Елордада жүздеген қала тұрғындарын, еріктілерді және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің басын қосқан «Біз лудоманияға қарсымыз» атты маңызды іс-шара өтті.
Астанада лудоманияға қарсы акция өтті
Фото: istockphoto.com/ru
506
оқылды

Акция құмар ойындарға тәуелділікпен күресуге және қоғамның лудомания мәселелері туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған.

Іс-шара барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына баса назар аударылды. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері «Встреча» сауда үйі, «Астаналық базар» мен Есіл өзенінің жағалауы сияқты адамдар көп жиналатын орындарда ақпараттық парақшалар таратты. Онда лудоманияның салдары мен оның алдын алу әдістері туралы маңызды ақпараттар жазылған.

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде 36 мыңға жуық адам құмар ойындарға тәуелділікпен байланысты проблемаларды мойындайды. Лудоманияның жастар арасында таралуы ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Шамамен әрбір бесінші жасөспірім құмар ойындар ойнайды. 

Айта кету керек, 8 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияға қарсы заңға қол қойды. Бұл заң шектеуші және ынталандырушы нормаларды енгізу арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған. 

Атап айтқанда, құмар ойындарға бәс тігуге тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады. Заң сонымен қатар ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктерін күшейтуді көздейді және букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға шектеулер енгізеді.

Акция ұйымдастырушылары – «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы мен Астана қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы барлық қатысушылар мен еріктілерге алғыс айтты. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.