Өңірде әлі су тасқыны қаупі сейілген жоқ.
Құлсарыда 1 500-ден аса тұрғын өтемақы алу туралы келісімге қол қойды
1,273
оқылды

«AMANAT» партиясы Атырау облысы Құлсары қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуді жалғастыруда. Өңірде партия жанынан құрылған мобильдік топ су басқан үйлерді зерделеу және бағалау қорытындыларын шығарды.

Бүгінде Құлсары қаласындағы су басқан 2 583 үйді техникалық зерделеу және бағалау қорытындысы дайын болды. Оның ішінде үйі суға кеткен 1 594 адам өтемақы алу туралы келісімге қол қойса, 1 200-ге жуық тұрғынның жеке шоттарына өтемақы қаражаты аударылды. Оның ішінде 722 тұрғын баспана сатып алуға және 443 тұрғын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына төлем алды.

«Жалпы, мобильдік топтың құрамына «AMANAT» партиясы Жылыой аудандық филиалының қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары және бастауыш партия ұйымдарының өкілдері кірді. Олар бүгінгі күнге дейін 2 500 үйді зерделеп, бағалау жұмыстарын қорытындылады», – деді «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасы Абдолла Идресов.

Өңірде әлі су тасқыны қаупі сейілген жоқ. Өз кезегінде «AMANAT» депутаттары табиғи апатпен күрес жұмысы аясында ұзындығы 21,2 шақырымды құрайтын дамбаны тұрғызған болатын. Бөгет бас-аяғы 7 учаскені қамтиды.

Бөгет салу жұмысына «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев тікелей атсалысып, бүгінде аймақтағы ахуал тұрақты бақылауда екенін жеткізді.

«Сын сағатта «AMANAT» партиясы да игі істен шет қалмай, атыраулықтарға қолғабыс танытты. Партия депутаттары дамба салынған учаскелерді басқарып, керек-жарақпен қамтамасыз етуге көмектесті. 21,2 шақырым бөгет тұрғызу жұмысы аясында 120 техника жұмылдырылып, 700 мың текше метр топырақ төгілді. Жалпы, дамба салу жұмысында атыраулықтардың ауызбіршілігі мен ұйымшылдығы игі істі дер кезінде аяқтауға ықпал етті», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Айта кетейік, қарғын су салдарынан зардап шеккен үйлердің залалын бағалау және техникалық сараптама қорытындыларын түсіндіру бойынша аудан көлемінде жүйелі жұмыстар жалғасуда.