Сонымен, сарапшылар Оңтүстік Кавказдағы жағдайға тікелей әсер етуі мүмкін оқиға ретінде болжаған Армениядағы кезектен тыс парламенттік сайлау да аяқталды. Алдын ала белгілі болған мәліметтерге қарағанда, Никол Пашинян бастаған «Азаматтық келісім» партиясы жеңіске жеткен. Демек, армян халқы радикалды көзқарастарды құп көрмейтінін байқатқан сыңайлы.
Армения орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне қарағанда, елдегі 2008 сайлау учаскесіндегі дауыс саналып, 1 млн. 281 мыңнан астам бюллетеньнің 53,92 пайызы премьер-министрдің міндетін атқарушы Никол Пашинянның партиясының пайдасына шешілгені белгілі болды. Пашинянға ең басты қарсылас ретінде саналған экс-президент Роберт Кочерянның «Армения» блогы 21,04 пайыз дауыс жинаған. Өзге саяси блоктар мен партиялардың ішінде 6 пайыз дауыс алған ешқандай саяси күш жоқ. Демек, бәсекеге түскен 21 партия мен 4 блоктың ішінде «Азаматтық келісім» партиясына нақты қарсылас боларлық күш табылмады деген сөз. Ал жалпы 20 маусым күні өткен сайлауға дауыс беру құқына ие халықтың 49,4 пайызы қатысыпты. Мұны кейбір сарапшылар жақсы көрсеткіш ретінде бағалап отыр.
Жеңілген премьер қалай жеңіске жетті?
Негізі, бірқатар сарапшы Никол Пашинянның саяси беделінің түсіп кеткенін алға тартып жүрді. Өйткені былтыр 27 қыркүйек пен 11 қараша аралығында Таулы Қарабақта болған соғыста Армения әскері Әзербайжан армиясының соққысына төтеп бере алмай, 30 жыл бойы оккупацияда ұстаған аймақтың бақылауынан айырылған болатын. Мыңдаған сарбаз мерт болып, жүздеген техника қираған еді. Кейбір мәліметке сүйенсек, Арменияның сол соғыста қираған техникасының жалпы құны 2 млрд. доллардан асып кеткен. Оның үстіне, Таулы Қарабақтың айналасындағы 7 ауданды да әзербайжандар қайтарып алды. Таулы Қарабаққа арнайы статус беру мәселесін ресми Баку енді қарастырмайтынын мәлімдеді. Яғни, Пашинян соғыста оңбай жеңілді. Сол кезде оны «саяси өлікке» балағандар да болған. Әскерилер мен «қарабақтық элита» аталатын саяси топ премьер-министрді орнынан тайдыруға барын салған. Ақыры қарсыластар мәселені сайлау арқылы шешуге бел буған болатын. Сөйткен сайлау өтті. Ал нәтиже «жеңілген премьердің» пайдасына шешіліп кеткен жайы бар. Міне, бұл жағдай Оңтүстік Кавказды өзінің ықпал ету аймағы санайтын мемлекеттерді де, армениялық сарапшыларды да таң-тамаша етіп отыр. Қалай ғана майданда жеңіліске себепкер болды деп есептелетін саясаткер халықтың қолдауына ие болды? Шынымен, Арменияда милитаристік ұрандар өтпейтін болғаны ма? Ендігі сауал осы болмақшы.
Біздің пайымдауымызша, армян халқы өткен тарихпен мақтанып, өздері ежелгі мекені санайтын аймақ үшін дауласудан жалыққан сыңайлы. Мың жыл бұрын Таулы Қарабақта армян ұлтының өкілдері өмір сүргенін алға тартып, өңірді басып алуға ұмтылудың пайдасыз екенін бұқара түсінген сыңайлы. ХХІ ғасырға дейін талай халықтың тарихи мекені саяси карталар арқылы бөлінгенін, жер даулағаннан гөрі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жүргізу маңызды екенін ұқты. Төңіректегі Грузияның, Әзербайжанның, Түркияның қатардан қалмай дамып отырғаны, Армениядағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлығы халықты әбден шаршатқан сыңайлы. Әрі Н.Пашинянның батыс елдеріне бүйрегі бұрып тұратыны да армян халқының үміті болғанға ұқсайды.
