ЕБбҚ бар 34 жасөспірім елорда колледждерінде «Аспаз», «Кондитер», «Тігін ісі», «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандықтары бойынша оқуды сәтті аяқтады.
Ерекше күтім қажет ететін жасөспірімдер колледжде оқуын тәмамдады
1,609
оқылды

Астанада «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерге арналған оқу-өндірістік комбинаттар» сынамалы жобасының түлектеріне куәлік беру рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

ЕБбҚ бар 34 жасөспірім елорда колледждерінде «Аспаз», «Кондитер», «Тігін ісі», «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандықтары бойынша оқуды сәтті аяқтады. Жобаны «Болашақ» қоры «Әр бала мектепке баруға лайықты» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асырып отыр.

Оқу-өндірістік комбинаттар немесе ерекше білім беру қажеттіліктері бар 7-11-сынып оқушыларына арналған мамандандырылған кәсіби алаңдар өз жұмысын 2024 жылдың басында Астана қаласы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі және Менеджмент, бизнес және білім колледжі негізінде бастады. Жобаға аутизм, Даун синдромы, Аперт синдромы, эпилепсия, ақыл-ой дамуы жеңіл тежелген, Туретт синдромы, психикалық дамудың кешігуі және психикалық-сөйлеу дамуының кешігуі бар 13-18 жас аралығындағы 34 жасөспірім қатысты.

Жобаның мақсаты – ЕБбҚ бар жасөспірімдерге әлеуметтік бейімделуге, кәсіптік білім алуға және жұмысқа орналасуға көмектесу. Оқыту «Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Тамақтануды ұйымдастыру – аспаз», «Тамақтануды ұйымдастыру – Кондитер» және «Сәндік-қолданбалы өнер» бағыттары бойынша өткізілді. Оқудың ұзақтығы – 5 ай болды, 3 сағаттан аптасына 2 рет. Осы уақыт ішінде ЕБбҚ бар балалар көптеген құнды дағдыларды меңгерді: әртүрлі маталармен жұмыс істеу негіздері, тігін техникасы мен түрлері, тігін машиналарын пайдалану, тағамдарды дайындау, турау техникалары, ас үйде гигиена және қауіпсіздік нормалары, кондитерлік өнімдерді дайындау, қамырмен жұмыс. Балалар тәртіпті және тәуелсіз бола бастады. Бұл дағдылар олардың кәсіби ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге колледжге сәтті түсуге және болашақта жұмысқа орналасуға дайындап, олардың өзіне деген сенімділігін арттырды.

Іс-шараға «Болашақ» қорының Қамқоршылық Кеңесінің Төрайымы Динара Гаплан, «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, елорданың білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің директоры Зәуре Қылышбаева, ЕБбҚ бар жасөспірімдер, ата-аналар, мамандар, әлеуметтік кәсіпкерлер және басқалар қатысты. 

«Осы сынамалы жобаның арқасында біз мектепке дейінгі, мектеп және орта арнаулы білім беру ұйымдарындағы алаңдарды қамтитын үздіксіз оқыту жүйесін құрып жатырмыз. Астана – аутизм бар және басқа да менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған алаңдар балабақшалар мен мектептерде ашылған Қазақстандағы жалғыз қала, енді әкімдікпен ынтымақтастығымыздың арқасында ЕБбҚ бар жасөспірімдер колледждерге түсуге мүмкіндігі біраз артып отыр. Қала әкімдігіне, «AMANAT» партиясына және әлеуметтік кәсіпкерлер қатарынан серіктестерімізге жобаны қолдағандары үшін алғыс айтамын. Біздің түлектер кәсіпорындарда өз пайдасын тигізе алады деп сенеміз, бұл олардың әлеуметтенуі мен қоғам өміріне қосылуының маңызды кезеңі болмақ», – деді «Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылық Кеңесінің Төрайымы Динара Гаплан.

«Менің ұлым өз мейрамханасын ашуды армандайды. Ана ретінде мен ұлым үшін өте қуаныштымын және ол осында қуана келетінін мақтан тұтамын, бұл оның мамандық алуына мүмкіндік және үміт береді. Егер бұл мүмкіндікті тек бір кәсіби қолдау ретінде ғана емес, ең алдымен, бұл оқыту, ең бастысы, өзіне тамақ пісіріп, өзін тамақтандыруға және осы арқылы өз отбасын бақытты етуге мүмкіндік береді» – деді Ксения Цун, «Аспаз» бағыты бойынша ОӨК оқушысы ерешке баланың анасы.  

ОӨК түлектеріне тағылымдамадан өтуге және жұмысқа орналасуға көмектесу жобаның маңызды бөлігі болып табылады. Іс-шараға ерекше жасөспірімдердің кәсіби қалыптасуына қолдау көрсететін әлеуметтік кәсіпкерлер, соның ішінде «Kunde» әлеуметтік дәмханасының, CrêpeCafé дәмханасының, «Lion» елорда ательесінің, «Royal Catering» компаниясының басшысы және басқалары қатысты. Іс-шара шегінде әлеуметтік жоба түлектерінің тағылымдамадан өтуі туралы серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ, биыл 9-сыныпты бітірген 8 ЕБбҚ бар жасөспірімдер ОӨК-ден кейін колледжге түсті.

 «Болашақ» бағдарламасының түлектері құрған «Болашақ» корпоративтік қоры 2015 жылдан бастап аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға білім берудің инклюзивті моделін дамыту бойынша «Әр бала мектепке баруға лайықты» бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. 13 жыл ішінде қор Қазақстанның 22 қаласында 80-нен астам мамандандырылған оңалту орталықтары мен кабинеттерді, оның ішінде 57 инклюзияны қолдау кабинетін ашып, жабдықтады. Жобамен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2000-нан астам бала қамтылды, оның ішінде 800-ден астам бала үйдегі оқытудан шығарылды.

Инклюзивті білім беру саласында 550 жаңа жұмыс орны құрылды. 3500 маман және ата-ана инклюзивті білім беру және мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша оқудан өтті. Балалар үйінен 2,5 мыңнан астам бала қордың шығармашылық бағдарламаларына қатысты.

Жобаның арқасында Жобаның вербалды емес балаларының 90% сөйлеуді үйренді, 33 ерекше бала өз бетінше оқуға кірісті, дамуында ерекшеліктері бар 150 бала мектепішілік, қалалық, облыстық жарыстар мен олимпиадалардың жүлдегерлері атанды.

Заңнамалық актілерге инклюзивті білім беруді дамыту бөлігінде 80-нен астам сапалы ұсынымдар мен түзетулер енгізілді. Қор ҚР Үкіметі, ҚР Парламентінің Сенаты және ҚР ПМ жанындағы қайырымдылық және инклюзияны дамыту жөніндегі жұмыс топтарының белсенді қатысушысы болып табылады.

Қор ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу және олармен жұмыс істеу бойынша ассистент-педагогтерге арналған «Мінез-құлықты қолданбалы талдау (АВА-терапия) әдістерін пайдалана отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу» оқыту курсын әзірлеп, іске қосты. Бүгінгі таңда Қазақстанның 17-ден астам өңірінен және Орталық Азия елдерінен 4 000-ға жуық маман оқытылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.