25 маусым күні британиялық The Sun таблоиды елдің денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок және оның көмекшісі Джина Коладанджелоның сүйіскен фотосын жариялап, үлкен шу тудырған еді. Көңіл жарастырған екеу министрлік ғимаратында мамыр айының басында камераға түсіп қалған, — деп хабарлайды "Азаттық Рухы" сайты.
Моральдық нормалардан бөлек, британиялықтар денсаулық сақтау министрін жұмыс орнында барлық санитарлық ережелерді бұзып, өзі үгіттеген әлеуметтік қашықтықты сақтамады деп айыптады.
Жанжал медиада тарағаннан кейін оппозициялық Лейбористік партия өкілдері министрді «екіжүзді» деп айыптап, дереу отставкаға кетуін талап етті.
Көп ұзамай Мэтт Хэнкок санитарлық нормаларды бұзғаны және «халықтың үмітін ақтамағаны» үшін ресми түрде кешірім сұрады. Өзінің мәлімдемесінде Хэнкок өзімен он бес жыл отау құрған жұбайы Марта және үш баласы жайлы тіс жармады. Хэнкоктың көмекшісі болған Джина Коладанджелоның да үш баласы бар, ал күйеуі болса Oliver Bonas сәнді киімдер сататын дүкендер желісіне иесі миллионер Оливер Тресс.
Қоғамдық резонансқа қарамастан премьер-министр Борис Джонсон өзінің әріптесін жұмыстан шығарудан бас тартты.
Бұған дейін Мэтт Хэнкок Джина Коладанджелоы Оксфордтағы студенттік шақтан білетінін мәлімдеген болатын. 2020 жылдың қыркүйек айында министр оны өзіне көмекші етіп, Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты кеңеске кіргізген.
Бүгін кешке премьер-министрге жазған хатында Хэнкок өзін отставкаға жіберуін сұрады.
«Менің жеке өмірім жұртшылық назарын аударып, біздің басты міндетіміз – осы дағдарыстан шығуға бөгет жасағанын қаламаған едім. Мен ережелерді бұзғаным үшін кешірім сұраймын, өз отбасым мен жақындарымнан осындай сынаққа душар еткенім үшін кешірім сұрағым келеді. Сонымен қатар, бұндай сәтте мен өз балаларымның жанында болуым керек», — деді экс-министр өз хатында.
Өзінің жауап ретінде жазған хатында премьер-министр Борис Джонсон бұл шешімге түсіністікпен қарайтынын және отставкаға жіберуге келіскенін айтты.
Бұл Хэнкоктың қатысуымен болған екінші дау-дамай. Осыдан он күн бұрын премьер-министрдің бұрынғы көмекшісі Доминик Каммингс WhatsApp мессенджерінде Борис Джонсонмен алмасқан хатының фрагментін көрсеткен болатын. Үкімет басшысы өз әңгімесінде Хэнкокты «мүлдем сенімнен шықпады» деп балағат сөзді қоса жазған. Алайда, бұл жайлы премьер-министр тарапынан ешқандай пікір болмады.
Еске салайық, Ұлыбритания вакцина алған адамдар саны жағынан әлемде көш бастап келеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, ел халықтың 48%-ы толығымен екі компонентін алған болса, 65%-ы алғашқы вакцинасын салып үлгерген.