Бүгінге дейін 1 931 тұрғынның жеке шотына ақша аударылды.
Құлсарыда 2 500-ден астам тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алды
605
оқылды

Құлсарыда 2 500-ден астам тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алу туралы келісімге қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Атырау облыстық ТЖ жөніндегі жедел штабтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бүгінге дейін 1 931 тұрғынның жеке шотына ақша аударылды. Оның ішінде 996 адам тұрғын үй сатып алу үшін, 935 адам үйіне жөндеу жүргізу үшін қаражат алды. 

Өтемақы алғандардың бірі – Құлсары қаласы Атырау шағынауданының тұрғыны Ескендір Ізмағанбетов.  

– Біз Атырау шағынауданында бір жыл тұрдық. Тасқын кезінде үйіміз су астында қалды. Баспанамыз жаңадан салынғандықтан, сынақты көтеру оңай болмады. Әкімдік үйімді жөндеуге жұмсалатын шығынды өтеу үшін ақшалай өтемақы бөлді. Ұсынылған сомаға көңіл толғандықтан, келісімшарт жасастық. Үш күннен кейін өтемақы шотыма түсті. Үйді жөндеуге кірісіп кеттік, – деді Е.Ізмағанбетов.

Құлсарыда тасқын судан зардап шеккендерге арналған 100 үйдің құрылысы жалғасып жатыр. 5 бөлмелі әр үйдің ауданы – 100 шаршы метр. Мұнда асүй, екі жатын бөлме, қонақ бөлме және жуынатын бөлме бар. Үйлерді жергілікті құрылыс компаниялары салып жатыр.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.