Соңғы уақытта Қазақстанның барлық өңірінде жауын-шашынның мол болып тұрғаны белгілі. Тіпті, ылғалдың мұнша көп болып түсуі кей жағдайда шаруалардың жұмысына кедергі келтіріп те жатқаны шындық. Табиғаттың тосын мінезін «қолдан жаңбыр жауғызу» ісіне бел шеше кірісіп кеткен ғалым Алтай Айнабектен көріп жатқандар да жоқ емес.
Толассыз жауын – тосын сыйы табиғаттың
4,118
оқылды

Толассыз жауған жауын елімізде ғана емес екені белгілі. Көршілес Ресей мен Қырғыз елі де бұл жаз жауын-шашынға әбден жарыды. Қытайда да сол көрініс. 

Ғалымдар жаңбырдың нормадан артық болуы көп жағдайда кері әсерге әкеп соғатынын айтады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы ылғалдың шамадан тыс болуына онша төзбейді. Айталық, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілік тәуекелдің арқасында ғана тұр. Біздегі шаруалардың басым бөлігі сақтандырусыз егін салады. Тіпті, климаттық болжамдарға бағынбайды да. Соның салдарынан диқандар ауа райындағы өзгерістерге төтеп бере алмай жатады. Түрлі болжамдар бойынша елімізде жауын-шашынды күндер әлі де бола беретін сыңайлы. Бұл туралы мәлімет «Қазгидромет» РМК ұзақмерзімді ауа райы болжамдары туралы ақпаратында жарияланды. Онда «Қазақстан аумағының басым бөлігінде төмен атмосфералық қысыммен жаңбыр, найзағай және екпінді жел күтіледі» делінген. Дегенмен отандық мамандар мен әлемдік деңгейдегі климатологтар соңғы жылдары ауа райын дәл болжап айту мүмкін болмай отырғанын алға тартуда. 

Бельгияның Климаттық өзгерістерді болжау орталығының маманы, климатолог Маркус Санчестың айтуынша, климаттың өзгеруіне байланысты ауа райын дәл болжау, оның ішінде ұзақ мерзімге болжам жасау өте қиынға соғып жатыр. Бүгін күн қатты ысып тұрса, ертесіне боран соғып, суытуы жиілеп кеткен. 

«Эль-Ниньо, Ла-Нинья фазаларының ауысуына байланысты биылғы жазда ауа температурасында ауытқу көп. Солтүстік Еуропа елдерінде жаз суық, жауын-шашынды болса, Оңтүстік, Батыс Еуропада керісінше ыстық, құрғақшылық болып жатыр. Биыл жазда жауын-шашын алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір мол. Жалпы, әлем бойынша атмосферадағы ылғалдылық деңгейі маусым мен тамыз айлары арасында өте жоғары болып тұр. Ал мұның кері әсері бар ма, жоқ па? Ол жағын тап басып айта алмай отырмыз», –  дейді Маркус Санчес. 

Кейбір болжау агенттіктері көктемгі қарғын судың толассыз болғанына қарап 2024-тің жазын жаңбырлы болады деп болжам жасаған. Десе де, ылғалдың мұнша мол болып кететінін расымен ешкім дәлелдеп тап басып айта алған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары да шілдеден кейінгі мол жауынның еш пайдасы жоқ екенін айтып отыр. Толассыз жауған жаңбырды Климатты өзгерту технологиялары халықаралық орталығының жетекшісі Алтай Айнабектен бөлек, көктемде тасаттық беріп жауын шақырғандардан да көріп жүргендер баршылық. Дегенмен ауа райындағы мұндай өзгерістер сегіз не он жылда, тіпті кейде 18 жылдан кейін қайталанып отырады екен. Бұл туралы экология саласының маманы Гүлмира Мырзабек айтып отыр. 

«Биыл жауын-шашын мол болып кетті. Бұл негізі соңғы 10-12 жылда болмаған жағдай. Халық тарихындағы болжамдарды зерделей келе мен ылғалы мол болатын уақыттың боларын 2 жыл бұрын білдім. Ұлтымыздың дәстүрлі болжамдары мен ғылыми тұжырымдарды сәйкестіруге тырыстым. Менің болжамымша, ылғалдың мол болуы келесі жылы да қайталанады. Бұл біздің экологиямызға ерекше жақсы әсер етеді. Арнасы құрып қалған өзен-көлдер қалпына келеді және орман өрттері мен жердің өздігінен жанып кетуі болмайды. Сақ болатын бір жағдай, күз келе қалың шөптің тұтанып кетпеуін жіті қадағалаған абзал», – дейді ол. 

Эколог маманның сөзіне илансақ, расымен күзде өрт қауіпсіздігін жіті назарда ұстаған абзал болмақ. Себебі қау шөп күзде кебеді. Кепкен шөптің шоқ тисе «лап» ете қалатыны белгілі. Сондықтан ел халқы мен сала мамандары сақтық шараларына бекем болғаны дұрыс сыңайлы. 

