Әлеуметтік желілерде «Ақмола облысында тұрмыстық және автогаз бағасы күрт өсуі мүмкін екен» деген әңгіме желдей есті. Сұйылтылған газдың құны бірден шарықтап кетуі мүмкін. Әлеуметтік желілерде осылай мәлімдеме таратып, қоғамда резонанс туғызған «Көкшетау Транс Газ» компаниясы газ бағасының көтерілуіне Энергетика министрлігінің жүргізген саясаты ықпал ететінін алға тартты.
«БАҒАНЫ БАРЫНША ҰСТАП ТҰРМЫЗ»
Компания басшысының айтуынша, Энергетика министрлігі жүргізген саясат газ бағасының бірден қымбаттауына жол ашпақ. Бүгінде сұйытылған газдың бағасы Ақмола облысында 61 теңгеден сатылып жатыр. Бұл – еліміз бойынша ең төменгі бағалардың бірі. Ал көршілес облыстарда баға 85 теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Кейбір кәсіпкерлердің айтуынша, Энергетика министрлігі Қазақстанның ішкі нарығында газды көтерме бағамен сатудың жаңа формасын және облыстар арасында халықтың қажеттілігіне газды таратудың жаңа моделін ойлап тауыпты.Бағаны өсіруге осы тәсіл ықпал етуі мүмкін деседі. «Қазір оңтүстіктегі үш облыс және республикалық маңызы бар Алматы және Шымкент қалалары оңтүстік аймаққа, үш облыс шығыс, екі облыс батыс және төрт облыс пен Нұр-Сұлтан қаласы солтүстік өңір болып біріктірілді. Яғни, енді әрбір облысқа жекелей берілуі тиіс сұйытылған газды министрлік бірнеше өңірге бір көлеммен жіберуге көшті. Мәселен, «солтүстік өңірге» кіргізілген кез келген облыс теріскейдегі облыстар мен елдің орталық бөлігіне арналған сұйылтылған газды бір өзі сатып алуы мүмкін. Бұл газдың тапшылығын туғызып, оның бағасының өсуіне ықпал етпей ме? Министрлік бәсекелестік болуы керек дейді. Ал бәсекелестік қажет болса, бұл өңірлер қандай принциппен құрылды? Біріктірілген бір өңірде бес облыс болса, біреуінде екі облыс қана! Сондай-ақ Қазақстанның бес облысында бәсекелестікке жағдай туғызса, қалған екі облыс неге жеке қалады? Неге Маңғыстау облысы мен Ақтөбе облыстары ешқандай өңірге кірмей жекелей қалған?», – дейді Көкшетау қаласындағы «Көкшетау Транс Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Батыр Әшіров. Ақмолалық газ компаниясы басшылығының мәліметінше, алдағы қыркүйекте газ бағасы бірден күрт көтерілуі мүмкін. Өйткені министрлік жасанды газ тапшылығын тудырған-мыс. «Энергетика саласында ондаған жылдан бері қызмет атқарып келемін. Газдың шығарылатын бағасы өте төмен. Президент монополиялардың болмауы қажет екенін ескерткен. Министрлікке мұның қателік екенін, халықтың қалтасын қағатынын айтып, ескерттім. Біз бағаны барынша ұстап тұрмыз. Бірақ бізге жасанды түрде бағаны көтеруге мәжбүрлік туындатып отыр. Мұны министрлікке батыл түрде айттым», – дейді Батыр Әшіров.МИНИСТРЛІКТІҢ УӘЖІ БАСҚА
Бұл мәселе бойынша Энергетика министрлігінен ресми пікір сұрадық. Министрлік төмендегідей жауап ұсынды. «Энергетика министрлігі ай сайынғы негізде сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде Ақмола облысының ішкі нарығы үшін шамамен 8 800 тонна бөледі. Аталған көлем сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізумен айналысатын 15 компания арасында бөлінеді. Ақмола облысындағы ЖШС бірінің өкілдері департаментке өз компаниялары үшін жеткізу жоспарының шеңберінде бөлінетін сұйытылған мұнай газының көлемін ұлғайту туралы өтініш жасады. Алайда бос көлемнің болмауынан және жеткізу жоспарын қалыптастыру қағидаларының талаптарына сәйкес келмегендіктен, осы компанияға көлемді ұлғайтудан бас тартты. Мемлекеттік орган мен бизнес өкілдері арасында конструктивті сұхбаттың орнына аталған ЖШС өкілдері министрлік өкілдерінің атына негізсіз сөздер айтып, тіл тигізе бастады. Ұзақ уақыт бойы департамент өкілдері аталған ЖШС өкілдерінен іскерлік қарым-қатынастың әдебі мен тәртібін сақтауды өтінген болатын, бірақ олар өтінішке құлақ аспады. Нарықтың басқа қатысушыларымен конструктивті сұхбат жүргізу мүмкін болмағандықтан, бірнеше рет өтінгеннен кейін аталған ЖШС өкілдері жұмыс чатынан өшірілді», – дейді Энергетика министрлігінің өкілі. Министрліктің мәліметінше, бұған дейін ведомствоға сұйытылған мұнай газы және макронарықты дамыту жөнінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ұлттық жобасы келісуге келіп түскен. Сөйтіп, макронарық шеңберінде жеткізушілер айналымын және өзге қатысушыларды ұлғайту есебінен сұйытылған мұнай газын сатып алу бойынша бәсекелестікті дамыту және субъектілерге мүмкіндікті кеңейту көзделіпті. Сөз басында айтылған шаралар сол үшін жасалса керек. Ал кейбір компания бұл саясатқа келіспей отыр. Сол себепті «газ бағасы қымбаттайды» деген қорытындыға келген сыңайлы. Әрі «қорыққан бұрын жұдырықтайдының» керін істеп халықты елеңдетіп қоюды көздей ме деп қалдық. Дегенмен Ақмоладағы газдың бағасы қалай боларын қыркүйекте көреміз. Әзірге тыныш.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы