Детективтер қызметі реттелген жоқ
Детективтер қызметі реттелген жоқ
© коллаж: Елдар Қаба
379
оқылды

Бүгінде елімізде 2 мыңнан астам детектив жұмыс істейді деген дерек бар. Бірақ бұл ақпаратты нақты деп айтуға болмайды. Олардың санатына жеке тыңшылық қыз­метпен шұғылданатындар да, негізгі жұмысынан басқа уақыттарда тапсырыс бойынша із кесумен айналысатын қауіпсіздік қызметінің адамдары да кіреді.

Қай қоғамда да, қай елде де жеке детектив­тер­дің қызметіне деген сұраныс аз емес. Мәселен, кей­бір ата-аналар жасөспірім балаларының түрлі жат әдеттерге салынып кетуінен сақтау үшін олар­ды сырттай бақылағысы келеді. Енді біреу­лерге үй қызметшісін, бала күтушісін жасырын қа­дағалау қажеттігі туады. Әйтпесе, жоғалып кет­кен әлдебір жақын тамыр-таныс, туы­сын  іздеу керек болады. Бұл жағдайда сіз құқық қорғау органдарына арыздана алмайсыз әрі не деп шағым­данасыз?! Полиция сіз күдіктенді екен деп балаңыздың, күтушіңіздің үстінен тергеу жүр­гізбейді. Ал жоғалып кеткен адамды іздестіру шараларын бастау үшін кемі үш күн уақыт өтуі керек. Бұл кей жағдайда кеш болып, адамды орны тол­мас қайғыға ұрындырып кетуі мүмкін. Міне, осын­дай қысылтаяң шақта сізге жеке детектив қыз­меті көмекке келеді.

Жеке ізкесушілердің қызмет көрсету аясы үлкен

Біздің қоғамда жеке детективтер жұбайлардың опасыздығын тексереді деген жаңсақ түсінік қа­лып­тасқан, бірақ олар көрсететін қызмет аясы ана­ғұрлым ауқымды. Қылмыстық, азаматтық істер бойынша қажетті ақпараттарды жинаумен айналысады. Іскерлік ортада ықтималды контрагенттердің сенімділігі мен төлем төлеу қабілеттілігін тексереді. Борыш­керлердің өздері мен олардың жасырулы  дүние-мүліктерін, хабарсыз кеткен жақын-туыстарды, ұрланған көлікті, заттарды іздейді. Ақыр аяғында жұбай­лар­дың бірі-біріне адалдығын анықтауға тапсырыс көп түседі. Ол тапсырыс түрлерінің 40%-ын қамтиды, соған қарағанда қазір адамдарды ерінің немесе зайыбының опасыздығы көп алаңдатса керек. Бірақ бірден айта кетейік, жеке детек­тивтің қыз­меті арзан бағаланбайды. Тіпті, бір қалада тұра­тын, кездеспегеніңізге 1-1,5 ай болған жақын та­нысыңызды тауып беру үшін 500 мың теңгеден кем сұрамайды. Ал енді экономикалық тергеуге не­месе тыңшылық әрекетке қатысты күрделірек іске миллиондап ақша шығаруыңызға тура келеді. Бір жақсысы, жеке із кесушілер жұмысында мем­лекеттік органдағыдай бюрократия, қағаз­бас­тылық, істің ұзаққа созылуы деген құбылыс сирек. Қолға алған істі тез бітіріп, тиесілі ақысын алуға ең бірінші детективтің өзі мүдделі. Сон­дық­тан олардың қызметіне негізінен қалталы адамдар немесе басқа амалы қалмай пұшай­ман күйге түс­кен жандардың жүгінетіні рас. Әдетте жеке детектив қызметімен бұ­рын­­ғы құқық қорғау, күштік құрылым­дардың қызмет­кер­лері шұғылданады. Себебі олардың бұл салада, біріншіден, еңбек тәжірибесі бар, екіншіден, құқық қорғау органдарында тамыр-таныстары қалған. Олар қажет кезінде криминалис­тердің, экономистердің қызметіне жүгіне алады. Ал бұл жұмыста керек ақпаратты жедел әрі сенімді көз­дерден ала білу – ең маңызды. Қаржылық бағыт­тағы ізкесу­лермен негізінен экономистер айна­лысады. Жалпы, детективтік қызметтің түрі көп, сондықтан онымен айналысатын мамандар да түрлі санатқа бөлінеді.

