Жамбылдағы жарылыс: Қорғаныс министрі отставкаға кететінін айтты
Жамбылдағы жарылыс: Қорғаныс министрі отставкаға кететінін айтты
©А.Ахметқазы
200
оқылды

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімінде орын алған жарылысқа байланысты ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен аймақ  басшысы Бердібек Сапарбаев «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, орын алған оқиғаның мән-жайын тарқатып айтты.

Бердібек Машбекұлының сөзіне сүйенсек, Байзақ ауданы Қайнар ауылындағы әскери бөліміндегі қоймада тек инженерлік оқ-дәрілер сақталған екен. – Әскери бөлімде өрт шығып, жарылыс орын алғаннан кейін шұғыл түрде облыстық штаб құрылды. Аталған бөлімге ең жақын үш ауыл орналасқандықтан 718 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оларды 10 мектеп пен 5 колледждің жатақханасына орналастырдық. Эвакуацияланған тұрғындардың барлығы қажетті дәрі-дәрмек және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Жарылыс салдарымен күресу үшін 1000-нан астам адам, 120 техника және 30 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды. 88 адам түрлі дене жарақатымен Тараз қаласы мен Байзақ ауданындағы ауруханаға жеткізілді. Олардың 60-ы жеңіл жарақат алуына байланысты медициналық алғашқы көмектен кейін үйлеріне қайтарылды. Қазір 28 адам ауруханада жатса, 6 азаматтың жағдайы орташа. Алайда олардың өміріне төніп тұрған еш қауіп жоқ. Кеше теміржол қозғалысы толықтай тоқтады. Жарылыс кезінде Жамбыл вокзалына келген екі пойыздың жолаушыларына көлік ұйымдастырып, қажетті жеріне жеткізіп тастау ұйымдастырылды. Бүгін саперлар теміржол мен үлкен тасжол бойында жұмыс жасап жатыр. Егер бәрі дұрыс болса, көлік қозғалысы қайта жанданады. Әзірге біз жеңіл көліктер үшін айналма жолдар жасадық. Тұрғындар үшін жедел желі жұмыс жасап тұр. Осы телефондарға хабарласып, кез келген азамат өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Осы тұста ерекше айтарым, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен халықты тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамын. Бүгінгі күнге Байзақ ауданы Қайнар ауылындағы әскери бөліміндегі жағдай тұрақты. Жарылыстар тоқтады, – деді облыс әкімі. Бұдан кейін сөз алған ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы жарылыс кезінде төрт әскери қызметкер қаза болғанын мәлімдеді. – Төтенше жағдай кезінде өртпен күрескен төрт әскери қызметкер қаза болды. Олар сержант - Марат Мешінбай, ефрейтор - Руслан Жанболатов, әскериленген күзет қызметкері - Оразбек Далибаев және Оңтүстік аймақтың әскери прокуроры - Капезов. Марқұмдардың барлығы жарылыс кезінде оқиға орнына жақын тұрған. Қаза тапқан азаматтардың жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Оқиға желісіне келер болсақ, 26 тамыз күні сағат 18:45-те әскери бөлімнің қоймасында өрт шыққан. Алғашқыда өртті әскери бөлімнің  қызметкерлері  өз күштерімен өшіргісі келген. Алайда, тілсіз жау бағынбай, өршіп кеткен. Нәтижесінде оқиға орнына бастапқыда 500 адам көмекке жіберілсе, кейін олардың саны 2000 адамға жетті. Десе де, өрт шыққан уақыттан 1 сағат өткенде 10-нан аса жарылыс болды. Жарылыс кезінде әскерилер мен облыс әкімдігі халықты қауіпсіз жерге шығаруға барын салды. Осы тұста айта кетерлігі, әскери бөлімнің қоймасында тек  инженерлік оқ-дәрілер сақталған болатын. Олардың жарылыс кезіндегі  ұшу қашықтығы 3 шақырымды ғана құрайды. Дегенмен, біз халықтың қауіпсіздігін ойлап, төрт ауылдың халқын эвакуацияладық.
Түнде жарылыстар толықтай тоқтады. Қазір қоймаларды өшіру жұмыстары жүріп жатыр, – деді еліміздің Қорғаныс министрі. Брифинг барысында БАҚ өкілдері зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілетіндігін сұрады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жарылыс кезінде жақын маңдағы ауыл үйлерінің тек терезесі мен есіктері сынғанын айтып, дегенмен оларға мемлекет тарапынан барлық қолдау болатындығын жеткізді. Ал өрт неден шығуы мүмкін деген сауалға Қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы әскери бөлімдегі мамандардың жауапсыздығынан бастап, қасақана өрт қойылған фактіге дейін тексеріліп жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, брифингтен кейін Азаттық тілшісінің Қорғаныс министріне «Сіз министр болып тұрған кезде екі бірдей жарылыс болды, енді қайтпексіз?» деген сауалына Нұрлан Ермекбаев отставкаға кететінін мәлімдеді.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы