Бағдат Мусин «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Экс-министр Бағдат Мусин жаңа қызметке тағайындалды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
981
оқылды

«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұрынғы басшысы Бағдат Мусин «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Компанияның бұрынғы басшысы Қуанышбек Есекеев Мемлекет басшысының кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

«Бағдат Мусинге қордың ең маңызды активтерінің бірін басқаруда үлкен табыс тілеймін. Сондай-ақ, Қуанышбек Есекеевке еліміздің ең ірі телекоммуникациялық компаниясын 14 жылдан астам табысты басқарғаны үшін алғыс білдіремін. Қордың негізгі компанияларының бірі – «Қазақтелеком» АҚ-ның дамуына бірінші басшысы ретінде қосқан үлесіңіз шексіз», – деп атап өтті қордың Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Бағдат Мусин 2004 жылы Сүлеймен Демирел атындағы университетте «Есептеу техникасын бағдарламалық және техникалық қамтамасыз ету» мамандығын алып шыққан.

2006 жылы Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын заңгер мамандығы бойынша тәмамдайды. 

Еңбек жолын 2004 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі бас инженер болып бастады.

2007 жылдан 2020 жылға дейін ҚР Әділет министрлігінде, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінде, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында түрлі мемлекеттік қызметтерді атқарды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы цифрландыру және инновациялық технологиялар бойынша кеңесшісі болды. Басқа да мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқарды.

Соңғы бірнеше жылда – 2020 жылдан 2024 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарды.

Сонымен қатар жеке компанияларда, оның ішінде корпоративтік венчурлық қорлардың басшысы болды.

2014-2016 жылдар аралығында Бағдат Мусин «Қазпошта» компаниясын басқарды.

Еске сала кетейік, бір ай бұрын Бағдат Мусин Мемлекет басшысының Жарлығымен лауазымынан босатылған еді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.