QAZAQ TILI Endowment Qory-на жиналған қаражатты беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылап, қадағалайтын болады.
Тоқаев қазақ тілін қолдау қорына 7 миллион теңге аударды
1,106
оқылды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін қолдау мақсатымен құрылған QAZAQ TILI Endowment Qory-на алғашқы жарнаны аударды. 

Мемлекет басшысы өз қаражатынан қосқан жеке жарна көлемі – 7 млн теңге.

QAZAQ TILI Endowment Qory халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының бастамасымен құрылған. Негізгі міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету. 

Биыл 12 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының басшысымен кездесуінде мемлекеттік тілді дамыту мақсатымен арнайы эндаумент қорын құру бастамасына қолдау білдірген болатын. 

Endowment қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қаражат толықтай басқаруға беріледі және инвестицияланады. Endowment  қорының инвестициялық қызметінен түскен табысы бенефициар ұйымның жарғылық міндеттерін орындауға жұмсалады. Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін Endowment  қорын құру тәжірибесі кең таралған.

Қазіргі таңда Жапониядағы ғылым мен технология қоры, сонымен қатар Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қорлары дүниежүзіндегі ең ірі Endowment  қорларының қатарына кіреді. Елімізде ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың Endowment  қорлары сәтті жұмыс істеп жатыр. 

QAZAQ TILI Endowment Qory-на жиналған қаражатты беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылап, қадағалайтын болады. 

Endowment қорынан түскен табыс халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту, модернизациялау мен оны қолдану аясын кеңейтуге бағытталған жобаларға грант негізінде беріліп отырады. 

Президент «Қазақ тілі» қоғамына мемлекеттік тілдегі медиа және баспа контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін  дамыту, сонымен қатар қазақ тілін қолдау мен тілді қолданатын қауымдастық аясын кеңейту үшін заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалануды тапсырды. 

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдің жанашырлары атынан ҚР Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевқа бастамаға білдірген қолдауы мен өзгелерге көрсеткен үлгісі үшін алғыс айтады. 

«Қазақ тілі» қоғамының биыл іске асырған бастамалары: 

  • шілде айында қоғамның құрылтайы өтті;
  • қазан айында қоғам төрағасы Президенттің қыбылдауында болды, кездесуде қоғамның даму бағыты мен іс-қимыл жоспары белгіленді;
  • қазанда қоғам ұйымдастыруымен Digital Bridge форумында «Қазақ тілі және жасанды зерде» тақырыбында арнайы сессия өтті;
  • желтоқсанда Qazaq Oxford Dictionary сөздігі жарияланады.