«AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының жұмысы аясында және «Әйел аманаты» екікүндік семинары өтіп, оның барысында отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету, сондай-ақ отбасы институтын нығайту мәселелері талқыланды.
«Әйел аманаты»: «Еліміздегі әрбір бала өзін қауіпсіз және сүйікті екенін сезінуі керек»
997
оқылды

 

«AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының жұмысы аясында және «Әйел аманаты» екікүндік семинары өтіп, оның барысында отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету, сондай-ақ отбасы институтын нығайту мәселелері талқыланды.

Семинарға ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, қоғамдық қайраткерлері, Әйелдер қанатының өкілдері, аймақтық және аумақтық партия филиалдарының қызметкерлері қатысады.

- Статистикаға сүйенсек, партия мүшелерінің 65%-дан астамы – әйелдер, бастауыш партия ұйымдары басшыларының 52%-ы да – нәзік жан иелері. Бұл цифрлар сіздердің қоғам дамуындағы маңызды рөліңізді және партиямыздың саясатын ілгерілетуге белсенділігіңіздің маңызын көрсетеді. Екі күн жалғасатын семинар барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасын қатаңдатуға және бала асырап алу жағдайларын жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамаларды қарастырамыз. Мұндай шаралар балаларымыз үшін қауіпсіз орта құруға бағытталған. Отбасы мүшелерінің өзара байланысын нығайтудың және ата-ананың бала өміріне белсене араласуының маңыздылығын талқылаймыз,- деді партия хатшысы Шолпан Каринова.

Семинар барысында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңындағы өзгерістер туралы баян етті.

- Қазіргі заң жобасында зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар қарастырылған. Жаңа заңда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 3 жылдан 8 жылға дейін, денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру 2 жыл­ға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды. Бұған қоса, балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма, мәселен, педофилия үшін, кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды. Азаптауға байланысты айтар болсақ, жаңа заң жобасында азаптау қоғамдық жұмыстар 600 сағатқа де­йін не 3 жылға дейін бас бостанды­­ғынан айыру жазасы қарастырылды. Сонымен қатар азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, уәкілетті органдар зорлық-зомбылық фактілері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы немесе әлеуметтік желілердегі хабарламалар негізінде шара қолдану мүмкіндігі қарастырылатын норма көзделген. Қылмыстық құқық­бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша не қылмыстық процесс тараптарының өтініші бойын­ша үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге, жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптар белгіленуі қарастырылады,- деді Жұлдыз Сүлейменова.

Спикерлеріміздің қатарында тұңғыш әйел-генерал Сәуле Мұханбедианқызы, депутат Мұрат Әбенов, кәсіпкер және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назым Жанғазинова, журналист Перизат Мырзахмет және басқа да қоғам қайраткерлері қатысты.  

«Семинарға жиналған әрбіріміз ортақ мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда маңызды рөл атқара аламыз. Жергілікті жерлердегі әрекеттеріңіз бен шешімдеріңіз ахуалды өзгерте алады. Еліміздегі әрбір бала өзін қауіпсіз және сүйікті екенін сезінуі үшін бірге жұмыс істейік», - деді Перизат Мырзахмет.

Жалпы, семинар барысында қатысушылар отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың проблемасы және балалардың қауіпсіздігі туралы хабар алып, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға бағытталған заңнамасы туралы білімдерін жетілдіріп, балалардың қауіпсіздігі мен бос уақытын, әсіресе жазғы демалыс кезінде қамтамасыз етудегі көзқарасы қалыптасты.