42 жастағы жұмысшы термиялық күйік алған.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытында оқыс оқиға болды
Фото: visitaktobe.kz
392
оқылды

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 5 жұмысшысын күйік шалды. Олар көпсалалы облыстық аурухананың травматология бөліміне жеткізілді. Бұл туралы Kazinform жазды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оқиға бүгін сағат шамамен 16:02-де тіркелді. 103 байланыс нөміріне Ақтөбе ферроқорытпа зауытының медицина қызметкерлерінен шақыру түсті. Онда бірден екі бригада барды. Сонымен бірге облыстық ТЖД және Апаттар медицинасы орталығына хабар берілді. 

«Бүгін сағат 16:10–да жедел жәрдем бригадасы көмек көрсетті. 42 жастағы жұмысшы термиялық күйік алған. Оның беті мен қолында күйік бар. Оған ауырсынуды басатын дәрі берілді. Кейін облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Сонымен бірге тағы 4 жұмысшыда күйік бар. Олардың зауыттың медицина қызметкерлері ауруханаға жеткізді. Барлық науқастар тексерілді. Жұмысшылардың күйік деңгейі 5%-13% құрайды. Жағдайы орташа ауыр», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген науқас емдеу орнына жатудан бас тартты. Оған тұрғылықты жері бойынша қаралып, ем қабылдауға кеңес берілді. 

«Ақтөбе ферроқорытпа зауытында кокс шаңын түсіру кезінде қалпына келтіргіштің (редуктор) шаңы қысқа мерзімге тұтанды. Салдарынан 5 қызметкер, оның ішінде мердігер ұйымдардың екі қызметкерін 5-тен 13 пайызға дейін күйік шалды. Зардап шеккендер облыстық ауруханаға жеткізілді. Ал төртеуі ауруханаға жатқызылды. Оқыс оқиға туралы мемлекеттік органдарға хабарланып, мән-жайы анықталып жатыр. Компания қызметкерге барлық қажетті көмекті көрсетеді», - деп хабарлады АФЗ-ның баспасөз қызметі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.