Жалған ақпараттың жазасы бар
Жалған ақпараттың жазасы бар
1,234
оқылды

Әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы орасан. Ал онда жалған ақпарат тараса, зар­дабын есептей беріңіз. Сол тәрізді жуырда желіде елді дүрліктірген фейк ақпарат пай­да бол­ды. «Қазақстан Қытай құрамына кіреді» дегенді оқығанда мұның арандату екенін бір­ден аңғардық. Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін мұндай жалған деректі кім таратты? Елімізде оған қандай қылмыстық жаза қарастырылған?

Бір жазбаның білдей ықпалы

Жақында ғана әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоның елі­міз ҚХР құра­мына кірген жағдайда оның сыртқы қарызының басым бөлігін жабуға дайын екенін» мәлімдегені туралы хабарлама елге таралып кетті. Бірақ ақпараттың рас-өтірігін ажыратпастан фейк дерекке сенгендердің де барын аңғардық. Ал оны таратқан Instagram желісіндегі qazinform24 атты парақша. Шынайы жаңалықтар жарияламайтын сатиралық ак­каунт. Профильде «аккаунт сати­ралық контент пен фейк жаңа­лықтар жариялайды» деп алдын ала ескерткен екен. Әйтпесе, Қа­зақстандағы ҚХР елшілігінің ресми сайты да, Төтенше және өкілетті елші Чжан Сяо да мұндай мәлімдемелер жасамаған. Демек, ҚХР құрамына кірсе, Қазақстан­ның сыртқы қарызы жабылатыны туралы хабарламалар өтірік. Бұл жерде мәселе мынау – жалған ақпаратты таратқандар сатиралық парақшаны дереккөз ретінде көр­сетпей жариялаған. Соның ке­сірінен қоғамда сәл де болса дүмпу болғанын көрдік. Ал жаңағы па­рақ­шаның авторлары өздерін кінәлағандарды әжуалап, «сатира­лық, фейк ақпарат екенін алдын ала ескерттік» деп жауап қатудан әрі аспай тұр. Әзірге qazinform24 аккаунтын жүргізіп отырған аза­маттарға жаза қолданыла ма, ол жағы белгісіз. Құзырлы органдар тарапынан оларға қатысты ресми мәлімдемелер шыққан жоқ. Па­рақша жұмысын әлі жалғастырып жатыр.

Жалған дерек авторлары қылмыскер саналады

Кез келген ақпаратты оқып, ой елегінен өткізетін адамдардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажы­рата алмай жататыны жасырын емес. Әсіресе, апатты және төтен­ше жағдайлар уағында, саяси оқи­ғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ха­барламалар лезде көптеп тарайды. Яғни, арандатушылар «бүйірден ұрар» сәтті күтіп, дайын отыратын секілді. Қазақстанның заңнама­сы­на сәйкес, фейк ақпарат тарат­қан­дар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жаза­ланады. Әйткенмен, көпшілік мұн­дай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетінінен бей­хабар сынды. Сонымен, жалған ақпар таратушылар қандай жазаға кесілетінін анықтап көрсек. Елімізде жалған ақпарат та­рат­қаны үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қыл­мыс­тық кодекс қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәй­кес) қарастырыла бастады. Жо­ғар­ғы Соттың ақпараттық базасын­дағы мәліметтерге сенсек, фейк де­рек таратқаны үшін 2015-2016 жылдары – 2, 2017 жылы – 4, 2018 жылы – 1, 2019 жылы 3 қылмыстық іс қозғалған екен. Бірақ жалған ақпарат таратуға қатысты жауап­кершілік тек 274-баппен шектел­мейді. Қылмыстық кодекстің бір­неше бабы бойынша жаза­ла­нады. Мәселен, 174-бап бойынша, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiл­дiк, тектік-топтық немесе дiни ала­уыздықты қоздырғандар ісі қа­ралады. Жария немесе бұқара­лық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бос­тандығынан айыру жазасы қолда­нылады. Үңілсек, жоғарыда «Қа­зақ­стан Қытайға қосылады» де­ген­дерге қатысты қылмыстық іс қоз­ғалар болса, осы бап негізге алы­нуы мүмкін. [caption id="attachment_155004" align="aligncenter" width="1265"]жалған ақпарат © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұдан бөлек, 273-бапта «Терро­ризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» жайлы айтылған. Мұн­дай жағдайда 5 000 АЕК мөлше­рінде айыппұл салынып, түзеу жұмыстарына немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бос­тандығынан айыру жазасы қол­данылады. Көбіне фейк тарат­қан­дар ісі 274-баппен қаралады. «Көрінеу жалған ақпарат тарату» дейтін бөлімінде қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың немесе ұйым­дардың құқықтары мен заң­ды мүд­делеріне, қоғамның немесе мемле­кеттің заңмен қорғалатын мүдде­леріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін дерек үшін түзеу жұмыс­тарына жегіліп, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыс­тарға тарту қарасты­рылыпты. Кей кезде бір жылға дейін бас бостан­дығы­нан айыру жазасына кесіледі. Ал Әкім­шілік құқықбұзушылық тура­лы кодексте жалған ақпарат тарату екі түрлі баппен қаралып, көбіне айыппұл салумен жаза­лайды.