Ырым мен нанымның жөні басқа. Ал ғылыми тұрғыда жұмыс жүргізіп жүрген отандық ғалым, «Жасанды жаңбыр жауғызу» технологиясының авторы Алтай Айнабек Аралға жасалып жатқан тәжірибе басқа өңірлерге де әсер етуі мүмкін екенін ескерткен. Жаңбырдың Арал маңына мол түсіп жатқаны да рас. Ал ылғал Алтай Айнабектің Clear Sky Manager New Generation деп аталатын жүйесінің нақты әсері ме, жоқ па – ол жағын тап басып айтып отырған ешкімді көрмедік. Әсіресе, құзырлы орындар бірде-бір пікір білдірмеген. Негізінде, Аралға бұлт айдап жүрген ғалым өз еңбегінің алғышартын 2021 жылы бастаған. Оның айтуынша, климат технологиялық әсерге бейім. 

«Бұл технологиямыздың шыңы емес. Шілде айында әлемдегі және біздегі болжанған қуаңшылыққа қарамастан су қазір көп. ҚР Бас прокурорының мәлімдемесіне сай соңғы 5 жылда 610 000 гектар орман өртенген. Бұл – далалар мен алқаптардағы өрттерді есептемегендегі жағдай. Шүкір деуіміз керек, технологиялық жауынның арқасында қазір апаттан аманбыз. Маусым айы бастала бере деңгейі түсіп қалатын оңтүстіктегі су қоймалары керісінше әлі мол қалпында тұр. Су деңгейі шілде айына қарамай көтеріліп жатыр. Одан бөлек, ыстық толқынды күндердің беті қайтып, адамдардың жұмыс істеуге қабілеті артуда. Бидай өнімінде биыл тарихи рекорд болады деген болжам бар. Атмосферада да оттегі концентрациясы көбейіп, ауа тазаруда», –  дейді Алтай Айнабек. 

Иә, жаңбырдың уақытында жауып, уақытында тоқтауы – егін үшін аса үлкен мүмкіндік. Мұндай жағдайда жоғарыдағы айтылған рекордтық көрсеткіш болуы да ықтимал. Дегенмен мамандардың араласуы маңызды. Жаңбыр жауып жатыр екен деп бидай мен егінді қараусыз қалдыруға болмас. Ал Арал өңіріне орнатылған құрылғылардың тұрғындар денсаулығына әсері турасында сұраған журналист қауымға Алтай Айнабек «еш зияны жоқ» деп қысқа қайырды. Тіпті, еуропалық DeNayer зертханасынан «адам денсаулығына әсері жоқ» деген рұқсатнама да алған екен. Одан бөлек, құрылғыны орнатуға Арал қаласының әкімі Батыржан Ұзақов та рұқсат бергені туралы білдік. 

Ғылыми негізде анығын білу үшін ғалымдарға хабарласып, мән-жайды білмекке ұмтылдық. Біз хабарласқан бірнеше ғалым тап басып, мардымды дүние айтпады. Тек халықаралық сарапшы Ерлан Бадашев табиғатқа қол сұғуға болмайтынын алға тартып отыр.

«Өздеріңіз білесіздер, Дубайда жаңа технологиямен жаңбыр жаудырамыз деп табиғат құбылысына қол сұқты. Соның салдарынан құм даланы су басып кетті. Табиғатқа қол сұғуға болмайды. Аралды толтырудың әрекеті бұлайша болмауы керек. Былтыр 2 млрд текше метрден астам су жіберілген. Солтүстік Аралды ұстап тұру үшін 4-5 млрд текше метр су керек», – дейді ол. 

Шынымен де сарапшының сөзіне илануға болады. Аралды толтырамыз деп толассыз жаңбыр жаудыратын болсақ, еліміздің біраз жері топан судан көз ашпай қалуы ықтимал. 

Биыл еліміздегі жаңбырдың жиілеуін сарапшы Ерлан Бадашев былайша түсіндірді. Сөзінше, қолдан жаңбыр жауғызу ғылымға қажет емес.

«Біз ғылымды суды үнемдеу технологиясына, суды тазартып қайта қолдану техникасына арнауымыз керек. Дамыған Израиль елі де жаңбырды қолдан жауғызып жатқан жоқ. Олар мен жоғарыда айтып өткен технологияларды пайдаланады. Климатты адам өзгертпеуі керек. Ешқашан табиғат адамзатқа бағынбауы тиіс. Биыл тасқын су да табиғат заңдылығы екенін дәлелдеп берді. Адам табиғатпен үндесуі керек. Климаттың өзгеріп жатқаны – адам ықпалының әсерінен», – дейді ол.

Не дегенмен де биыл жаңбырдың ырысы мол болып тұр. Тақырлар майса жамылды. Ерекше түлеген табиғаттың бұл құбылысына қарап көз тойып, көңіл орнықты. Әсіресе, малшы қауымның екі ұрты майланып отыр. Бұрнағы жылдары осы уақытта елдің батысында жерден қылтан үзіп жеуге қауқарсыз болған түліктің бүйірі шығыңқы. Енді осы мол ырысты шашау шығармай кәдеге жарату ісін ел Үкіметі шегендеп тұрып ұйымдастырса деген тілек біздікі. 

 

Бердібек ҚАБАЙ