Бурабай ауданына қарасты жерлерді банкке заңсыз кепілдікке өткізіп жіберген.
СҚО бұрынғы әкімі алаяқтық үшін сотталуы мүмкін
www.istockphoto.com
1,350
оқылды

Көкшетау қалалық сотында Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, Сенаттың экс-депутаты Самат Ескендіровке қатысты сот процесі өтіп жатыр. Бұл туралы Ақмола облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Олардың мәліметінше, сот процесі осы жылдың 3 маусымында басталған. 

«Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 4-бабы  2-бөлімі („аса ірі көлемде алаяқтық жасау“) бойынша айып тағылып отыр. Қазіргі кезде сот жәбірлеушілерден жауап алып жатыр. Келесі сот отырысы 2024 жылдың 31 шілдесіне жоспарланған»,  деді ведомстводан.

Тергеу мәліметі бойынша, ол Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Ақылбай ауылы тұрғындарының жерін банкке заңсыз кепілдікке өткізіп жіберген.

Айта кетсек, Самат Ескендіров ұзақ жылдар бойы СҚО бірқатар аудандарының әкімі болды.

2011 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, 2013 жылы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарды. Қарамағындағы жоғары лауазымды шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталуына байланысты 2014 жылы қызметінен кетті.