Елорданы газдандыру мәселесі – қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жеңілдетуге бағытталған ауқымда жоба. Өйткені көмірден шыққан көк түтін қаланың экологиялық тазалығына да айтарлықтай қауіп төндіреді. Екіншіден, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін де маңызды. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан елорданы газдандыру жобасы қалай жүріп жатыр? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей бақылауына алған бұл жұмыстың қысқа дейін қанша пайызы аяқталуға жақын?
Екі жылдан бері қолға алынған газдандыру жүйесі жұмыстарының бірінші және екінші кезеңі қарқынды іске асып жатыр. Сол алғашқы кезеңде 9 іске қосу кешені жүзеге асуы керек болған еді. Бүгінде жоспарға сәйкес, 6-уы іске қосылған. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қазір қаладағы бірқатар елді мекен толығымен газдандырылғанын айтқан болатын. Атап айтсақ, биылғы жылыту маусымында қаладағы жеті елді мекен тұрғындары газға қосылу мүмкіндігін алатын болды. Қыстың қамын жазда ойлаған әкімдік жылыту маусымының басталуына дейін тағы бірнеше ауданға газ құбырын тартуға үлгеру үшін барын салып жатыр. Қаладағы жылыту маусымы шамамен 7 айға созылатынын ескерсек, газдандыру жұмысы қала тұрғындарының өмір сүруін едәуір жақсартуы тиіс. Биыл жылыту маусымында газға қосылу мүмкіндігін тағы Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Көктал-1, Агроқалашық (2020 жылы қосылмаған бөлік). Бұдан бөлек, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендері тұрғындары көре алады. «Қазақауыл» (Қараөткел) шағынауданы бойынша да газбен жабдықтау желілерінің құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Қазір бұл бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сондай-ақ қала әкімінің айтуынша, газ тарату желілерін салу бойынша ауқымды жұмыстар жалғаса береді. Осы жылы тағы 317 шақырым газ тарату желісі салынуы тиіс. Оның ішінде 240 шақырым астамы дайын. Былтырғы жылыту маусымында Теміржолшылар, Көктал-2, Агроқалашықтың бір бөлігінің тұрғындары газға қосылу мүмкіндігін алған болатын. Қазір 345 шақырым кварталішілік газбен жабдықтау желілерінің жұмысы аяқталған. Қаладағы газ құбырын тарту бойынша жұмыстарға қызығушылық танытып отырған тұрғындар көп. Мәселен, Үркер шағынауданының тұрғындары газдың қызығын қашан көре алатынын сұраған. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл аудан халқының сұрауы келесі жылға қалып отыр. Қазір Үркер шағынауданын газбен қамтамасыз ету 2022-2023 жылдардың жоспарына енгізіліп, бұл бойынша жобалық-сметалық құжаттар жасалып қойған. Сонымен бірге Оңтүстік-Шығыс ауданы мен Агроқалашық халқының да газдандыру жұмысына байланысты толғандырып жүрген сауалы көп. Дегенмен жауаптылардың берген жауабына сүйенсек, бұл аудан халқының алаңдауына негіз жоқ көрінеді. Өйткені ауданды газдандыру желілерінің құрылысын аяқтау екі ауданда да қыркүйек айының соңына дейін жоспарланған. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің отын-энергеткалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов қазір Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашықтың бір бөлігі, «Теміржолшылар» тұрғын үй алаптарындағы әрбір үйге толығымен газ әкелініп, құбыр ішіне берілген деп отыр. Ал ары қарай әрбір тұрғын өз қалауы бойынша газ құбырына қосыла алады. Сонымен қатар былтыр екі жылу беру орталығы қазандық газға ауыстырылыпты. «Биыл ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ге тағы қазандық қосылады. Атап айтсақ, ЖЭО-1 4 қазандық, ЖЭО-2-ні 5 қазандық газбен қамтамасыз ету көзделген», – дейді Мақсат Қайыркешұлы. Сондай-ақ бөлім басшысы қалыпты газға көшуге халықты ынталандыру үшін мемлекет пен әкімдік тарапынан бірнеше шара қарастырылғанын жеткізді. Бірінші кезекте газға қосылуға ниет білдірген әрбір тұрғынға тегін есепші құрылғысы беріледі. Оның құны шамамен орташа алғанда, 80-90 мың тұрады екен. Оны газға қосыламын деген кез келген адам тұрғын үй шарттарын алғаннан кейін әкімдіктен алуына болады. Екіншіден, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға әкімдік тарапынан 270 мың көлемінде көмек қарастырылған. Үшіншісі, әкімдік Халық банкпен бірге газға қосылатын тұрғындарға несие алу бойынша жеңілдік қарастырады. Яғни, газды қостыруға қажетті несие рәсімдегенде пайызсыз және кепілсіз беру туралы меморандум бар. Несие берудің ең үлкен құны – 750 мың теңгені құрайды. Тұрғындардың бұл қаржыны бөліп төлеуіне банк рұқсат беруі тиіс.Жадыра МҮСІЛІМ