Әйтпесе, Пашинян да, Кочерян да Таулы Қарабақ үшін Әзербайжанмен қайта соғысуға ниетті емес. Керісінше, келіссөздерге жүгінуге әзір екенін байқатқан. Екіншіден, Кочерянның жеңіліп қалуына ол басқарған жылдарда коррупцияның тым тереңдеп кеткені жайлы мәліметтер де әсер еткен сияқты. Ел дамуын тежеуші басты факторлардың бірі ретінде саналатын коррупцияға армян халқы сайлау арқылы қарсылық танытуға бекінген тәрізді. Сөйтіп, жеме-жемге келгенде Н.Пашинянды қолдап кетті. Яғни, «аш бала тоқ баламен ойнамайды» дегеннің кері келді. Армения халқы бейкүнә сарбаздар қырылатын, әлеуметтік жағдайды жақсартуға, дамуға ешқанда пайдасы жоқ соғысты қаламайтынын байқатты.
Таулы Қарабақтың өзі емес, статусы маңызды
Негізі, Арменияда саяси күштер Таулы Қарабақты әскер күшімен өздеріне қосып алу ниетінен түбегейлі бас тартқан тәрізді. Өйткені «соғысамыз» дейтін ұран халыққа өтпейді. Таулы Қарабаққа барып өмір сүруді қалайтындар да аз. Керісінше, «ата жау» саналатын Түркияның өзінде 100 мыңға жуық армян жұмыс істеп жүр. Көбі Ресей арқылы турист ретінде барып, қалып қойған. Заңсыз еңбек мигранттары. Одан бөлек, шетелдердегі армян диаспорасының атажұртына сөзбен ғана қолдау жасауға қауқарлы екені байқалды. Елге қаржы құйғандар сирек. Демек, армян халқы өз жағдайын өздері түзеуге бел буған сыңайлы. Ал қоғамдағы мұндай үрдісті саясаткерлер біліп отыр. Сондықтан Таулы Қарабақты қайтарып алуға ашық ұмтылатындар азайды. Тек барлық саяси күш өңірдің статусының қандай болатынына алаңдайды. Кочерян тобы Ресеймен және Әзербайжанмен келісімге келіп, байланысты нығайту идеясын ұстанды. Пашинян Минск тобының мүшелерімен, яғни АҚШ, Франция және Ресеймен бірлесіп Таулы Қарабақтың статусын белгілеу ұстанымында. Яғни, қандай жолмен болса да Таулы Қарабаққа белгілі бір статус бергізуге ұмтылып отыр. Алайда өзінің бұл ұсынысын Ильхам Әлиев қабылдай қоймайтынын да біледі. Өйткені былтыр соғыс кезінде, қазан айының ортасына қарай Әзербайжан Минск тобының өңірдегі 5 ауданды ешбір шартсыз қайтарып, қалған 2 ауданның статусы кейін талқылау жөніндегі ұснысқа келіскенімен, Ереван оны қабылдамай қойған. Аталған ұсыныста Таулы Қарабаққа мейлінше кең құқы бар автономия беруге де ресми Баку келісімін берген. Алайда Пашинян үкіметі мұндай келісімге келуден бас тартты да, қарашаның басында Әзербайжан әскері Шушаны алған соң Ильхам Әлиев шалқайып шыға келді. Оның «Статус дегенді ұмыт Пашинян» дейтіні де сол кез еді.
Сыртқы саясат өзгере ме?
Біздің пайымдауымызша, сайлаудан кейін де Арменияда біраз саяси текетерістер болуы мүмкін. Оппозиция халықты наразылық акцияларына қатыстыруға барын салатын шығар. Өйткені Кочерян да, сайлауға қатысқан тағы бір экс-президент Серж Саргсян да дауыс беру нәтижелерін мойындамайтынын мәлімдеді. Алайда Пашинян тізгінді қолдан бере қоюы неғайбіл. Демек, сыртқы саясатында да екіұшты бағыт ұстанары сөзсіз. Ол Пашинян ҰКШҰ және Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерімен байланысты қалыпты ұстауға тырысады, сөйте тұра батыс елдерімен әріптестік орнату жағын да ұмытпақ емес. Түркиялық сарапшы Ахмет Арсланның айтуынша, Пашинян билігі Түркия мен Әзербайжанға, Грузияға қатысты жер дауын насихаттайтын идеяларға да жол бермеуге тырысады. Тіпті, «Ұлы армения» идеясын айтып, арнайы карта сызып, сол арқылы жастарды желіктіруге тырысатын шетелдердегі армян диаспораларынан да бойын аулақ салуы мүмкін. Себебі, дәл қазір елдегі кедейшілікті жою, экономиканы дамыту, инвестиция тарту мәселесі өзекті болып тұр. Батыс елдерімен байланыс инвестиция тарту үшін керек. Еуразиялық экономикалық одақтағы белсенділік Ресейдің қас-қабағы үшін қажет. Қысқасы, Арменияның жаңа басшысы арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеуді көздейді.
Ардақ СҰЛТАН