Детективтер туралы арнайы заң жоқ

Қазақстанда жеке детективтердің қызметін реттейтін заң жоқ. «Қалқан» корпоративтік қауіп­сіз­дік және детективтік қызмет кәсібилерінің бірлестігі» ҚБ төрағасы Рустам Мырзабаевтың айтуынша, мұндай заң жобасы алғаш рет 2003 жылы әзірленген екен. Бірақ қабылданбаған. 2010 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев құқық қор­ғау органдарын реформалау туралы жиында же­ке детектив­тер қызметі туралы заң керегін айт­қан. Сондай-ақ Президенттің 2012 жылғы ха­лыққа арнаған Жолдауында осы мәселе тағы кө­терілді. Содан бері де бірнеше рет талпыныс бол­ды, бірақ ондай атаулы заң әлі күнге шыққан жоқ. Тіпті, 2015 жылы Парламент Мәжілісінің де­пу­таттары «Детективтер қызметі туралы» заң жо­басын бірінші оқылымда қабылдаған, бірақ бұл процедура әрі қарай жалғаспай, сол беті тұрып қалды. Қазір детективтер Кәсіпкерлік кодекс­тің 5-бабы аясында жұмыс істеуге мәжбүр. Сондай-ақ Конституцияда әрбір адамның басқа аза­мат­тардың құқы мен мүдделеріне нұқсан келтірмейтін заңды тәсілмен кез келген ақпаратты алуға, тара­туға құқы бар екені айтылған. Жеке детективтер заңға қайшы келмейтін техника немесе тәсіл арқылы қажетті ақпаратты жинай алады. Яғни, жал­­пыға ортақ заң аясында Қылмыс­тық ко­декс­тің, Салық кодексінің норма­ларын сақтай оты­рып, жұмыс істейді. Рустам Мырзабаев детективтердің қызметі туралы заң көршілеріміз  Ресейде, Қырғыз Рес­публикасында ұзақ және ауыр талқылаулардан кейін әзер қабылдан­ғанымен, бұл құжаттың кем­шілігі әлі көп екенін айтады. «Заңның қабылдануы – мәселенің бір жағы ғана, оның сапасы қандай болады, бар гәп сонда! Біз шетелдердегі әріптес­терімізбен пікір алмасып тұрамыз. Ресейде мұндай заң ертеде қабылданған. Бірақ оның сапасына көптеген детективтердің көңілі толмайды. Сондықтан да ол жақта заңға өз­­­­гер­тулер енгізу мәселесін ұдайы көтеріп келе­ді», – дейді Р. Мырзабаев. Оның айтуынша, ресейлік ізкесушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Заң бойынша тың­шылық қызмет үшін олар лицензия алуы керек. Жеке детективтерге атыс қаруын ұстауға бол­майды, тек газ баллонын, электрошокер, броне­жилет пен тоқпақ (дубинка) қолдануларына ғана рұқсат. Сондай-ақ жұмыстарында бейнекамера, «жу­чок» сияқты есту-тыңдау аппараттарын пай­да­лануға да тыйым салынған. Күдіктіні тұт­қын­дауға немесе сұрақ-жауапқа шақыртуға болмайды. Мұның бәрі ресейлік пинкертондардың жұмысын қатты шектейтіні өздігінен түсінікті. Қазақстанда алда-жалда детектив қызметі тура­лы заң қабылдана қалса, жоғарыда айтылған жайт­тар ескеріледі деп үміттенейік. Өйткені бұл тек аталмыш саланың нақты «ойын ережесін» бе­кітіп қоймай, заңды және жеке тұлғаның қауіп­сіздігін қорғау жолында мемлекетке де, қоғамға да пайдалы болмақ. Ал қазір детектив қызметі туралы арнайы заң­ның жоқтығы салдарынан жеке ізкесушілерге дер­бес жауапкершілік жүктелмейді. Сондықтан да бұл салада шарлатан мен дүмшелер көп, олар басына іс түскен адамның ақшасын алдап-арбап алуды ғана біледі.

Дәулет АСАУ