Ұлытау, Атырау, Ақмола, Түркістан мен Жетісу облыстарында еліміздің 20 миллионыншы тұрғындары дүниеге келді.
Еліміздің 20 миллионыншы тұрғынын өмірге әкелген ана ХҚКО-да жұмыс істейді
1,989
оқылды

Қазақстан халқының саны ресми түрде 20 миллионға жетті. Бул туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желіде жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Ұлытау, Атырау, Ақмола, Түркістан мен Жетісу облыстарында еліміздің 20 миллионыншы тұрғындары дүниеге келді. Бес балаға еліміздің 20 миллионыншы азаматы екенін айғақтайтын арнайы туу туралы куәліктері дайындалды. Осы орайда, мен қазіргі таңда проактивті көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ана өмірін қаншалықты жеңілдеткенін айрықша атап өткім келеді. Осыдан 16 жыл бұрын үлкен қызымыздың туу туралы куәлігін қалай алғанымызды, ол үшін көптеген құжат жинап, кезекте тұрғанымыз есіме түсті. Ал өткен жылы кенже баламыз дүниеге келгенде, жұбайым туу туралы куәлікті eGov mobile қосымшасын пайдалана отырып, бір хабарлама жіберу арқылы алған еді. Бұл процесс сөзсіз, ата-аналардың уақытын айтартықтай үнемдейтінін және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға септігін тигізетінін атап өткен жөн», –  деп жазды министр.

Министр туу туралы куәлікті алу қызметі айтарлықтай жеңілдетілгенін айтады.

«Біз туу туралы куәлікті алу қызметін 4-30 күннен 5 минутқа дейін қысқарттық және оны онлайн форматқа ауыстырдық. Қазір перзентханада нәрестесін дүниеге әкелген жас анаға мобильді қосымша арқылы баланың тууымен құттықтаған хабарлама келіп түседі, онда баланың аты-жөнін жазады, содан кейін туу туралы цифрлық куәлікті, бұған қоса, банктің көрсетілген картасына бала туу және нәресте күтіміне берілетін жәрдемақыны алады.

Қазақстанда жыл сайын 400 мыңға жуық бала дүниеге келеді, олардың 68%-ның құжаттары проактивті/онлайн форматта рәсімделеді. Бүгінге дейін көптеген қазақстандықтың арасында осы функция жоғары бағаланып келеді», – дейді ол.

Бағдат Мусин еліміздің 20 миллионыншы тұрғынын 14 қарашада дүниеге әкелген ана ХҚКО-да жұмыс істейтінін мәлімдеді.

«Айтпақшы, еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны 14 қарашада сағат 08.10-да дүниеге келген екен. Жас аналардың бірі Диана Әзімбаева «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жетісу облысы бойынша филиалының қызметкері екенін айрықша атап өткім келеді. Ол Талдықорған қаласының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде 2021 жылдың 1 қазанынан бастап жетекші сарапшы болып жұмыс істейді. Диана дүниеге ұл әкелді, ол – отбасындағы төртінші бала. Бұл отбасында екі ұл мен қыз өсіп келеді», – деп жазды министр.

фото: canvera.com