Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 55,7 пайызын әйелдер құрайды. Олардың басшы лауазымдар арасындағы үлес салмағы – 39,4 пайыз. Осыған орай кеше Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бастамасымен «Заманауи мемлекеттік қызмет: тең жағдайлар мен мүмкіндіктер» тақырыбында пікір алмасу алаңы өтті.
Заманауи мемлекеттік қызмет: тең жағдайлар мен мүмкіндіктер
1,207
оқылды

Шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы, Конституциялық Соттың Тө­раға­сы Эльвира Әзімова, Парла­мент Сенатының депутаты Ләз­зат Қалтаева, БҰҰДБ-ның Қазақ­­­стандағы тұрақты өкілі Ка­­тар­жина Вавьерниа, МҚІА жа­нындағы Қоғамдық кеңестің тө­рағасы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның мүшесі Бибігүл Ағыбаева, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Са­ғындықова, Экономикалық зерт­теулер институты (ERI) басқарма төрағасының орынбасары Әділ Құсманов, орталық және жергі­лікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде мемлекеттік қызметтегі тең жағдайлар мен мүм­кіндіктерді қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, ген­дерлік теңдік, таланттар бәсе­ке­лестігі жағдайындағы жас­­тардың ман­саптық ілгерілеуі, ин­клюзивті қо­ғамды дамыту бойынша құ­қықтық негіздерді одан әрі қалып­тастыруға бағыт­талған ұсыныстар айтылды.

Қатысушылар Ата За­ңы­мызда еліміздің азаматтарының мемле­кеттік қызметке кірудегі тең құ­қы­ғы көзделгенін, соған сай мем­ле­кеттік қызметші лауа­зы­мына кан­­­дидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндет­тердің сипа­тына ғана бай­ла­нысты екенін атап өтті. Со­нымен қатар «Қазақстан Рес­­­пуб­ли­касының Мемлекеттік қызмет ту­ралы» қол­­даныстағы заңында аза­маттардың мемле­кеттік қыз­метке қол жеткізуге тең құқығы мемле­кеттік қыз­меттің негізгі қағида­тының бірі ретінде ай­қындалған.

Пікір алаңында мемлекеттік қызметтің ағымдағы жағдайына қатысты деректер айтылып, Әдеп нормаларын сақтауды қам­та­масыз етудегі әйелдердің рөлі атап өтілді. Қазір Әдеп жөніндегі уәкілдердің 38% әйелдер. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі әйелдер әдептілік стан­­дарттарын сақтай отырып, жауапкершілік пен құзіреттіліктің жоғары деңгейін көрсетіп отыр.

Қашықтық форматында және икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу белсенді қолда­ны­луда. Бұл әсіресе жас бала­ларды тәр­биелеп отырған ана­ларға өз кәсіби міндеттерін жеке өмірімен тиімді үйлестіруге мүмкіндік беріп отыр. Осы форматтағы жұ­мыс кестесін қолданушы 3 024 мемлекеттік қыз­метшінің 63 пайызын әйелдер құрайды.

Мемлекеттік қызметте ин­клю­зивті мәселелеріне де ерекше на­зар аударылуда. Бүгінгі күні мүм­кіндігі шектеулі мемлекеттік қыз­­­­метшілердің саны 847 адамды құрап отыр. Оның 30 пайызға жуығы басшылық лауазымда қыз­мет атқарады. Олар ел игілігі жо­лында тиімді еңбек етіп келеді.

Мемлекеттік қызметке тең қол жеткізуді жүзеге асырудағы пәр­менді құралдардың бірі – ірік­теудің жаңа жүйесі. Қазір ол 22 мем­ле­­­кеттік органда іске қо­сыл­­ды. Іріктеудің жаңа автомат­­тандырылған жүйесі әрбір аза­матқа конкурстың барлық ке­­­­­­­зеңі­­не онлайн қатысуға мүм­кін­дік беріп, адами фак­торларды азайтады. Анонимділікті қамта­масыз ету үшін, сондай-ақ мүд­делер қақтығысын болдырмау үшін үміткерлерге ID-нөмерлер беріледі.

Жастар үшін Президенттік жас­тар кадр резерві және оқу орын­дарын жоғары көрсеткішпен аяқтаған түлектерді аудандық жә­не ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындау мүмкіндігі оңтайлы әлеуметтік лифт болып отыр. Сон­дай-ақ олар үшін аймақтағы жас басшылар пулын қалып­тастыруға бағытталған өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүр­гізілуде.

Шара соңында қатысушылар мемлекеттік қызметте инклю­зивтілікті нығайту бойынша одан әрі шараларды қабылдау, сондай-ақ осы бағыттағы халықаралық тәжірибе мен жетістіктерді қолда­нуды қарастыру мәселелерін атап өтті.

Анарыс АҚЫЛМАН