Қызылордалық диқандар неге алаңдаулы?
Қызылордалық диқандар неге алаңдаулы?
253
оқылды

Биылғы қуаңшылық Сыр диқандарына оңай тиген жоқ. Өңірдегі Сырдария өзеніне судың жылдағыдан аз мөлшерде түсуі, әсіресе күріш шаруашылығына қиындық туғызды. Күріш өнімділігінен 7 жыл бойы рекордтық көрсеткішке жеткен диқандар биыл толағай табыс күтпейді. Жаз бойы атыз жағалаған еңбегі мен кеткен шығын өтелсе, соған да қанағат етуге мәжбүр.

Жалпы, биыл Қызылорда облысы бойынша 188 мың гектарға ауыл шаруа­шылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде өңірдің негізгі дақылы күріш егісінің көлемі 83,6 мың гектарды құрапты. Өткен жылмен салыстырғанда 6 мың гектарға күріш көлемі қысқар­тылып, орнына барлығы 9,8 мың гектар болатын суды аз қажет ететін әртарап­тандыру бағытындағы майлы және мал азықтық дақылдармен қатар көкөніс, бақшаның егіс көлемдері артқан. Сонымен қатар 53,5 гектар жерге жеміс-жидектер мен жүзімдіктер егілген. Қазір облыстың оңтүстік ауданда­рында егін жинау жұмыстары басталды. Бекітілген кестеге сәйкес бидай, арпа және сұлы дақылдарын жинау жұмыстары аяқталды, мал азығы, майлы, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүруде. «Негізгі дақыл кү­ріш­ке орақ салу жұмыстары тамыз айы­ның үшінші онкүндігінде басталады», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы бас­қармасы мамандары. Сондай-ақ ма­мандар жасаған болжамға сәйкес, кү­ріштен жиналатын өнім көлемі өткен жыл­дың деңгейінде болады деп отыр. Егін жинау жұмыстары 15 қазаннан ке­шіктірмей толық аяқтау жоспарланыпты. Өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі «Абай-Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Марат Сәрсенбаев биылғы егін кезінде диқандар едәуір қиындыққа кезіккенін айтады. Қуаңшылық салдары­нан өткен жылға қарағанда күріш егісінің көлемін қысқартқан көрінеді. – Биыл су тапшылығына байланысты су насостарын көп қолдандық. Өзіңіз білесіз, қазір барлық тауардың құны қым­баттаған. Сол себепті егістікке кет­кен шығынымыз жылдағыдан көп болды. Шаруашылықтар кезектесе су алу арқы­лы күрішті уақытында суға бастырдық. Алайда күннің жылдағыдан ерекше ыс­тық болуы да күріштің ауруға шалдығуына сеп болды. Кезектесіп су бастыру кезінде уақытымызды күтіп, арамшөптердің көптеп шығуына әсер етті. Сол себепті Сыр күрішшілері жылдағыдай рекордтық көрсеткішке қол жеткізеді деп айта ал­маймын. Алайда егіннің шығуы деңгейіне көңіліміз толады, Су тапшылығына бай­ланысты күріш көлемін қысқарттық. Мамандар келер жылы судың биылдан да аз болатынын айтады. Ол кезде тағы да қысқартуға мәжбүрміз. Суды аз қажет ететін егіске көңіл бөлеміз, – дейді Марат Сәрсенбаев. Ал «Таң»ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев жоспарлап ексе, күрішшілер бұл қиындықтан толық шығады дегенді айтады. Ол өз шаруа­шылығы биыл егіс көлемінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізбесе де өткен жылғы табысты қайталауы мүмкін деп болжайды. – Әр шаруашылық дән себерде өз егістік жерінің мүмкіндігіне аса зер салуы тиіс. Судың келу мүмкіндігі мен жердің құнарлылығын зерттеп алып, сол бо­йын­ша егіс көлемін жоспарлауы тиіс. Мен осы мүмкіндіктердің барлығын қарас­тырып, биыл күріш егісінің көлемін 20 пайызға азайттым. Мамандар келер жылы су мәселесі биылғы жылдан да нашар болуы мүмкін деп болжап отыр. Ол уақытта тағы күріш егісінің көлемін қысқартуға мәжбүр боламыз. Алайда біз күріштен мүлдем қол үзіп кетеміз дей алмаймыз. Өйткені біздің техникала­ры­мыз, базамыз, зауыттарымыз осы күріш­ке арналған, – дейді «Таң»ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев. Облыстағы «Ы.Жақаев» атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандары биылғы қуаңшылыққа өңір диқандарының д­а­йын болмағанын алға тартады. Су жет­кізетін арықтардың тазаланбауы мен егіс­тік жерлердің өз деңгейінде тегіс­телмеуі егістікке қосымша әсер еткенін айтады. – Шынын айту керек, биылғы қуаң­шылыққа диқандар жіті дайындықпен кіріскен жоқ. Су жүретін арықтар қа­мыстан тазартылмағандықтан, су өткізу мүмкіндігін азайтты. Мол суға үйренген шаруашылықтар егістік жерлердің тегіс болуына да аса зер салмады. Сол себепті кей шаруашылықтар биыл мол өнімге қол жеткізе алмауы мүмкін. Су тап­шылығына байланыста су қашыртқылары мен насостарды қолданды. Алайда су қашыртқылары судың булануы мен тұздануына әкеліп соғады. Ал насостар күріштік жерлердің өз деңгейінде ылғал­дануына мүмкіндік бермейді, – дейді «Ы.Жақаев» атындағы Қазақ күріш ша­руашылығы ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының «Қызылорда» білім тарату орта­лы­ғының жетекшісі Жанұзақ Байманов. Сондай-ақ Жанұзақ Байманов «бү­гінде шаруашылықтардың көбінде гид­ротехник мамандарының болмауы да қиындық туғызды», – дейді. Су шаруа­шылығы мамандарының болмауынан шаруашылықтар суды дұрыс пайдалана алмады деп есептейді. Сол себепті инс­титут жанындағы орталықтан білім алуға кәсіпкерлер өз мамандарын жіберіп отыруы тиіс екенін айтады. Сонда ғана аз суды оңтайлы пайдалану мүмкіндігі артатын көрінеді.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы