Президент «Экономиканы ырықтандыру шаралары жөніндегі» Жарлыққа қол қою арқылы мемлекеттің нарықтағы үлесін азайтуға нық қадам жасағанын көрсетті.
Аспанға әркімнің де бар таласы
1,724
оқылды

Мұның жарқын көрінісі Qazaq Air әуе компаниясының жекешелендірілуі болды. Жақында Қ.Тоқаев Қазақ–Сингапур бизнес-форумының жабылу салтанатында вьетнамдық SOVICO Group компаниясы Qazaq Air авиакомпаниясын сатып алатынын мәлімдеген еді. «Вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіруін құптаймын. Бұл Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынастарын жандандыруға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстанда азаматтық авиация са­ла­­сында проблемалар туралы биік мін­­­­берлерден жиі айтылып келеді. Мә­се­лен, осыған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі азаматтық авиция сала­­­сында бәсекелестік жеткі­ліксіз да­мыған деп мәлімдеген еді. Се­­бебі аза­маттық авиа­ция нарығында үш ком­пания ғана қызмет көрсетеді: AirAstana мен Fly Arystan, SCAT және Qazaq Air. AirAstana мен Fly Arystan акцио­нерлік қоғамы нарықтың 70 па­йыздан астам бөлігіне ие. Ал осыған дейін «Са­мұрық-Қазына» Ұлт­тық әл-ауқат қо­рына тие­сілі болған Qazaq Air әуе ком­пания­сының нарықтағы үлесі – 6 пайыз, сон­дай-ақ SCAT әуе компания­сының үлесі – 24 пайыз. Ве­­­домство әуе тасы­­малы нарығында мем­лекеттік авиа­ком­­паниялардың болуы нарық субъекті­лері арасындағы бәсеке­лестіктің төмен­­деуі­не әсер ететінін атап өткен болатын. 

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері «Айқын» газетінің рес­ми сұрауына жауап бере отырып, Qazaq Air әуе компаниясын сатып алуға ниет білдірген вьетнамдық инвестормен ара­дағы келісім алдын ала жасалған мәміле екенін ескертті.

«Әлі транзакциялық құжаттаманың түпкілікті қорытындысы жоқ. Осыған байланысты, мерзімінен бұрын мәміле шарттарына түсініктеме берілмейді. Ке­лісім талаптарына сәйкес, екі тарапқа да құпиялылық бойынша міндеттемелер жүк­теледі. Мәміле аяқталғаннан кейін Вьетнам тарапымен ағымдағы келісім­дерге сәйкес баспасөз өкілдеріне арнайы ақпарат беріледі. Qazaq Air акциялар пакетін иеліктен шығару туралы түпкілікті шешімді Үкімет «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» ҚР заңында көзделген қордың жал­ғыз акционерінің айрықша құзыретіне сәйкес белгіленген тәртіппен қабыл­дауға тиіс екенін атап өту маңызды. Қор мен Aviation Holdings Company (Sovico Group құрамына кіреді) арасындағы қағидаттар туралы қол қойылған келісім барлық қа­жетті корпоративтік мақ­­ұл­­­дау­­лар қа­был­данған жағдайда Qazaq Air әуе ком­па­ниясын сатып алуды көз­дей­ді», – де­лінген құжатта. 

Qazaq Air лоукостері Air Astana әуе компаниясымен бәсекелестік орнатуы тиіс болатын. Дегенмен тәуелсіз сарап­шылардың пікірінше, бұл біз күт­кендей нәтиже берген жоқ. Себебі компанияның шығыны көп, сонымен қатар қазір қа­рызы да жетерлік. 

«Бұған дейін екі рет жекешелендіруге байқау жарияланғаны белгілі. Бірақ же­кешелендіру ісін Президенттің өзі қолға алмайынша, идея толық жүзеге ас­қан жоқ. Компанияны жеке инвесторға беру туралы мәміле, расымен де, тиімді. Себебі ин­весторлар Qazaq Air компа­­ниясына 1 млрд долларға жаңа 737 MAX 8 Boеing ұшағын және Fly Arystan лоу­костерінің ұшақтары секілді А320/321 аэро­бустарын алуға міндетті. Бұл өте жақ­сы инвестиция дер едім. Одан бөлек, әуе компаниясының «Самұрық-Қазына» мемлекеттік холдингі алдындағы қары­зын да өтейтін болады. Бұған дейін сатып алу­ға ниетті инвес­торларды дәл осы пункт тоқтатқан бола­тын», – дейді TheTenge іскерлік медиа порталының негізін қалау­шы Андрей Чеботарев. 

