Қызылорданың ми қай­натар аптапты ыстығы ерте көктемнен сезіле бастайды. Мамыр айынан бастап қала халқы талдардың саясын паналап, суға шомылу нау­қанын асыға күтеді. Бірақ жағажайда жан бағуды көк­сеп жүрген қара халықтың бұл арманы әзірге орындалар емес.
Жағажай жыры бітер ме?
983
оқылды

Жыл сайын жағажайға қа­тысты мәселе көтеріліп жүр. Бұ­ған дейін қала әкімі қызметін атқарған Ғанибек Қазантаевтың тұсында тегін жағажай ашу бас­тамасы қолға алынғанын ел ұмыт­қан жоқ. Сол кезде бұл көп­шілік тарапынан қызу қолдау да тапқан болатын. Алайда ескі әкім­нің бастамасы құрғақ уәде күйінде қалып, оны түпкілікті жүзеге асыру кезекті әкім Асылбек Шәменовке жүктелгендей болды. Бірақ тегін әрі қауіпсіз жағажай ашуға кезекті әкімнің де шамасы келмеді. Осыдан кейін «Бұл жоба қолдан қолға өте бере ме?» деген күмәнді ой көптің санасын тұм­шалады. 

Бүгінде халықтың көкейінде коммуналды жағажай ашу жұмы­сын жыл басында ғана қызметіне кіріскен Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов жандан­дырса деген үміт ұшқыны пайда болды. Бірақ шомылу науқаны жақындаған сайын жобаны жүзеге асыру жайы сөз болмай тұр. 

Негізінен, Қызылорда жаға­жайсыз қала емес. Қазір өңірде екі жағажай жұмыс істейді. Нақты айтқанда, қала орталығындағы «Сыр самалы» қалалық жағажайы мен Белкөл кентіндегі кәсіпкердің ықпалымен ашылған ақылы жаға­жай жамағаттың жаз мезгілінде демалатын орны саналады. Бұдан өзге түрлі жағдайдағы 12 демалыс орны жұмыс істейді екен. Бірақ мұның қай-қайсысы да ақылы не­гізде қызмет көрсететін болған­дықтан, көпшіліктің қалтасына қолайлы емес. Сондықтан халық тегін жағажай қызметін күтумен күндерін өткізіп келеді. 

«Коммуналды жағажайдың жырға айналғанына да 3-4 жылдан асты. Әрбір шомылу науқанында тегін жағажайды күтетін халық­тың үміті күннен күнге өшіп бара­ды. Ал ақылы негіздегі демалыс орындарына баруға қара халық­тың қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Шынын айтқанда, қала аумағындағы екі жағажайдың өзі халықтың қажеттілігін толықтай өтеп тұр деп айтуға да келмейтін шығар. Себебі халық арасында қос бірдей шомылу орнына қа­тысты сирек те болса сын айты­лып қалады. Сондықтан да ел игілігі үшін жайлы да, тегін жаға­жай жұмысын жолға қойса екен дейміз. Ақылы негіздегі демалыс орындарына бәрінің қалтасы кө­тере бермейтінін ескерген жөн», – деп ойын білдірді қала тұрғыны Бекзат Қайратов. 

Негізінен, Қызылорда қала­сынан тегін, әрі қауіпсіз жағажай ашу бастамасы 2021 жылы қолға алынған болатын. Сол уақытта жазғы демалыс орны Эдельвейс саяжайы аумағында болады деп жоспарланды. Тіпті, арнайы орында белгіленген еді. Бірақ сол жылы жол салушылар  аталмыш аумақтың су беретін арнасын кө­міп тастап, су айналымы болмай, жағажай ашуға жарамсыз деп танылғаны айтылды. Бертін келе бұл аумаққа шлюз қойылып, бе­кітілген каналдар қайта ашыл­ғаны жария болды. Соның негі­зін­де көп ұзамай халықты тегін шомылу орнын ашу жұмысы қайта жанданатынына сендірді. Алайда жоба тағы да құрғақ уәде күйінде қалып қойды. 

«Облыс орталығынан жайлы коммуналдық жағажай ашу қа­жет­тігі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе, қымбатшылық қыспаққа алған қазіргі қоғамда тегін демалыс орнына деген сұра­ныс жоғары. Халықтың бәріне бірдей ақылы жағажайда демалу қолжетімді емес. Осыдан 3-4 жыл бұрын тегін жағажай ашу баста­ма­сы көпшілікті қуанышқа бөле­ген болатын. Бірақ түрлі себеппен кейінге шегеріліп, сиыр­құйым­шақтанып кетті. Содан бермен қарай бұл мәселені шешуге ниет білдірген бірнеше әкім қызметін ауыстырып та үлгерді. Елдің ендігі үміті қаланың бүгінгі әкімінде болып тұр. Жаңа әкім жаңашыл талабын қоя отырып, жағажай ашу ісін жедел жүзеге асырады деген үміт бар», – деп ойын жеткізді тағы бір қала тұрғыны Сапарбек Ерімбет. 

Халықтың пікіріне сәйкес, жағажай ашу жұмысы әлі жанда­нады деген сенім зор. Яғни, жаңа әкім жалпыға бірдей жағажай жұмысын жүзеге асырады деп үмітпен қарайды. 

Осы орайда елдің талап-тіле­гін ортаға салып, Қызылорда қа­ла­сы әкімдігінен жағажай жұмы­сының бүгінгі жай-күйін сұрап көрдік. 

«Бұған дейін қала аумағында суға түсуге қолайлы жерлер зер­деленіп, «Эдельвейс» саяжайы­ның тұсында орналасқан ШЖҚ «Су жүйесі» МКК-на тиесілі учаскеде жазғы демалыс орнының жұмысын үйлестіру көзделген. Нақ­ты айтқанда, саяжайда орна­ласқан көлшіктен жағажай ашу мақсатында кәсіпкер «Sanline ВОЛС» ЖШС-ның директоры Қолқанат Ертарғын Нұрланұлы (қосалқы жалға алушы) мен «Қызылорда Су жүйесі» (жалға беруші, 21.08.2023 ж №04-2501) мекемесімен келісімшарт жаса­лынды. Қазір кәсіпкер тарапынан қажетті жабдықтар, әртүрлі құрал алынып, алдағы 10-15 күн уақыт кө­лемінде коммунал­дық жағажай­ды ашу жоспар­лануда. Коммунал­дық жа­ға­­жай­дың ашылуы бойынша жұ­мыс б­арысы қала әкімдігінің бақылауында», – деп мәлімдеді бұл жайында Қы­зылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Қалай дегенде де аптапты ыс­тықта жанға сая іздеген жергілікті жұртшылық тегін жағажайдың ашылуын тағатсыздана күтіп жүр. Ал қала әкімдігінің уәжіне сүйен­сек, халық коммуналды жаға­жай­дың игілігін жақын арада көре­тініне сендіріп отыр. Әйтеуір уәде сөз күйінде қалмай, елдің үміті ақ­талса игі. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы