Мұңнан арылмаған моноқалалар
Мұңнан арылмаған моноқалалар
250
оқылды

Қазақстанда моноқалалар нарық­тық қатынастардың нәтижесінде пайда бол­ған жоқ. Мұндай елді мекендер кеңес заманында жоспарлы түрде қолдан ұйымдастырылды. Одақ құлағанда сонымен бірге жоспарлық экономика да құрдымға кетіп, моно­қалаларды мемлекет қазынасы­нан қаржыландыру тоқтады.

Соның салдарынан шағын шаһарлардың шаруасы шатқаяқтап, тоқырау аймақтарына айналды, әлеуметтік шиеленістер күшейді. Еңбекке жарамды тұрғындарының 20-50%-ы жұмыссыз қалды. Ресми статистика оларды өзін-өзі жұмыспен қамтушы деп атайды, бірақ одан мәселенің мәні өзгере қояр ма екен?! Еліміз пайдалы қазба кендерге қанша­лықты бай, бізде Менделеев кестесіндегі барлық элемент бар деп мақтанғанымызбен, оның да таусылатын күні келеді. Қазірдің өзінде шикізат қорының түгесілуіне байланысты бірқатар моноқаладағы кен өндіретін немесе жергілікті тұрғындардың едәуір бөлігін еңбекпен қамтып отырған бюджетқұраушы ірі кәсіпорындар тоқырауға ұрынып жатыр. Ал ол өз кезегінде жұмыс орындарының жабылуына әкеліп соқтырады.

 Қазба байлықтары сарқылып жатыр

– Кейінгі жылдары моноқалалар орналасқан көптеген өңірдің кен қорлары сарқылып жатыр. Осыған орай өңірлердегі бюджетқұраушы ірі кәсіпорындар жұмыс­тарын тоқтатуға немесе шектеуге мәжбүр болған. Ал бұл тұрғындардың айтарлықтай бөлігін жұмыспен қамтып отырған жергілікті жерлердің әлеуметтік ахуалына зор нұқсан келтіреді.  Жұмыс тапшы болуына байла­нысты тұрғындар, әсіресе жастар облыс орталығына немесе ірі мегаполистерге кетуге тырысады. Осылайша, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты халық моноқалалардан көшіп кетіп жатыр, алдағы жылдары бұл үрдіс жалғаса береді, – дейді PaperLab саяси-қолданбалы зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев. Бүгінде республика аумағында 27 моно­қала бар, соның 16-сы аудандық әкімшілік орталықтары болса, енді бір бөлігі облыстық маңызы бар қалалар санатында. Оларда жалпы жиынтығы 1,53 млн халық тұрып жатыр. Осы шағын шаһарлардың бірқатары­ның болашағы күмәнді. Былтыр  Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жәркешов енді 10-15 жылда елімізде мыс, қорғасын және басқа да сирек металдар тапшылығы туындайтынын айтып дабыл қаққан еді. Әсіресе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының түрлі-түсті кен өндіруші ірі өнеркәсіптік қалалардың өмір тіршілігіне үлкен қауіп төніп тұр. С.Жәркешовтың айтуынша, Шығыс Қазақстан өңіріндегі кен орындарында шикізат қорының таусылуына байланысты Юбилейный, Зыряновск, Шемонаиха және басқа да бірнеше кеніш жабылып қалды. Сондай-ақ Жезқазған мыс кеніші, Соколов-Сарыбай тобының темір кеніштері, Риддер-Сокольный полиметалл кеніштері, уран өндіретін, қоңыр көмір өндіретін бірқатар кеніштің қоры таусылуға жақын. 2025-2040 жылға қарай ШҚО-ның Тишинский, Орловск, Малеевск кеніштерінің жұмысы тоқтайды. Мұндай жағдай Жезқазған, Сәтбаев, Риддер қалаларындағы өндіріс орындарының басына да төніп тұр.

Арқалықта боксит таусылды

2021 жылдың ақпан айында «Қазақстан алюминийі» АҚ-тың Қостанай облысының Арқалық қаласында орналасқан кеніштерінде боксит қоры таусылуына байланысты Торғай боксит кен басқармасы (ТБКБ) жұмысын тоқтатты. Әрине, өңірде кен қоры таусы­лардан күні бұрын хабардар жергілікті билік те, компания басшылығы да бұл жағдайға алдын ала қамданып отырды. 2020 жылғы 1 қаңтарда ТБКБ штатында 681 жұмысшы болған, бұл ERG-ның жалпы жұмысшыларының 1%-ын, Арқалық қаласы тұрғындарының 2,5%-ын құрайды. Жаз ортасында қалада еңбек жәрмеңкесі ұйым­дас­тырылып, мұнда 15 компания жұмыс ұсын­ған. Нәтижесінде, 84 адам еңбекке орналасты, 123 адам ERG (Евразия тобы) басқа кәсіпорындарына ауысты. Жұмыстан босатылғандар қайта маманданым курстары­нан өтіп, өз ісін ашуға ниет еткендер «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқыды. Ал кәсіп­орынның активтері жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлерге тегін берілетін болды. «ТБКБ жабу туралы шешім қабылдау бізге оңай болған жоқ. Өйткені бұл кәсіпорын еліміздің алюминий өндірісінің бастауында тұрды. Мұнда 65 жыл бойы боксит өндірілді. Біз 2017 жылдан бері кеніштегі қазба жұмыстарын шектеп, оны жабу бағдарлама­сын біртіндеп енгізіп келген едік», – дейді Еуразия тобының басқарма төрағасы Серік Шахажанов. Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішевтің айтуынша, қазір кәсіорынның қалған жұмысшыларын да еңбекке орналас­тыру шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қалада «Еңбек» микрокредит бағдар­ламасы арқылы жалпы сомасы 53 млн теңге 4 жобасы қолға алынды. 17 адамға «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша өз ісін ашуға 47 млн теңге несие берілді. Екі көпбалалы ана 1 млн теңгенің грантын иеленді. Көпшілік ағайын мал өсіруге біржолата ден қойды. Әрине, 26 мың тұрғыны бар Арқалық қаласын сауықтыру үшін бұл шаралардың аздық ететіні түсінікті. Сондай-ақ мұндай жайт экономикасы тек шикізатқа байланған, кен өндірумен ғана айналысатын кәсіп­орындарға, сол өңірлердегі моноқалалардың бәріне тән.

Шағын шаһарларды сауықтыру

Біздің елімізде моноқалаларды сауықтырудың үш бағыты қолданысқа ие. Бірінші бағыт: кәсіпорындар өндірісінің жұмыс тиімділігін қамтамасыз етуге арналған оңтайландыру шаралары. Бұл бағыт бойынша әрбір моноқаланың экономикалық күш-қуаты, олардың дамуына кері әсер ететін факторлар ескеріліп, жергілікті өңір үшін қажетті жаңа маманданымдар мен кәсіптер анықталады. Екінші бағыт: моноқалалар халқын еңбекпен қамтудың нәтижелігін арттыру үшін экономиканы әртараптандырып, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту. Мұнда жергілікті билік индустриялық-инновация­лық бағдарамалар аясында 1-3 «зәкірлік» (якорлық) инвестициялық жобаларды таңдап алатын болады. Үшінші бағыт: моноқалалар халқын әлеуметтік-экономикалық дамуы жоғары өзге елді мекендерге қоныс аударуға ынталан­дыру. Сондай-ақ қоныс аударушыларды қайта кәсіби даярлау және еңбекке орналас­тыруға көмек көрсету шаралары қарастырыл­ған.

Дәулет АСАУ