Бір кездері дүниежүзіне Еуропадағы үш ірі өзеннің бірі ретінде танылған Жайық өзенінің күн санап тартылып бара жатқаны қазір жаңалық болмай қалды. Тартылуы салдарынан бара-бара Жайық өзенінің ұзындығы қысқарып қалуы мүмкін.
Жайықтың жағдайы алаңдатып тұр
727
оқылды

Қазір трансшекаралық өзеннің орташа су көлемі үш есеге дейін азайған. Жайықтың тартылуы бір Атыраудың емес, Қазақстан мен Ресей деңгейінде шешілуі тиіс күрделі мәселеге айналып отыр.

Ашығын айту керек, Жайық өзені су ресурстарының 80%-ға жуығы Ресей аумағында қалыптасатын­­дық­тан, өзеннің төменгі ағысында орна­ласқан Атырау облысы көршілес мемлекет тарапынан келетін су кө­леміне тәуелді болып отыр.

Мамандардың айтуынша, қазір көктемгі су тасқыны кезеңіндегі Жа­­йықтың қалыпты деңгейі үш есеге де­йін азайып, 140 сантиметрге жетіп отыр. Қазір Атырау облысында түп тереңдету және жағалау бекіту жұ­мыс­тары жүріп жатыр. Алайда Жа­йық өзенінің соңғы үш жылда арна­лары таязданып, экологиялық зардап шегу алдында тұр.

«Өзеннің орташа көпжылдық ағынының қалыпты көлемі 9,46-дан 2022 жылы орташа жылдық ағыны 4,93 текше метрге, яғни 2 есеге төмен­­­­­­­­деді. Осыған орай, бірінші кезекте өзеннің су ағынын ұлғайту қажет еті­леді. Ол үшін Жайық өзенінің жо­­ға­­­ры жағында орналасқан су қойма­­­лары­­­­нан төмен қарай су жіберу кө­­­­­­ле­­­­­мін арттыру, оның ағысын үйлес­­тіру мәселелеріне және өзеннің ғылы­­­­ми-зерделеу жұмыстарын ұйым­­­­­­дастыруға Экология табиғи ресурстар ми­нистр­­лігі мен Су ре­­­сурстары және ирри­­гация ми­­нистр­­лігі ерекше назар ау­­даруды қажет», – дейді Атырау об­­­­­лысы әкімінің орынбасары Жас­­­ұлан Бисембиев.

Жайық өзенінің сағасы қатты лайлануына байланысты, өзен сағасы мен кеме қатынасы арнасы таязда­­­нып, бұл жағдай кемелер қозғалысына мүмкіндік бермей, балықтардың өтуіне де кедергі келтіріп жатыр.

Жайық өзенінің, Каспий теңізінің тартылуы Атыраудағы жалғыз порт­тың жабылу қаупіне әкеп тұрға­­нын бұған дейін жазған болатынбыз. Бірақ мәселені түбегейлі шешуге жер­­­­­­­гілікті билік қауқарсыз. Әзірге бірнеше жылдан бері Жайық, Қиғаш өзендерін түп тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. 

Соңғы рет аталған өзендерде те­рең­­дету жұмыстары өткен ғасыр­дың 80 жылдары жүргізілген еді. Өт­­кен 40 жыл ішінде су тоғанда­­­рын­­­­дағы су апатты жағдайға дейін төменде­гені­­мен қоймай, Жайық өзе­­ні шамадан тыс ластанған. Атал­ған өзендердің түп тереңдету жұ­­мыс­тарымен «Пав­лодар өзен пор­ты» АҚ айналысуда. 

Облыс көлемінде 2017-2020 жылдары Жайық және Қиғаш өзен­дерінің 152 шақырымында түп те­реңдету жұмыстары жүргізіліп, Жа­йық өзенінің 43 шақырымы, Қиғаш өзенінің 109 шақырымына жұмыстар аяқталды.

Бүгінде Жайық өзенінің жалпы ұзындығы 52,1 шақырым болатын бөлігінде, Қиғаш өзенінің жалпы ұзындығы – 99,571 шақырым бола­­тын бөлігінде су көлемін ұлғайту жә­не гидрологиялық режимін жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Аты­­рау облыстық Құрылыс басқармасының мәліметінше, аталған жұмыстар Жа­йық өзенінде биыл, Қиғаш бойында 2024 жылы аяқталады.

Осындай жұмыстар Зарослый өзенінде, Приморский каналында, Жайықтың сол жақ жағалауы №3 жә­не №6 өзекте жүргізілген. Қиғаш өзенінде 2022 жылдың тамызында басталған түптереңдету жұмыстары 2024 жылдың желтоқсан айына дейін жүр­гізіледі. Бүгінге дейін Понкра­­шино, Линевый, Баткашный және Сафоновка арналарында жалпы ұзындығы 55 шақырым (км) терең­­дету жұмыстары жасалған.

Мемлекеттік тапсырысты орын­­­дау­шы мамандардың айтуынша, Жа­йық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету бойынша іс-шаралардың басты мақсаты – балық жүретін арна­ларда балықтың жойылып бара жат­қан бағалы тұқымдарының өсімін ұлғайту, балықтардың уылдырық шашуға еркін өтуін қамтамасыз ету. Бұл жұмыстар өзен ортасының био­­­ло­­­­­­­гиялық алуан түрлілігі үшін қо­лайлы жағдай жасау, сондай-ақ ме­лиора­ция және өзен арналарын терең­детуге бағытталған.

Айта кету керек, трансшекаралық стратегиялық маңызы бар Жайық өзе­нінің ұзындығы 2 482 шақырымды құрайды. Өзен Ресейдің Башқұрт Республикасы, Челябі мен Орынбор облыстарынан өтіп, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арқылы Каспий теңізіне құяды. Гидрогеолог мамандардың айтуынша, егер Жайық мәселесі жақын жылдары оң шешімін таппаса, өзеннің ұзындығы қысқа­­­­рып, Каспий теңізіне жетпей қалуы әбден мүмкін.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы