Күш қолдану және моральдық қысым көрсету дерегі расталды.
Кентау мектебінде заңсыз жұмыс істеген қызметкер оқушыларға қорлық көрсеткен
699
оқылды

Адам құқығы жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі мектептегі зорлық-зомбылық фактісін анықтады, - деп хабарлайды Aiqyn.kz.

Интернаттағы оқушының анасы мәселені шешуге көмек сұраған. Бұл мәселе Адам құқығы жөніндегі уәкілдің Facebook-тағы ресми парақшасына жазылды.

Кентаудағы лицей-интернат оқушысының анасы Адам құқығы жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкіліне хабарласып, білім беру мекемесінде тәрбиешінің көмекшісі өзінің баласына, сондай-ақ басқа оқушыларға физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсетіп жатқанын жеткізген.

Оқушылардың ата-аналары, қалалық прокуратура және Түркістан облысы Білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен жедел қабылдау ұйымдастырылып, нәтижесінде білім бөліміне сауал жіберілді.

Күш қолдану және моральдық қысым көрсету фактісі расталып, тәрбиеші көмекшісінің лицейде заңсыз жұмыс істегені анықталды. Ол енді мектепте қызмет атқармайды.

Сонымен қатар қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін лицей-интернатының директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тәрбие психологі, сынып жетекшісі сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.