Сарапшының бұл сөзін «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері де растады. Мекеменің ресми жауабына сәйкес, инвестор Qazaq Air әуе компаниясының Қор алдындағы 38,4 млрд теңге көле­міндегі борышын толық өтеу міндетте­месін қабылдаған.

«Сонымен қатар инвесторларға авиа­компанияның қор алдындағы қарызын өтеуді қамтамасыз ету ретінде корпора­тивтік кепілдік беріледі. Инвестор қарас­тырып отырған Qazaq Air әуе компания­сының даму стратегиясына сәйкес, Qazaq Air паркін Boeing 737 MAX-8 және Airbus A320/321 типті реактивті ұшақтармен кеңейту жоспарлануда. Бұл азаматтық авиация нарығын одан әрі дамытуға, сонымен қатар бәсекелестікті арттыруға, Қазақстан Республикасынан және Қазақ­стан Республикасына халықаралық тұ­рақты рейстерді қарқындатуға, жұмыс орындарын құруға оң әсер етеді», – де­лінген хабарламада.

Тікелей сатып алушы Aviation Holding Company – SOVICO Group компания­сының еншілес ұйымы. Мемлекет бас­шысы Сингапурға сапары барысында SOVICO Group компаниясының бас­қарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездескен болатын. Компания басшысы Қазақ­стандағы бірнеше әуежайды бас­­қаруға алу, сондай-ақ логистикалық қой­ма­­ларға инвестиция құю ісіне қызығу­­шылық та­нытатынын жеткізген еді. Соңғы жыл­дары SOVICO компа­ниялар тобының құрамына кіретін Vietjet Air авиа­ком­паниясы еліміз арқылы жүк және жолау­шылар тасы­мал­дайтын әуе рейсте­­рінің санын бір­тіндеп көбейтіп келеді. 

Көлік министрі Марат Қарабаев мә­жіліс кулуарында Qazaq Air авиаком­паниясының жекешелендірілуіне қа­тысты пікір білдіре келе, аталмыш инвес­торға Қазақстан әуежайын борттарды орна­ластыру үшін сенімгерлік басқаруға беру мәселесін талқыланып жатқанын мәлім­деген еді. Бірақ инвестор оған қо­сымша инвестициялар салуы қажет. 

Әуежай Қазақстанға жүктерді жеткізу орталығы ретінде қарастырылмақ. Соны­мен қатар басқа елдерден жеткізілген жүктерді әрі қарай шет мемлекеттерге та­сымалдау мәселесі талқылануда. Ве­домство басшысы Qazaq Air әуеком­паниясының атауын өзгерту немесе оның атауын қалдыру инвесторға байланысты екенін, бірақ қалай болғанда да авиа­компания халықаралық тасымал­дарды жүзеге асыра бастайтынын жеткізді.

«Ең бастысы, енді борттардың жеткі­лікті саны болған кезде қолже­тімділік қамтамасыз етіледі, ал бәсекелестік өсіп ке­ле жатқандықтан, бұл авиабилеттердің құнына оң әсер етеді», – деп атап өтті Қарабаев.

«Самұрық-Қазына» алғаш рет 2023 жылдың тамызында Qazaq Air әуе ком­паниясын сатуға қатысты байқаудың басталғанын жариялады. Сатып алуға мүдделі тұлғалардың бар екені туралы айтылғанымен, өтінімдерді қабылдаудың аяқталу күні бірнеше рет ұзартылды. Нә­тижесінде, қараша айында талаптарды қанағаттандыратын өтінімдердің бол­мауына байланысты байқау өткізілмеді деп танылды. 2024 жылдың қаңтарында авиа­компанияны сату конкурсы өтінім­дердің болмауына байланысты екінші рет тоқ­татылды.

Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылы құрылған Qazaq Air Қазақстан өңірлері халқының іскерлік белсенділігін арттыру мақсатында төмен қарқынды әлеуметтік маңызы бар әуемаршруттарды дамыту үшін арнайы жарақтандырылған болатын. Әуе тасымалдаушының сайтында жария­ланған 2022 жылғы соңғы қаржылық есеп­ке сәйкес, компания шығын 6,6 млрд тең­­гені құрайды, бұл 2021 жылмен са­лыс­тырғанда 2,1%-ға көп.

Кәмила ЕРКІН