Сарапшылардың пікірі сан алуан болған әкімдердің тікелей сайлауы да өтіп, ел таңдауына ие болғандар ауылдық округтердің тізгінін ұстады. Жетісу жерінде ел сенімін иеленгендер арасында жастардың баршылық екені көңілге көп үміт сыйлайды. Жастықтарына қарамастан, бұған дейін атқарған қызметтерінде өздерін жақсы жақтарынан көрсеткен, жұрттың жүрегіне жол тапқандардың қатарында туған жеріне ту тіккенді жөн көргендер де бар. Солардың бірі Кеген ауданындағы Бөлексаз ауылының әкімі болып сайланған, жасы 30-дан енді асқан Серік Құныпияевқа жолығып, бірер сауалды көлденең тартқан едік. Ауылдың жаңа басшысы бұл сайлауға «Nur Otan» партиясының атынан түскен болатын.
– Серік Тұрғанбайұлы, отызыңда орда бұзуды жөн көріп, әкімдік тізгінін ұстауға бел буыпсың. Ел басқару оңай деп ойлайсың ба? – Өзім осы жолы әкімі болып сайланған Бөлексаз ауылында дүниеге келгенмін. Осында өсіп-жетілдім. Туған ауылдың тұрғындары сенім білдірген соң, ауылға жетекшілік етуге тәуекел жасадым. Қазақ «отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал ала алмайсың» деген ғой! Әкімдікке сайлауға түсуге қатысты айтарым, бұған дейін құр босқа жүргенім жоқ. Жоғары білімім бар. 2011 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін құрылыс саласы мамандығы бойынша бітірдім. Одан бері де он жыл өте шықты. Біраз қызмет атқардым. Ысылдым, тәжірибе жинадым. Еңбек жолымды өзім өскен өңірде бастадым. Нақты айтқанда, 2014 жылы Райымбек ауданының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне бас маман болып қабылдандым. 2018 жылғы сәуір айынан бастап Кеген ауданының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы болдым. Туған ауылымнан қол үзгенім жоқ. Аудандық деңгейде қызмет атқарғандықтан, ауылдағы тірлікті, шешімін күткен мәселелерді жақсы білемін деп айта аламын. Ең бастысы, халықпен тіл табыса отырып, еңбек ету. Сонда ешқандай түсінбестік болмайды. Жетістіктерге де жұмыла отырып, жетеміз. – Ауылды дамыту арқылы бүкіл елдің өркендеуіне қол жеткіземіз дегенге қалай қарайсың? – Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартпай, тұтас ел экономикасын көтеру қиын екені рас. Кез келген үлкен дүние шағын бөлшектен тұрады. Соған сай мемлекеттің де мерейінің тасуы сол елдің құрамындағы елді мекендердің жағдайына тікелей байланысты. Аудандық әкімдікте халықпен қоян-қолтық жұмыс істейтін бөлімде қызмет ету барысында соңғы кездері жиі көтеріліп жүрген жайылым, шабындық жерлер мен таза ауызсу, жол, медицина қызметкерлерінің жетімсіздігі, ауыл мәдениеті мен спортын дамыту секілді мәселелермен жиі жолығып, оларды қалай шешуге болатынын зерделедім. «Егер мен әкім болсам, не істер едім?» деген сауалдарға жауап іздедім. Ақыры барлығын басымнан өткеріп көруге, білімім мен білігімді ауыл тірлігін оңалтуға жұмсауға бел буып, сайлауға қатыстым. «Туған жерге туыңды тік!» демекші, өз ауылымның көркейіп, өркендеуіне, экономикалық дамуына үлесімді қосайын дедім. Ауыл ажарланса – қазақтың да маңдайы жарқырағаны. Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. – Сайлауалды бағдарламаңда қандай бағыттарды қарастырдың? – Туып-өскен елімде әкім болу асқан жауапкершілік жүктейтінін сезінемін. Келешекте өз міндетімді атқару барысында округ тұрғындарының, ауыл шаруашылыққа арналған жердің, төрт түлік малдың, әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың жай-күйін бағамдап, салық түсімінің толық статистикасын саралау арқылы округтің дәл қазіргі жағдайын және болашақ даму мүмкіндігін анықтап, барлық салалар бойынша стратегиялық даму жоспарын жасаймын. Қолданыстағы заңдар аясында ауылдық аумақтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен жете танысып, жергілікті жердің игілігін толық пайдалану арқылы дамудың жолдарын қарастырып, оларды іске асыру тетігін ойластырамын. Халықтың тыныс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын үнемі назарда ұстап, қоғамдастық өкілдерімен, аудандық әкімшілікпен және аудандық мәслихатпен, тиісті атқарушы органдармен бірлесе отырып туындаған мәселелердің шешімін табуға, білікті жас мамандарды тартуға, жастарды ауылға қажетті мамандықтарға оқытуға ықпал етемін. Ауыл халқымен араласып жүргендіктен, тұрғындардың күнделікті тірлігін, жағдайын бір кісідей білемін. Жолдың нашарлығы, көше жарығының жетіспеуі, ауызсу тартудың толық аяқталмауы, мәдениет үйінің және ауылдық әкімдік ғимаратының жоқтығы, балабақшаның тарлығы, саябақтың болмауы бәрімізді толғандырады. Бірден шешілмесе, тиісті орындардың көмегіне сүйене отырып, осыларды реттеуге күш саламын. Таза ауызсуға қол жеткізсек, өзіміздің мәдениет үйіміз болса, саябақ пен спорт алаңы жабдықталса, қажетті мамандықтарға оқытсақ ауылда жастар да тұрақтар еді. Жергілікті тұрғындардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, мал тұқымын асылдандыру, жайылым мен шабындық мәселесін шешу кезек күттірмейді. Шағын кәсіпкерлік те көңіл бөлуді қажетсінеді. Көп мәселенің шешімі қаржыға тірелетіндіктен, салық түсімдері көздерін көбейтуге де назар аударған дұрыс. Әрине, сайлауда халық үміт артып, дауыс берген соң, ел сенімін ақтауға және сайлауалды бағдарламамның орындалуына бар білімімді, күш-жігерімді, қажыр-қайратымды жұмсаймын. Бөлексаз ауылдық округінің гүлденуіне, көркеюіне, өркендеуіне, экономикасын көтеруге, мәдениетін дамытуға өз үлесімді қосамын деп ойлаймын. Менімен қатарлас сайланған әкімдерге де сәттілік тілеймін. – Дұрыс. Адам өміріндегі маңызды қадам жасауда ойланып, толғанып барып бір шешімге келеді. Осыған орай өзіңнің ұстанымың туралы айтсаң. – «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын» деген ұстанымдамын. Нақты айтқанда, өзімнің ертеңімді, ұрпағымның болашағын туған жермен бірге қарастырамын. Адамның болашағы да, өткені де туған жермен тығыз байланыста болады. Халқымыздың кіндік кескен, өсіп-өнген өлкені ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қадірлеу – қанға сіңген мінез, қалыптасқан дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен дарыған. Әр адам өз туған жерін мақтаныш етеді. Туған жерге қызмет ету – әрбір азаматтың басты мақсаты. «Ұлтарақтай болса да, атақоныс жер қымбат» деген сөз әр адамның жүрегінің түбінде тербеледі. – Елімізде алғаш рет өткен әкімдердің тікелей сайлауы халықтың дұрыс таңдау жасауына жол ашты, елімізде демократияның дамуына серпін берді деп ойлайсың ба? – Әрине, бұл жолғы сайлау еліміздегі демократияның жарқын көрінісі болды. Қазіргі сайлаушылар өте сауатты. Олар бәрін біліп отырады. Егер сайланған әкім ел үмітін ақтамаса, сенімсіздік білдіруге толық міндетті. Еліміздегі саяси реформалардың тереңдеуі мемлекетіміздің абырой-беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Бірлік бар жерге береке үйіріледі емес пе! Іс оңға басқаннан кейін елдегі жағдайды көріп-біліп, сараптап отырған кәсіпкерлер инвестиция құюы да әбден мүмкін. Ал инвестиция – игіліктің басы. Табыстың тайқазаны қайнар болса, ауылдың қуатын арттыруға тетік болатын қаржы ел ішінен ғана емес, алыс-жақын шетелден де келуі ғажап емес. Ендігі жағдайда тікелей сайланған әкім халық алдында берген уәдесіне, өзінің күні бұрын түзген бағдарламасының орындалуына жауапты. Айтқан уақытында орындалмай жатса, сайлаушылар әкімнен «кеше былай деп едің ғой?» деп сұрайды. Ал сұрауы болған дүниенің құралуы қиын емес. Халық сайлап отырған соң, әкім де белсене жұмыс істеуге мүдделі. Ел таңдауы алдымен елдің мұң-мұқтажын бес саусағындай білетін, ел ішіндегі жұмысты шебер ұйымдастыра алатын азаматқа түсері анық. Әкім сайлауы арқылы кейбір өркениетті елдердегідей электорат үшін күреске, бәсекеге жол ашамыз. Озық ойлы, қолынан шаруа келетін, іскерлігі, жауапкершілігі бар азамат қана сол электоратты жинай алады. Демек, сайлау – жауапкершілікті күшейтеді. Бюрократия шекпенi шешіліп, халықпен ашық араласу жанданады. Билікті орталықсыздандыру, тұрғындардың жергілікті мәселелерді шешуге ықпалын арттырады. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Болат АБАҒАН, Алматы облысы