің 1 пайызынан кем. Тұр­ғындар қары­зының басым бөлігін ком­мерциялық банк­тер­ден алған тұ­­ты­­­­­нушы­­лық несиелер құ­райды», – деп атап өтті қауымдастық.

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, соң­ғы 2 жылда микроқаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңнамаға елуден астам түзету­лер енгізілген. Мәселен, 1 қазаннан бас­тап пайыздық мөлшерлеме бойынша жаңа шектеулер күшіне енді, реттеуші осы­ған дейінгі өзгерістердің нарыққа әсерін бағамдамастан, жаңа өзгерістер әкелуде.

«Шағын несиелер беруді айтарлықтай шектеу немесе реттеу саясатын қатайту жағ­­дайында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін қолжетімді шағын несие­­­­лердің болмауы қысқа мерзімде ұлттық экономика деңгейіндегі салдары болуы мүмкін. Өйткені адамдар балама қаржы­­­ландыру көздерін іздеуге мәжбүр болады. Көп жағдайда банктерге жүгіну, әсіресе кәсіпкерлер үшін шағын көп, кейде қол­­­жеті­­­­мсіз немесе тым баяу процесс. Бұл санат­тағы азаматтар «көлеңкелі нарықтан» қаражат іздеуге мәжбүр болады. Кейде, тіпті заңсыз көрсететін тұлғалардың қыз­ме­тіне жүгінеді», – деген пікірде.

Кәмила ЕРКІН