Әбибаның қаруы – жылдамдық. Қарсыласы өзін-өзі жинап үлгергенше, қарсы шабуылға кірісіп кетеді. Әп-сәтте жасалған әдіске таңдай қақпайтыны кем де кем.
Әбиба Әбужақынова, дзюдодан әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері: Татами қателікті кешірмейді
4,402
оқылды

Қайсар қыздың қай жарыс болмасын жүлдесіз қайтпайтыны тағы бар. «Қайтсем де алтын аламын» деп жүргеніне де біраз уақыт болды. Көп күткен алтыны алдағы аламаннан бұйыра ма, кім білсін?! Біз дзюдошы Әбиба Әбужақынованы сөзге тарттық.

Баппен келген бақ

– Әлем чемпионатындағы жүлдеңіз құтты болсын! Алдағы арман-мақсатыңыз қандай?

– 18-24 мамыр аралығында Абу-Даби қаласында дзюдодан әлем біріншілігі өтіп жатыр. Сәйкесінше, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атандым. Спорт мансабымдағы ең маңызды жарыстың бірі саналған әлем чемпионатынан алтын алғым келді. Моңғол қызына Азия чемпионатында есе жіберіп едім. Себебі өзім қателік жіберіп, сан соғып қалғанмын. Ал осы турнирде ол қыз кері әдіс жасап кетті. Шабуылын тойтара алмай, жеңілдім. Негізі,  барлық қарсыласымды зерттеп шықтым.  Десе де, жеңіс тұғырына жүлдегер ретінде көтерілгеніме қуаныштымын. Бұл мен үшін Олимпиада алдындағы серпіліс әрі өзімді сынауға берілген мүмкіндік дер едім. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Әлем чемпионатынан кейін қатемен жұмыс істеп, төртжылдықтың басты додасына тыңғылықты дайындықпен аттану үшін барымды саламын. Маған сенім артқан жан­күйерге мың алғыс. 

Әрине, әлем чемпионатында үздік үштіктен көрінгім келді. Жалпы, басты мақсатым – Олимпиаданың алтын медалі. Әнұранымызды шырқатып, бойымды рух кернегенін қалаймын. Себебі барлық жерден үшінші орын бұйырады. Бұл – сәйкестік. Кей қарсыластарым мені әдейі үшінші орын алады деп ойлауы мүмкін (күлді- авт). Негізі, дзюдода үшінші орын алу қиын. Турнирге бір емес, 90-100 мемлекет қатысады. Яғни, осы уақытқа дейін кез келген қарсыласпен бірнеше рет белдесуге мүмкіндік туды. Реті келсе қайта-қайта жеңуге тырысамын. Мұның өзі техника жағынан да, психология тұрғысынан да шыңдайды. Байқаймын, күресу мәнерімде тактика жағынан да өсу бар.

– Спортшы үшін көңіл-күй де маңызды.Психолог қызметіне жүгінесіз бе?

– Көп жерде психология жөнінде сұрап жатады. Психологтің жеке қабылдауына барған жоқпын. Анам – педагог-психолог. Яғни, жеке психологім – анам. Жарыстан үшінші орын алсам да, «келесіде алтын сенікі болады» деп демеп, мотивация береді. Сол үшін қайта-қайта жарысқа қатысып, медаль алуға тырысамын. Бұрын құрамаға шетелден арнайы психолог әкелген. Бірнеше сеанс өткізді. Өзімді татамиде тани алатынымды, ұстай білетінімді айтты. Психологиялық түрде оңай сынбайтынымды да түсіндірді. Ұтылып қалсам, қайта ұмтылып, реванш жасағым  келеді. Бойымды тез жинаймын. Мейлінше ерте ұйықтаймын. 21:30-22:00 аралығында ұйқыға кетуге тырысамын. 07:00-08:00 аралығында тұрып, жаттығу жасаймын. Түскі асымды ішіп, жаттығуға дейін бір жарым сағат ұйықтаймын. Кешкі жаттығу жасап, массаж алып, созылу жаттығуын жасаймын. Одан кейін витамин қабылдап, ұйықтаймын. Демалыс күндері ғана басқа дүниемен айналысуға уақыт табамын. Күніне екі рет жаттығу белгіленсе, көбірек ұйықтап алуға тырысамын. Ұйқы  жылдам қалыпқа келуіме көмектеседі.  

– Қазір дзюдода қыздар көбейген сияқты. Әлде бұрынан мол ма еді?

