Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласын маңында орналасқан бірнеше ауыл қарайды. Қалаға қарасты елді мекендердің іргесі кеңіп, қана­ты жайылып, тұрғындар саны алға жылжыған жылдармен бірге артып келеді.
Тұрғындар өз таңдауын жасады
464
оқылды

Соғын сай халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрмысын түзету, тірлікке қолайлы орта қалыптастыруға қатысты шаруалар қатары да артып, атқарушы биліктің мойнындағы жауапкершілік жүгі де салмақтана түскен.

Қазіргі кезде елімізде қолға алынып жатқан, жергілікті жұрттың өздерін басқаратын биліктің тұтқасын ұстайтын жанды өз еріктерімен таңдауы да сол салмақты атқара алатындарға жүктеуге қатысты екені сөзсіз. Осы орайда Талдықорған қаласына қарасты Өтенай және Еркін ауылдарында тұрғындар өз таңдауларын жасап, әкімдерін сайлағанын айта кеткен жөн. 

Осыдан біраз бұрын Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, Талдықорған қаласы бойынша Еркін және Өтенай ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтті.

Талдықорған қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділет Рымтаевтың айтуынша, жауапты сайлауға дайындық жұмыстары тұрақты назарда болып, тыңғылықты жүргізілген. Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің төрағалығымен жиналыс өткізіліп, сайлауға байланысты іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілген. Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары белгіленген мерзімде, заң талаптарына сай жүзеге асырылып, тыныштық күнінен соңғы сайлау күні екі елді мекеннің халқы өз таңдауларын жасапты. 

Әкімдіктен үміткерлерді ұсыну кезеңінде 9 азаматтың кандидатурасы ұсынылса, оның 6-ы өзін-өзі, 1-і «АMANAT» партиясынан, 2-і Қазақстан халық партиясынан ұсынылады. Осы 9 адамның алтауы үміткер ретінде тіркелсе, олардың үшеуі партиядан (1-і – «АMANAT» партиясынан, 2-і – Қазақстан халық партиясынан), 3-і – өзін-өзі ұсынған кандидаттар. 

Ауылдық округтер бойынша айтар болсақ, Еркін ауылдық округі бойынша 3 кандидат тіркелген. Олар: Амир Қалиев (Қазақстан халық партиясы), Даурен Торайғыров (өзін-өзі ұсынушы), Қанат Рыспеков («АMANAT» партиясы). 

Өтенай ауылдық округі бойынша 3 кандидат: Айдын Досымбекұлы (өзін-өзі ұсынушы), Руслан Малтаев (өзін-өзі ұсынушы), Маулен Туребаев (Қазақстан халық партиясы). 

Еркін ауылдық округі бойынша сайлаушылардың саны – 12 197 адам болса, Өтенай ауылдық округі бойынша сайлаушылардың саны – 12 015 адам.

Талдықорған қаласы бойынша жалпы 64 сайлау учаскесі болса, сайлау күні, осылардың 11 сайлау учаскесінде сайлау өткізілді. 

Еркін ауылдық округі бойынша 5 сайлау учаскесі: №11 орта мектеп ғимаратында 2 участок, №26 орта мектеп ғимаратында 3 участок орналасқан. 

Өтенай ауылдық округі бойынша 6 сайлау учаскесі: Өтенай ауылында №21 орта мектеп, Кешкі мектеп, Мәдениет үйі ғимаратында, Еңбек ауылында №22 орта мектеп, Мойнақ ауылында №23 орта мектеп, Ынтымақ ауылында №30 орта мектеп (жаңадан ашылған участок) ғимараттарында орналасқан.

Учаскелік сайлау комиссияларының құрамы толық жасақталып, жалпы 93 адам күнтізбелік жоспарға сәйкес жұмыс атқарды.

Сайлау комиссияларының төрағалары, хатшылары және мүшелерінің қатысуымен 5 рет кездесу, семинарлар өткізілді. Жетісу облыстық сайлау комиссия­сының төрағасы Тимур Даутовтың төрағалығымен өткен семинарда сайлау өткізу заңнамалары түсіндірілді. Сайлау жөнінде тұрғындар арасында кеңінен насихаттау мақсатында қала аумағына (3х6 м) көлемдегі 4 билборд, 17 арнайы орындарға афишалар орналастырылды. «Жетісу» телеарнасынан арнайы хабарлама берілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында, мүгедектер қоғамдық бірлестігі өкілдерімен бірлесіп, бейнеролик түсірілді. 

Сайлау күні учаскелердегі сайлау барысын 6 кандидаттың 41 сенімді өкілі, «Дауыс» қоғамдық байқаушылары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облысы бойынша филиалынан 11 байқаушы, «Жетісу облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінен 10 байқаушы, «Жетісу тәуелсіз байқаушылары» қоғамдық бір­лестігінен 10 байқаушы бақылады. 

Талдықорған қалалық аумақтық сайлау комиссиясының сайлау қорытындысы бойынша хаттамасына сәйкес, Еркін ауылдық округінің әкімі болып Қанат Рыспеков, Өтенай ауылдық округінің әкімі болып Руслан Малтаев сайланды. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы