Аманат насихатшысы
Аманат насихатшысы
299
оқылды

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы ұлттық бірегейлікті сақтау, сана ашықтығы мен білімге баулуды дәріптеу, прагматизм, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен қоғамдық сананы жаңғыр­ту­дың маңызын алға тартады. Осы тұста ақын Қадыр Мырза Әлінің «Руха­ни биік кісі – ұлттың ұйытқысы» деген сөзі еске түседі. Бүгінгі қазақстан­дықтардың бойында қандай қасиет болуы тиіс десе, рухани биіктік дер едім.

Рухы мықты,   ата-баба дәстүрін жалғастырып, тарихымызды дәріп­теу­ді азаматтық борышы санайтын ел ағаларының қатарынан Мұрат Рахметовтың табылуы кездейсоқ емес. Әдебиетке жаны құмар, әрбір сөздің қадірін жете түсінетін Мұрат Дүйсенбайұлы рухани дүниесін кемелдендіретін кітаптарды ерекше ынтамен оқиды. Ондай адамдар ел алдына да шыға бермейді, көптің көлеңкесінде жүріп-ақ ірі іс атқара біледі. Мұрат ағамыз орта мектепті бітіріп, Павлодарда зооветтех­ни­кумды, одан кейін зооветинститутта Мал дәрігерлік факультетін тамам­даған. Бас мал дәрігерліктен бастап, еңбек жолында қызметтің барлық сатысынан өтіп, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудан әкімінің орынбасары болды. 1977 жылы Баянауыл ауданында «Жаңа­жол» совхозын басқарып жүргенде іскерлігімен,   жауапкершілігімен көзге түсті. Ол кеңес дәуірінде-ақ коммунистік идеология үстемдігі­не қарамастан, Мүшһүр Жүсіп баба­мызға арнап музей ашу мәселесін көтерді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы­ның  ұлы ойшыл, фольклортанушы, этно­граф, тарихшы, философ, көріп­кел, қазақ мәдениеті мен әде­бие­тінің белгілі тұлғасы болғанын әр қазақ жақсы біледі. Өткен тари­хы­мыз ұмыт қалмасын деген ағамыз бас болып, көптеген азаматтың кө­­ме­гімен музей ашылды. 1983 жы­лы аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүргенде Жүсіпбек Аймауытовтың туған жеріне ескерт­кіш тас орнатуды қолға алады. Павлодар облысында еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін алғашқы болып іргесі қаланған Майқайың кентіндегі мешітті  салуды ұйым­дас­тырған да – осы кісі. Шоң мен Шорман ескерткіштерінің, Үкібай бидің, Сұлтанмахмұт Торайғыров­тың, Баянауылдан шыққан ішкі істер саласындағы генералдар басы­на кесене  орнатуға да басшы­лық жасады. Осының бәрін қалай атқар­ғ­анын өзінен сұрағаным бар, сонда:

–  1952 жылы жұрт басына жиі бара­тын болған соң, партия орган­дары Мәшһүр Жүсіптің бейітін қиратып тастаған. «Жаңажол» сов­хозына директор болып келгенімде, Мәшһүр Жүсіптің кенже баласы Фазылдың әйелі Нұрапа бұзылған бейітті көтеремін деп шапқылап жүр екен. Кеңес Одағының Батыры, Павлодар облыстық атқару комите­тінің төрағасы Махмет Қайырбаевқа да, аудан басшыларына да барған. Екібастұз қаласының шахтерлері өз еріктерімен келіп, бейіт іргесін тегін қалап беріпті. Ары қарай құрылысы жүрмей тұр екен. Содан Мәшһүр Жүсіп атамыздың бейітінің басына прорабты, құрылысшыларды алып барып, құрылысты ары қарай жалғастырып, екі бөлмелі үй тұрғыздық. Сөйтіп, Мәшһүр Жүсіп қабірінің басын қалпына келтіруге аз да болса, үлес қостық. Бейіт құры­лысы біткеннен кейін ақсақал­дар ауылда Мәшһүр Жүсіп музейін ашу мәселесін көтерді. Алматыда тұратын осы елдің азаматы Мәди ағамыз Дихан Әбілов екеуі ауыл ақсақалдарының музей ашу жөнін­дегі өтініш хатын Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Комитетіне дейін апарған екен. Бірақ еш нәтиже шықпай,  елге келді. Олар ақсақал­дар жазған өтініш хатты маған әкеп тастады. Мәди де, Дихан да «Жоға­ры жақтан еш қолдау таппадық. Енді қалғанын өздерің шешіңдер» деді.

  Ауыл азаматтарын, мамандарды жинап алып, «Музейді ашайық. Жұмыстан шығарса мені, партия ұйымының хатшысын шығарады. Сендерге қауіп-қатер жоқ» деп музей құрылысын ешкімнің рұқса­тынсыз бастап жібердік. Музейге экспонаттар жинау үшін Торайғыр ауылынан Аманкелді Омаров деген мұғалімді көшіріп алып, жауапты міндетті соған жүктедік. Мәшһүр Жүсіптің үлкен ұлы Төлеубай ақсақал бастаған туыстарына Мәше­кеңнің пайдаланған бұйым­дарын, жазбаларын, кітаптарын, заттарын музейге берулерін сұра­дық. Шыны керек, ол кісілер біздің музей ашатынымызға сене қойма­ды, – деп еске алады ағамыз.

Бұдан кейін Сұлтанмахмұт Торайғы­ровтың мүсінін жасау керек болады. Сұлтанмахмұттың бір шы­ғар­масында жақсы суреті берілген екен. Бір қолында қағаз, жанарын шыңға қадап, таста терең ойда отыр­ған суретін  сол қалпында тас­тан қашатып орнатты. 2005 жылы зейнеткерлікке шыққалы жүргенде, Қаныш Сәтбаевтың да ойлы мүсінін жасатып, құтты орнына қондырып кетті.  

Расында, Мәшһүр Жүсіпке арналған музейді ашу оңайға түскен жоқ. Салуын салса да, оны тіркеу қиынға соғыпты. «Дін – апиын» атанып тұрған заманда Мәшһүр Жүсіптің атын атау қауіпті болатын. Сондықтан салынған мәдени ошақ­ты «Халық музейі» деп атауларына тура келген. Музейге мемлекеттен көк тиын да жұмсал­маған. Шығы­нын халық көтеріпті. Бұл музейді заңдастыруда марқұм Балтабай Сейсенбековтің көп жәрде­мі тиген. Ол  облыстық мәде­ниет бөлімнің бастығы болатын. Музейді Баян­ауыл­дағы Қ.Сәтбаев мемориалды музейінің филиалы етіп заңдас­тырды. Осылайша, «Жаңажол» совхозында Мәшһүр Жүсіпке арналған «Халық музейі» ашылды. Оның ашылу салтанатына мектеп оқушылары мен ауыл ақсақалдары ғана қатысыпты. Облыс, аудан басшыларынан, тіпті Мәшекеңнің туыстарынан да  адам болмаған. Ағамыз Мұрат Дүйсенбайұлы «Жаңажол»  совхозында бес жыл директор болғанда, ұрпаққа үлгі болар осындай екі ізгі із қалдырған. 

Бұдан кейін аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып, он жыл қызмет етті. Аудан­дағы мал қыстату қорытындысы бойынша одақтық жүлдені бес рет жеңіп алады. Аудан әкімінің орын­басары болып жеті жылдай еңбек еткенде Екібастұз көмір бірлес­тігімен жақсы қарым-қатынаста болды. Солардың көмегімен Май­қайыңда жаңа мешіт ашуға қол жеткізді.    Одан кейін аудан әкімі Қорабай Шәкіров елдің тарихын білетін, аузы дуалы, жөн білетін, сыйлы ақсақалдарды жинап, «Даналар даңқы» аллеясын ашу жөнінде кеңеседі. Бұған бюджеттен қаржы бөлінбейтіні, халық қаража­ты­мен салынатыны айтыла­ды. Елдің бәрі қостап,  Мұрат ағамызды осы жұмысты атқаруға басшы етіп қояды.

– Қорабай Алматыда белгілі мүсінші Бақытжан Әбішевпен кездесіп, келісті. Ол кезінде Карл Маркс, Тоқаш Бокин, Жамбыл Жабаевтың мүсіндерін қойған шебер мүсінші екен. Сәулет академиясында қызмет істейді. Біз оған Бұқар жыраудың мүсінін жасауды тапсырдық. Ол Бұқар жыраудың үш түрлі мүсінін жасап әкелді. Бізге бірінің бас киімі ұнамады. Бұқар жыраудың туған жері, негізгі мекені Баянауыл ғой. Сондықтан Арқаның сеңсең бөркін киген келбетті мүсінін сомдауды жөн көрдік. Оны Баянауылдың өз тасынан қашауды ұйғардық.  Екінші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бейнесін жасауды қолға алдық. Мәшекеңнің өмірінде бір-ақ рет түскен суреті бар. Сол суретін сақтайық деп ұйғардық. Мүсіншіміз «Мәшһүр Жүсіптің бет-бейнесін келтіре алмаймын ба деп қорықты. Мәшһүр Жүсіптің немересі Сүйіндікті шақырып алып, «Мына жігітті үйіңде үш күн қонақ етіп қайт. Мәшекең атаңның басына апар, құран оқыт. Сенің де пішінің Мәшекеңе келеді. Саған да қарасын, Мәшекеңнің суретіне де қарасын» дедім. Мүсінші Мәшһүр Жүсіп ауылына барып келгеннен кейін бір айдың ішінде Мәшекеңнің мүсінін қашап шығарды. Сөйтіп, Мәшһүр Жүсіп мүсінін де орнаттық. Баба­мыздың кесенесінің жанынан  «Ескелді» қонақүйі бой көтерді. Бұл іске демеушілік еткен қазақстандық кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа алғысымызды білдіре­міз, – дейді өткен күндерге шолу жасап. 

Бұдан кейін Сұлтанмахмұт Торайғы­ровтың мүсінін жасау керек болады. Сұлтанмахмұттың бір шы­ғар­масында жақсы суреті берілген екен. Бір қолында қағаз, жанарын шыңға қадап, таста терең ойда отыр­ған суретін  сол қалпында тас­тан қашатып орнатты. 2005 жылы зейнеткерлікке шыққалы жүргенде, Қаныш Сәтбаевтың да ойлы мүсінін жасатып, құтты орнына қондырып кетті. 

Аудан әкімі Қорабай Шәкіров екеуі ақылдаса келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Баян­ауыл­ға бірінші келген сапарын тасқа ойып бейнеледі.   І. Жансү­гі­ров­тің поэмасында бейне­ленген Сағынайдың асындағы ат жарыста Ақанның Құлагерінен кейін екінші және үшінші болып мәреге жеткен Айтбақаның күреңі мен Шорман­ның шораяқ қарақасқасының құйрық тістесіп шауып келе жатқан суретін де тасқа қашаттырды. Сабын­дыкөлдің жағасында үш жүз жиналып, Абылайды ақ киізге отырғызып, хан сайлаған сәтін де тасқа бедерлеп түсіртті.   Сағынай­дың асында бас жүлдеге ие болған баянауылдық палуан Таутан Жа­қып­тың қарсыласын көтеріп алып, лақтырайын деп тұрған сәті де таста бедерленіп тұр. Бұл ағамыз­дың тарихи деректерді ұрпақ жадында қалдыру үшін жасаған игі ісі деп есептеймін.


Жүсіпбек Аймауытовтың үйіне үлкен он тонналық тас қойып, оған «Осы жерде белгілі жазушы Жүсіп­бек Аймауытов дүниеге келді» деп жаздырды. Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығы қарсаңында Қаныштың әкесі жерленген үлкен қорымның сыртына көлемді де көрнекті тас орнатып, оған сол қабырстанда жатқан марқұмдардың тізімін жариялады.  Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген үйіне де ескерткіш белгі қойды. Онда бұл үйде Қаныш Сәтбаев туған деген жазу бар. Бұл екі тасты да ағамыз өз қаражатымен, жүрек қалауымен орнатқан. Кейінгі ұрпаққа үлгі болсын, ардақты аталарын құрметтесін деген оймен жасатты.

– 1983 жылдан бастап, ауданда айтыс ұйымдастырғанбыз. Әр совхоз­дың өз айтыс ақындарын даяр­ладық. Сөйтіп, жарысушы шаруа­шылықтардың суырып салма ақындарын өзара айтысқа шығар­дық. Олар көбіне совхоздар­дағы кемшіліктерді сынға алды. Мұндай айтысты үзіліссіз төрт жыл бойы өткіздік. Бізден бастау алған айтыс өнерін Екібастұз ауданы да қостады. Осыдан кейін Павлодарда облыстық деңгейде айтыс өткізіле бастады. Расында, айтыс өнерін облыс бойынша ең бірінші бастаған біздің аудан екен. Мәде­ниет үйінің сахна­сында екі үстелге екі ақынды үкілеп отыр­ғызып, бірімен-бірін айтыс­тыратынбыз. Қымыз сапыры­лып жататын. Халық көп жина­латын. Айтыста ауылдағы тазалық жайы көбірек айтылатын. Айтыстың жергілікті жерлердегі кемші­ліктерді дер кезінде түзетуге ықпа­лы болғанын айтуымыз қажет, – деп әңгімесін аяқтады Мұрат Дүйсен­байұлы.

Ағамыздың елі үшін атқарған істері атаусыз қалмады. Аудан, облыс көлемінде марапаттары жетер­лік. 2011 жылы Баянауыл ауданының Құрметті азаматы атанды. Павлодар облысы әкімінің бұйрығымен облыс алдында сіңірген еңбегі үшін төс белгісімен марапатталды. 2016 жылы Павлодар облысының Құр­мет­ті азаматы атағы берілді. Қазір Баянауыл ауданының ақсақалдар алқасын басқарып жүр.

«Жақсы әкенің даналығы – балаға мың жылдық азық» деген дана халқымыз. ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 24 қарашадағы №735 қаулысы бойынша Баянауыл ауда­нындағы Ақсан ауылының жалпы орта білім беру мектебіне әкеміз Дүйсенбай Рахметовтың аты беріл­ді. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 72 жылдық мерекесі қарсаңында майдангер ұстазға мектеп аты бері­ліп қоймай, мүсіні мен музейі сал­та­натты түрде ашылды.   

Мұрат ағамыз, Рымкеш жеңге­міз майдангер ұстаз, қоғам қайрат­кері Дүйсенбай Рахметұлы әкеміз бен тыл еңбеккері, «Күміс алқа» иегері Қапса қажы Рахымқызы анамыздың жанында елінен алшақ кетпей, туған жеріне, халқына өнеге болатындай еңбек етті. Балалары­ның да тәрбие, білім­деріне үлкен көңіл бөлді. Нәтижесінде, әке-шеше­міздің немерелері заң, денсау­лық сақтау, жоғары білім беру сала­ла­рында қызмет етіп жүр. Рымкеш жеңгеміз 2016 жылы 30 мамыр­да ұзақ уақыт бойы меңде­ген ауыр науқастан  о дүниелік болды. Жаны жәннәтта болсын дейміз. Мұрат ағамыз биыл 80 жасқа толады.

Нұрлан ініміз Әділет министр­лігінің генерал-майоры Ойрат Дүйсен­байұлы ағасы сияқты әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеді. Түрлі қызмет сатысынан өткен ол қазіргі таңда Бас прокуратурада қызметте. Гүлхан келі­німіз – филология ғылымдары­ның кандидаты, Астана медицина университетінде ұстаз. Ұлы Еркебұ­лан шетелде магистр академиялық дәрежесіне оқып білім алуда.  Қызы Альмира Қазақ гуманитарлық заң университетінде халықаралық құқық мамандығы бойынша білім алып жүр. Анар жұбайы Маратпен Қара­ғандыда дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты. Айжан – Павлодарда тіс дәрігері, жеке кәсіпкер,  Айбота – Қарағанды эко­но­микалық университетінің банк жұмысы кафедрасының оқыту­шысы.

Бүгіндері Рымкеш жеңгеміздің орнын жоқтатпай балалары кезек-кезек еңбек демалысын алып, ағамыз­ға балалық қамқорлығын көрсетіп жүр. Оларға ағамызға деген ыстық ықыласы мен бала махаббаты үшін алғыс айтамын. 

Қайролла РАХИМОВ, 
академик