– Иә, дзюдода қыздар бұрын да көп болған, қазір де жеткілікті. Тек медальға қол соза алмай жүрді. Менің жетістігімнен кейін ізімді басып, жетістікке жетіп жүрген қыздар бар. Өзім 2016 жылдан бері Галбадрахпен бірге жаттықтым. Токио Олимпиадасы тұсында серіктес ретінде бірге күрестім.1,5 ай қасында жүрдім. Бірақ ол Олимпиадада ұтылып қалды. Десе де, одан үйренгенім жетерлік. Өз білгенімен бөлісті, тәлім алдым. Күрес стилі бойынша қопал күресуді үйрендім. Күш жағына көңіл бөліп, әдісті соңына дейін жасауға бой үйреттім. Татамидегі шыдам мен мінезді сіңірдім. Бозкілемде төрт минут белдессек те, он минутқа дейін күресуге жігерлендірді. Қазір аса шыдамды емеспін, бірақ өз-өзімді қамшылаймын. Өткен кездесулерді  қайта-қайта көремін. Ұтылғанымды, ұтқанымды сараптап, әттеген-айымды анықтаймын, күнделікке түртіп аламын. Бір кездесуді бір емес, бірнеше рет көремін. Кішкентай детальды да көзден тыс қалдырғым келмейді. Келесі жарыста қолданбауды қадағалаймын. Бұлшықеттің есте сақтау қабілетін жетілдіруге күш саламын, денемді үйретемін. Өйткені Галбадрахтың дәрежесінен асып түскім келеді. Ол жеткен жетістіктің бір сыпырасын қайталағым келеді. Соның ішінде олимпиада медалі де бар.  Сонда  дзюдо тарихында қазақ қыздарының да Олимп шыңын бағындыра алатынына көз жеткізсем деймін. Осы сөзімді өзіме де дәлелдегім бар. Оның үстіне Олимпиаданы кезекті Grand Slam турниріндей бағалауға бекіндім. Сонда жүктің ауырлығы жеңілдейтін сыңайлы. Бастаған ісімді соңына дейін жеткізіп, Парижден  сүйінші сұрайтын күн тусын!

Төртжылдықты түйіндер тартыс

– Олимпиадалық рейтингтегі орныңызды білеміз. Ыңғайсыз қарсыласыңыз кім? 

– Олимпиадалық рейтингте төртінші орында тұрмын.  Басты қарсыласым  – жапон Сунода Нацуми. Аталған спортшы ыңғайсыз қарсылас, сан қырлы балуан. Бойы ұзындау, бұрын 52 келі салмақта күрескен. Олимпиада кезінде екеуміз екі топқа түссек, финалда кездессек деген үміттемін. Қалған қарсыласымды амалын тауып, айламды асыруға болады. Қазір француз мамандарымен жапон қызының күресін талқылап жүрміз. Осал тұсын табу үшін әрекет етеміз. Арнайы әдіс ойластырып, тәжірибе жүзінде іске асырған абзал. Жапон қызын әлеуметтік желіде бақылаймын, жаттығуын қараймын. Әлем чемпионатынан бұрынғы жарыста Нацумидан жартылай финалда ұтылдым. Ол күтпеген жерден басқа әдіс қолданды. Одан бұрынғы әдістеріне құлаған жоқпын. Екі ескертумен ұтып келе жатқанмын. Ол мені күтпеген әдіспен алдап кетті. Қысқа қайырғанда, бізден бір қадам алда келе жатқан дзюдошы. Жасы менен үлкен. Дегенмен дзюдода жас аса маңызды емес.  Шапшаң қимылдап, психологияға мығым болсаң жетіп жатыр. Әдісті тез ойлап, тез іске асыру қажет. Әйтпесе, көз ілеспес секундта шалынып қалуың бек мүмкін. Одан кейін италиялық Ассунта Скутто, француз Шырын Букли  бар. Аталғандарды жеңдім де, жеңілдім де. Былтыр әлем чемпионатында қола медаль үшін Скуттодан ұтылғанмын. Иығым жыртылып кетті. Буклиды да қапы қалдыруға болады. Жалпы, Олимпиада ойындарында 28 қыз сынға түседі. 28 қызға 28 тәсіл жасауың керек. 

– Әр спортшының «қаруы» болады. Сіздің қаруыңыз не? 

