Америкалықтар айына 15 500 доллар жалақы алса өздерін қаржылық жағынан қауіпсіз әрі жайлы сезінетінін айтқан. Бұны дүйсенбіде (1 шілде) жарияланған Bankrate жүргізген сауалнамасының нәтижесі көрсеткен.
Қаржылық жағынан жайлы сезіну үшін айына 15 500 доллар жалақы керек
Әрбір бесінші америкалық ешқашан көп ақша таба алмаймын деп ойлайды екен. Фото profhobby.ru сайтынан алынды
1,418
оқылды

Табысы жоғары саналатын әлемдегі көшбасшы елдің азаматтарының қаржылық сұранысының өскеніне Quartz сайты арнайы мақала арнады. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz жайлы өмір сүруге дағдыланған америкалықтардың жоғары табысқа ұмтылысының себебін талдайды.

Табыс көп болса, өмір әрқашан жақсы болып көрінеді. Инфляцияның әсерін бай адамдар ғана сезбейді. Фото migratehub.net сайтынан алынды

Bankrate жүргізген сауалнамада көрсетілген америкалықтардың 15 500 доллар табу тілегі 2022 жылы америкалық орташа жұмысшының жыл бойы тапқан табысынан екі есе көп екенін де айту керек. Былтыр респонденттер өздерін қаржылық тұрғыда жайлы сезіну үшін 233 000 доллар қажет екенін айтса, биыл америкалықтардың ынтасы 20%-ға төмендегенін көреміз.

«Егер бізде қосымша ақша болса, өмір әрқашан жақсы болып көрінеді. Бұл америкалықтарға қажет және тауарлардың бағасы қымбаттап жатқанда дұрыс болар еді. Пандемиядан кейін адамдар өздерін жайлы сезіну үшін табысының өсуін қалайды. Ал инфляцияның әсерін бай адамдар ғана сезбейді», – дейді Bankrate сарапшысы Сара Фостер.

АҚШ-тағы инфляцияның ағымдағы деңгейі 3,3% құрайды, бұл екі жыл бұрын болған жоғарғы көрсеткіштен айтарлықтай баяу. Бірақ азық-түліктен бастап баспанаға дейін бағалар қымбаттаған кезде көпшілік әлі де жоғары бағадан қорқады. АҚШ-тағы бағалар 2020 жылдың ақпан айынан бастап, COVID-19 пандемиясының басталуынан бері 20%-дан астамға өскен. Инфляцияның бұл деңгейі америкалықтарға төрт жыл бұрын 1000 доллар тұратын тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін шамамен 1200 доллар қажет болатынын білдіреді. 

АҚШ-тағы инфляция қазіргі деңгейі 3,3%, бірақ америкалықтар бағалардың өсуінен қорқады. Фото youtrading.com сайтынан алынды

Инфляция мен экономиканың тұрақсыздығы Z ұрпағы үшін негізгі стресс факторына айналған, олардың көпшілігі пандемия кезінде немесе одан кейін еңбек нарығына шықты. Барлық ұрпақтардың ішінде олар өздерін қаржылық қауіпсіз сезіну үшін орта есеппен ең жоғары табыс қажет деп ойлайды. 

Жайлылық шегін жоғары бағалаған америкалықтар өздерін бай немесе толығымен қаржылық еркін сезіну үшін орта есеппен айына 43 330 доллар табыс қажеттігін айтады. Айлық табысы 42 000 доллардан асатын америкалық отбасылар тұрғындардың 1%-ын ғана құрайтын байлардың қатарына жатады.

Bankrate сауалнамасына қатысқандардың арасында өзін қаржылық қауіпсіз сезіну үшін қанша ақша табу керектігі туралы сұрақтар болған. Респонденттердің тек 6%-ы жеткілікті табыс тапқанын айтса, 37%-ы қазіргі жалақысы ешқашан өспейді деп ойлайды. Ал сауалнамаға қатысқандардың 33% өздерін жайлы сезіну үшін жеткілікті жоғары табыс табуы екіталай екенін мойындаса, әрбір бесінші адам ешқашан соншалықты көп ақша таба алмаймын деп ойлайды екен.

Жас ұрпақ болса қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін табыс болашағына оптимистік көзқараспен қарайды, ал аға ұрпақ пессимистік көзқараста.

Инфляция мен экономиканың тұрақсыздығы Z ұрпағы үшін негізгі стресс факторына айналды. Фото rtvi.com сайтынан алынды

Қазақстанда орташа жалақы 382 279 теңге. Бұл 2024 жылдың 1-ші тоқсанның қорытындысы бойынша Үкімет жариялаған ресми мәлімет. Әрине, бір айда 15 500 доллар (7 297 079 теңге) жалақы алғысы келетін америкалықтарды қарапайым қазақстандықтың түсінуі қиын. Бұндай жалақыны орташа жалақы алатын қазақстандық 19 айда, айына 200 000 теңге алатын адам 3 жылда ғана таба алады екен. 

Бұл жерде америкалықтардың орташа жалақысы 4 830 доллар екенін ескеріп, АҚШ-тағы қызметтер мен тауарлардың, азық-түліктің бағаларын салыстыру керек.

Мысалы, біздің теңгемен есептегенде АҚШ дүкендерінде сатылатын кейбір азық-түліктің бағасы мынадай: 1 литр сүт 423 теңге; 1,5 литр су 836 теңге; 1 бөлке нан 470-1880 теңге; 12 жұмыртқа 1410 теңге; 1 кг тауық еті 2820-4100 теңге; 1 кг сиыр еті 5452-8790 теңге; 1 кг қызанақ 1884 теңге; 1 кг сәбіз 1415 теңге; 1 кг пияз 1200 теңге; 1 кг баялды (баклажан) 1200 теңге; 1 кг қияр 2080 теңге; 1 кг банан 706 теңге, 1 кг алма 1978 теңге; 1 кг қарбыз 1602 теңге; 1 кг лимон 3014 теңге.

Басқа азық-түліктің бағаларын мына сілтеме бойынша өтіп білуге болады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.