Жыл басынан бері Қазақстаннан шетелге кеткендердің саны 14,2 мыңға жетті. Оның тек 4600-і қайтып келді.
Ranking.kz-тің мәліметінше, былтырғы кезеңмен салыстырғанда биылғы жартыжылдықта шетелден оралғандардың саны әжептәуір азайған. Керісінше, өзге елге кеткен қазақстандықтардың саны 29,3 пайызға өскен. Бұл дегеніміз – 14 200 адам. Оның 11,9-і – қала тұрғыны болса, 2 200-і – ауыл тұрғындары. Бұл – осы 6 ай ішіндегі көрсеткіш.
Шетелден оралған қазақстандықтың 3700-і қалаға тұрақтаса, тек 883 ауылға орныққан. Қызығы, оралғандардың көбісі еліміздің үш аймағына тұрақтайды. Атап айтсақ, Алматыға – 866, Маңғыстау облысы – 841 және Шымкент – 419 адам қоныстанған.
Ал шетелге кететіндердің негізі – Қарағанды облысы мен Шығыс Қазақстан облысы. Бір облыстың өзінен 2100 адам жұмыс іздеп кеткен. Өзге елге кетуге қатты қызықпаған Қызылорда облысы екен. Алты ай ішінде ол жақтан 32 адам ғана кетіпті.
Одан гөрі шетелге қоныс аударған балалардың саны 3700-ге жеткен. Елге оралған 15 жасқа дейінге жасөспірімдерді есепке алсақ, өте аз. Бар-жоғы – 363.
Азаматтарымыздың шетелге көшуінің бірнеше себебі бар. Оқудан бөлек, көшіп кететіндердің көпшілігі тұрмысын түзей алмағандар. Ал мықты мамандар бюрократия мен жемқорлықтан шаршаған.
– Мұндай құбылыс бұрыннан бар. Әсіресе, қазір, дағдарыс кезеңінде елдегі ахуал қиын. Әрі мамандар өз білімін қолдануына мүмкіндік өте аз. Ақша көлемін айтпаса да белгілі. Ертеңгі күніне күдікпен қарайтын көптеген азамат осындай қадамға баруға мәжбүр», – дейді экономист Айдар Әлібаев.
Шындығында, өзге елден жұмысқа қабілетті азаматтардың оралуы сиреген. Одан гөрі жұмыс іздеп кеткендердің саны 9800-ге жеткен. Ал елге қайтып келгеннің ішінде 519-ы зейнет жасына жеткендер.
Ресми дерек бойынша, шетелге көшкен жұмысшылардың көпшілігі медицина саласының мамандары, заңгерлер, құрылысшылар, ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Олардың дені 15 жылдық тәжірибесі бар мамандар. Биылдың өзінде бізден 1200 экономист, 678 мұғалім, 417 дәрігер, 282 заңгер, 209 сәулетші кеткен.