– Кейінгі үш жылдан бері асығым алшысынан түсіп жүр. Grand Slam сайыстарында жүлде алған сайын сенім ұялады. Жеңіске жеткен сайын сенім еселене береді. Әрбір жарысқа барып, медальға ілігу қиын. Бұл деңгейді ұстап тұру одан да қиын. Мені де қарсыластарым  зерттейді. Басты қаруым   – жылдамдық. Осы артықшылықты барынша пайдалануға тырысамын. 

Артымда өсіп келе жатқан қыздар маған қарап бой түзейді. Олар да жетістікке жетеріне сенемін. Бірден чемпион болмайсың. Мен де талай жарыста ұтылдым. Режим, дұрыс тамақтану мен жаттығуға көңіл бөлуің қажет. Сырттан келдің бе, мәселе сыртта қалу керек. Жаттығуды беріле жасап, сіңіруің қажет. Татами қатені кешірмейді. Ойың бөлінсе, сүрінесің. Осындайда құрамада Ғалия Тынбаева сияқты бәсекелесің болған жақсы. Бәсеке болған жерде өсесің. Ізіңнен біреу қуып келе жатқанын сезсең, екі есе алға ұмтыласың. Сәті түссе, бірнеше жыл қатарынан ел намысын қорғағым келеді. 

Кем-кетікті түзер кез келді

– Спорттағы қыздарға қолдау қандай деңгейде? 

– Басында спортта қыздарға қолдау аз еді. Қазір бірте-бірте кем-кетік түзеліп жатыр. Қыздар жетістікке жеткен сайын, демеп жатыр. Жақында жеке массажисті жаныма қосты. Дейтұрғанымен қалыпқа келу жағы ақсап тұр. Диетолог жоқ, витаминизация әлсіреп жатыр. Білесіз дзюдода ай сайын жарыс, тез қалыпқа келуің қажет. Өз басым үш жылдан бері Жапониядан витаминге тапсырыс беремін. Кез келген дәруменді қабылдауға жүрексінемін. Допинг дейтін тағы бар. Бұрынғыдай емес, витамин беру жағынан ілгерілеу бар. Бірақ төртжылдықтың басты бәсекесіне сай, жетерліктей емес. Одан бөлек, құрамада диетолог жоқ. Ташкенттегі дода алдында бір диетологтен консультация алдым. Салмақты дұрыс қуалау, дұрыс тамақтану мен шаршап қалмау жөнінде кеңес берді. Екі аптада екі рет сөйлесемін. Жарыс жақындағанда іздеймін. Оның үстіне өзім де «жартылай» диетологпын. Не жеу керек, не жемеу керек қадағалаймын. Өйткені бір салмақта күресіп жүргеніме он бес жыл толды. 

Тағы да айта кетерлігі, спорт медицинасы кенжелеп қалды. Иығым екі жерден еті жыртылды. Сонда 2023 жылы өткен әлем чемпионатында жақсы дәрігер болғанда үшінші орын алар ма едім? Иығымды дұрыс жансыздандырып, таңып бергенде жағдай өзгерер ме еді? Елімізде білікті спорт дәрігері, мықты маман тапшы. Медаль сұрау үшін кем кетікті түзеу керек. Шетелдегі спортшыны бақыласаң, дәрігері неше түрлі нәрсемен емдеп, лезде қатарға қосады. Тез қалпына келеді. Қазір иығым аса мазаламайды. Кейде ауыратынын жасырмаймын.  Иығымды үш айда емдедім. Сегіз ай болды татамиде күресіп жүрмін. 

– Татаминде достық бола ма?

– Татамидегі достыққа келсек, құрамадағы қыздармен жақсы қарым-қатынас­тамын. Ал жақын құрбым жол апатынан қайтыс болды. Азия ойындарындағы медалімді соған арнадым. Тағы да айта кетерлігі, әлеуметтік желідегі қауесет рас. Олимпиададан кейін ұзату тойымды жоспарлап отырмыз. Болашақ жарым мансабымды жалғастыруыма қарсы емес. Керісінше, «қолдаймын, өзің қалағанша күрес, қақпаймын» деп демеп жатыр. Өз басым бұдан кейінгі Олимпиадаға да қатысқым келеді. Сол тұста жасым 30-да болады екен. Екі олимпиадалық цикл арасында лайықты белдескім келеді. Мені қолдайтын барша жанкүйерге алғысым шексіз. Қолым қалт етсе, жылы лебіздеріңді оқимын. Қыздарына менің атымды қойып, спортқа береміз дегенде марқайып қаламын. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