Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар фестивальден ерекше әсер алып, ризашылығын білдіріп тарқады.
Балқаш көліне келушілер саны рекордтық көрсеткішке жетті
1,661
оқылды

26-27 шілде аралығында Балқаш көлінің жағасында Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен BALKHASHTOURFEST-2024 фестивалі өтті. Фестиваль Астана 2024 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналып отыр. 

Еліміздің дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Фестиваль облысымыздағы жастардың қанатын кеңге жаюға, өнерлерін бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік береді.

Салауатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаны қорғау және жергілікті туризмді дамыту, сондай-ақ жастар субмәдениеттерінің өкілдерін қолдау фестивальдің басты мақсаты болып саналады.

"Жылдан-жылға Балқаш көлі туризм саласында өте жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Салаға инвестиция тарту 2 есе өскен. Өткен жылы келген туристердің саны 362 мың болған. 2022 жылмен салыстырғанда ол 60 мыңға көп. Көлдің курорттық аймағы республикалық туристендіру картасының топ-10 нысанына кіретіні бекер емес", – деді ҚР Спорт және туризм вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Фестивальдің маңызды оқиғалардың бірі – су қоймасын тазартатын құрылғының іске қосылуы. Құрылғы беткі қалдықтарды тазалауға арналған. Бұл құрылғыны көлдің ең ластанған жерлерінде айына 7-10 рет іске қосуға болады. Іске қосылғаннан кейін құрылғы Балқаш қаласы әкімдігінің балансына берілді.

Екі күн бойы сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін спорттық, мәдени ойын-сауық бағдарламалары өтті. Мазмұнды іс-шара "Балқаш көлінің табиғи құбылысы" тарихи бейнеролигін көрсетуден басталды. Фестивальді Азамат Бақия және «Жошы» этно-фольклорлық тобы, TIMUR'S TEAM заманауи би тобы ашып берді. 

Фестивальдің тағы бір ерекшелігі Балқаш желкенді регатасының ашылуы болды. Көл толқынындағы жарысқа Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарының және Балқаш, Шардара қалаларының спортшылары қатысты. Республикалық деңгейдегі бас төреші, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Юрий Пасынков "регата Балқаш көлінде жаңа желкенді спорт түрінің импульс алуына септігін тигізуі мүмкін", - деді. 

Балалармен құмнан бекіністер салынып, ұлттық спорт түрлерінен, үстел ойындарынан ойындар ойнатылды.  Ересектерге таңғы фитнес, гимнастика, тыныс алуға арналған жаттығулар, йога жасауға мамандар нұсқаулық берді.

Футболкаларға суреттер, балаларға аквагрим салынды. Ересектерге волейбол, гір тасын көтеру спорты және армрестлинг бойынша жарыстар өткізілді. Ашық аспан астындағы жазғы кинотеатрда қазақстандық және шетелдік режиссерлердің үздік фильмдері көрсетілді. Фестиваль аумағын таза ұстау мақсатында 3 пластикалық бөтелке = 1 балмұздақ акциясына халық өте белсене қатысты. Батут аймағында «Жасыл ел" жастарының арасында Ninja Battle, Byroglaz events ойындары өткізілді. 

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры балаларға "Керік пен мүйізтұмсық" ертегісін көрсетті. Сахнада спорттық ойындардың жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өткізіліп, DANCE BATTLE, TIMUR'S TEAM және тағы да басқа заманауи би топтары мен Ivory live band кавер тобы өнер көрсетті.

«АСТАНА» тобының шоу бағдарламасы кешті түйіндеп, алау жанындағы психологиялық тренинг, аңыз ертегілер, бард әндерін орындаумен бірінші күн қорытындыланды.

«Бүгінгі фестивальде этно музыка мен ұлттық ойындарға, оның ішінде арқан тартыс, қол күрес, тоғызқұмалақ, асық ату секілді ойындарға басты назар аударылды. Келушілерге арнайы ұлттық аспаптар көрмесі ұйымдастырылды.  Фестивальге екі күнде 30  мыңға жуық адам келді.  Фестивальге келушілерге ыңғайлы болу үшін жағалауға дейін тегін тасымалдау ұйымдастырылды. Автобустар әр 15 минут сайын 09:00-ден 00:15-ке дейін халыққа тегін қызмет көрсетті. Ақысыз көлік тұрағы, полиция бекеті, жедел жәрдем қызметі мен құтқарушылар тобы жүйелі жұмыс істеп тұрды», - деді Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан  Жұмакенов. 

Фестивальдің екінші күні  Energy шынығу жаттығуларымен Zumba биінен нұсқаулық алудан басталды. Балқаш қаласы кәсіпкерлерінің арасында "Аспазшылар байқауы" өтті. Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының хореографиялық ансамбльдері өнер көрсетті. Жекелеген алаңдарда спорттық жарыстар, су ойын-сауық жарыстары өтті.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры балаларға базарлыққа ертегі көрсетті. Жағажайда үлкен фуд-корт пен қолөнершілер дүкендері орналастырылды. Жас кәсіпкерлерге сауда жасау үшін орындар тегін берілді. Сонымен қатар қолөнершілер жасаған ерекше кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдар ұсынылды.

DANCEBATL заманауи би фестивалі аясында Timur'stime, GRAND спорттық би ансамбльдері сахнада өнер көрсетті. Кешкі жастар бағдарламасында DJ Никита Филатов ән айтып, көбік кешін өткізіп, кештің көркін кіргізді. DJ BATL заманауи би фестиваліне қатысушыларды, аспаздарды марапаттау салтанаты өтті.

Фестивальдің хэдлайнері - қазақстандық эстрада жұлдызы Дастан Оразбеков фестивальге қатысушыларға көңілді толқында ғаламат көңіл күй сыйлады. Фестивальдің жабылу салтанатында екі күн бойы көл жағалауында бізбен бірге бір толқында болған фестиваль қонақтары мен Балқаш қаласының тұрғындарына мерекелік отшашу ұйымдастырылды. 

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар фестивальден ерекше әсер алып, ризашылығын білдіріп тарқады.

BALKHASHTOURFEST мәдениет, туризм, спорт салаларын бір арнаға тоғыстырған ауқымды тарихи фестиваль десек, артық айтпаған болармыз.

Биыл екінші рет ұйымдастырылып өткен іс-шара дәстүрге айналып, көл жағасында экологиялық мәдениет дағдыларын қалыптастыру, туризмды дамыту бағытында әлі талай толқынды тәрбиелейді деп сенеміз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.