Мамандар не дейді?

Осы тұста біз мамандар пікірін білген едік. Заңгер Болатбек Ер­жан жалған ақпараттар қоғамды елеңдетіп, дүмпу тудырмаса, қыл­мыстық істі болжау аса қиын екенін айтады. – Қылмыс құрамының басты шарттарының бірі ретінде таралған ақпараттың қоғамға, азаматтарға елеулі зиян келтіруі есепке алына­ды. Яғни, таралған ақпарат қоғам­да резонанс тудыруы қажет. Істер­дің аздығынан сот практикасын болжау да қиын. Жалған ақпарат таратып, жазаланған адамдар бұ­рын да кездескенін білеміз. 2016 жылы жер мәселесіне қатысты митингілер кезінде осы оқиғаларға түк қатысы жоқ фотосуреттерді Facebook-те «Қызылорда қаласын­дағы митинг» деп жариялаған азамат 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды. 2017 жылы YouTube сервисінде тұрғын үйлердің біреуі құлағаны жайлы видео таратқан Семей тұрғыны кінәсін мойындап, 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген, – дейді ол. Сондай-ақ заңгердің айтуын­ша, сот практикасында стандартты емес істер де кездесетін көрінеді. 2018 жылы Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) тұрғыны өзінің теміржол вокзалын жаруға бара жатқаны жайлы хабарлаған. Бұл іс 273-бап – «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» ретінде қарастырылмай, 274-бап бойынша сот үкімі шыққан. Осыған ұқсас оқиғаларды көп­теп тізе беруге болады. 2017 жылы Ұлттық ұлан сарбазы қызметі аясында марапатталу үшін жалған муляж жасап, кейін өзінің бомбаға ұқсас зат тапқанын командирлеріне хабарлайды. Сот айыпталушыға 2 жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындаған. Ал жалған ақпарат тарату әре­кетін психологтер қалай түсін­діреді? Бұл да бір адам ішіндегі арандатушылыққа құмар дерт емес пе? Психолог Ержан Мырзабай мемлекеттік деңгейдегі жалған ақ­паратты таратуда батылдық қажет екенін жеткізді. – Көп жағдайда психотип бо­йынша жалған ақпаратты жеке тұлғалар немесе белгілі бір мүдделі топтар ұйымдастырып, таратады. Ал мемлекет деңгейіндегі жалған ақпараттарға келсек, бұған тере­ңірек үңілу керек. Менің ойымша, бұндай жағдайда ішкі және сыртқы күштердің қатысы бар. Олардың өзге жалған ақпарат таратушыларға қарағанда ерекшелігі көп. Ең бастысы, батылдыққа ие. Ақпа­ратты қалай жеткізіп, қалай өңдеу жолдарын, жалпы, техника мен тәсілдерді біледі. Жаңағы ақпа­ратты осы сыртқы күштер таратып отырғанға ұқсайды, – дейді маман. Бір сөзбен айтқанда, психолог сөзіне қарап ел ішінде дүрбелең туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқ­сан келтіретін азаматтар адам­дар­дың санасына қалай әсер етуді біл­се керек деп топшыладық. Яғни, қоғамның тыныштығын қасақана бұзу ниеті бар. Біздің ойы­мызша, осы санаттағы аза­мат­тар жазасыз қалмаса керек.

Мадияр ТӨЛЕУ