Ауыл шаруашылығы саласында техника ахуалы жақсармақ. Атап айт­қанда, еліміздегі агроөнеркәсіп кешені субъектілерін ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы Холдингі» АҚ АӨК субъектілері үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жаңа жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске қосты.
Ауыл шаруашылығы саласында жаңа серпіліс
296
оқылды

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 26 наурызында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жай-күйін саралап, бүгінгі күнде тозығы жеткен техниканың деңгейі 75%-ға жеткендігін айтты. 

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «ҚазАгро­Қаржы» АҚ арқылы жаңа жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қосты. Осылай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы техника паркін жыл сайын 8-10 пайызға жаңарту жөніндегі тапсырмасы қолға алынды. Жаңа бағдарлама елімізде өндіріліп/құрастырылған отандық ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландыруға бағытталған. 

«Елімізде бірінші рет 5% мөлшерлемесімен ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл фермерлер үшін өздерінің ауыл шаруашылығы техникалық паркін жаңартуға берілген зор мүмкіндік. Сол себепті бұл бағдарлама үлкен сұранысқа ие болатынына сенімдімін», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев. 

Жеңілдетілген лизинг агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін жылдық 5% мөлшерлеме бойынша 7 жылға дейінгі мерзімге ұсынылады. 

Ағымдағы жылдың 17 маусымында «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның барлық өңірлік филиалдарында жаңа бағдарлама бойынша өтініштер қабылдау науқаны басталды. 

Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама бойынша 3000-нан аса өтініш қабылданып, 22,1 млрд теңгеге 1000 бірлік техникан сатып алу мақсатында шарт жасалынды. Ең көп өтініш мақұлданған аймақтар Ақмола облысы – 4,7 млрд теңгеге, 88 бірлік техника, Солтүстік Қазақстан облысы – 3,1 млрд теңгеге 53 бірлік техника,  2,6 млрд теңгеге Қостанай облысы – 56 бірлік техника, Жетісу облысы – 1,6 млрд теңгеге 82  бірлік техника, Шымкент пен Түркістан – 1,7 млрд теңгеге 146 бірлік техника. Фермерлер қол жеткізген техникалардың басым түрі – трактор, комбайн, орақ, пресс-жинағыш және тиегіш.

Жалпы жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ жүзеге асырып отырған бағдарламалар аясында 80 млрд теңгеге 5000-нан аса бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. 

Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін ұлғайтуға бағытталған тапсырмасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес 2024 жылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жоспары 6,1% болуы тиіс. Бұл мақсатты жүзеге асыру аясында «ҚазАгроҚаржы» АҚ үлкен жетістіктерге жетуге ұмтылыс жасайды. Сол себепті қоғамның алда атқарар жұмысы орасан.  

 

Дана Алданқызы