Отбасындағы ойран
Отбасындағы ойран
315
оқылды

Тұрмыстық зорлық-зом­былық айта-айта жа­уыр болған мәселе десек те, әлі күнге дейін осы тү­йіннің бір шешімі табыл­май келе жатқаны жасы­рын емес. Күн сайын жүз­деген әйел қит етсе, жұды­рық ала жүгірген еркек­тердің құр­банына айна­лады. Көп­шілігі жабулы қазанды жа­булы күйінде қалдыруды жөн көрген­дік­тен, отба­сындағы талай ойраннан қоғам хабарсыз.

Петропавл қаласындағы «Ана» үйіне Нұр-Сұлтаннан ауысты­рыл­ған 29 жастағы Екатерина Қанатқа тұрмысқа шыққалы көрген күні қараң болғанын айтады (аты-жөн­дері өзгертіліп алынды). Та­ныс­тықтан соң өзін тек жақсы қыры­нан көрсетуге тырысқан жігіт ара-тұра болашақ жарына дауыс көтеріп, кейде жақтан тартып жі­беруден де тайынбаған. Бірақ ке­йін кешірім сұрап, ренжімеуін өтінген. Мұндай әрекеті кейін ты­йылады деп сенген Екатерина оған тұрмысқа шыққан соң күйеуі көзіне көк шыбын үймелетіпті. Жұмыссыз қалып, пәтер жалдау ақысын төлей алмағаны, қарызға белшесінен батқаны, ішімдікке үйір болып, күні-түні оңды-солды қыдырғаны өз алдына, үнемі әйе­лін ұрып-соғып, кемсітіп, айғай-ұйғайдан көз аштырмаған. Түнде бір жаққа кетсе де, әйелі мен жаңа туған баласын құлыптап, қамап кеткен. «Үйде қамаулы жатқандық­тан, түнде баламның дене қызуы көтеріліп, ауырып қалған кезде талай рет жедел жәрдем де шақыра алмадым. Барлық құжаттарымызды да ол өзімен бірге алып жүретін болды. Күнде дауласуға айналдық. «Отырсам – опақ, тұрсам – сопақ» күй кештім. Кір жуғаным, үтік­тегенім, балаға памперс кигізгенім, бәрінен кемшілік тауып, қит етсе, маған жұдырық ала жүгіретін бол­ды. Өзімді сабақ оқымай келген оқушы құсап, үнемі кінәлі сезінуге айналдым», – дейді Екатерина. Күйеуінен талай құқай көрген келіншек ақырында полиция ша­қыруға мәжбүр болған. Сол үшін де сазайын тартқан әйелін күйеуі бұдан соң тіпті ұр тоқпақ­тың ас­тына алған. Ақыр-аяғында Ека­те­рина ешбір құжатсыз жалдамалы пәтерінен қашып шығып, «Ана» үйіне орналасыпты. Мұнда да Қанат келіп мазалай берген соң дағдарыс орталығының басшы­лығы оны Петропавлға ауыстыру туралы шешім қабылдаған. «Мұнда өзімді қауіпсіз ортада жүргендей сезінемін. Ең алдымен, ұлым ту­ралы ойлар мазалай берді. Отба­сындағы ойранды көріп өскен ол ертең әкесі сияқты болмасына кім кепіл? Сондықтан оған дұрыс тәрбие беру мәселесі көбірек ма­залайды», – дейді ол. Оның пікірін «Ана» үйінің үй­лестірушісі Меруерт Көшембаева да қолдады. «Тұрмыстық зорлық­тың алдын алғымыз келсе, ең ал­дымен, отбасындағы ұлдың тәр­биесіне мән беру керек. Бастысы, әлсіз әйелдер мен қыздарға әлім­жеттік жасауға болмайтынын ұл баланың санасына жастайынан сі­ңірген абзал. Сонда ғана ер аза­мат деген атқа лайық жігіттер өсіп шығады. Әйелдерін ұратын еркек­терге қарасам, содан өздері ләззат алатын сияқты. Мұндай кісілерді адам өлтірушіге теңер едім. Өйт­кені олар әйелдің бойындағы бар­лық асыл қасиеттердің тамырына балта шабады. Мұндай еркектерді заң бойынша барынша қатаң жазалау керек. Күйеуі сабаған әйелдер құр сүлдерін сүйретіп жүрген тіршілік иелері тәріздес. Бізге көк ала қойдай болып келген қыз-келіншектердің барлығы дерлік балалар үшін бәріне шы­дайтынын айтады. Бұл түп-тамы­рымен дұрыс емес», – дейді «Ана» үйінің үй­лестірушісі Меруерт Көшембаева.

АГРЕССОРЛАРМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ШОРТ КЕСКЕН ДҰРЫС

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәлі­метінше, осы жылдың сегіз айы ішінде осындай құқықбұзушылық жасаған 1 378 адам әкімшілік жа­уап­кершілікке тартылып, оның 493-і тұтқындалған, 191-і ескерту алған және жетеуіне айыппұл са­лынған. 1 700-ден астам қорғау ұй­ға­рымы шығарылып, оны бұзған 100 шақты адам жауапкершілікке тартылған. Тұрмыстық саладағы әкімшілік құқықбұзушылық үшін кінәлі адамдардың жүріс-тұры­сына сот 440 ерекше талап қойды. Қорғау ұйғарымы немесе ерекше талап қойылған адамдар міндетті түрде ішкі істер органдарына есеп­ке алынады. Оларды полиция қыз­меткерлері аптасына кем де­генде бір рет мүдделі орган, мәсе­лен, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қорғаншылық, білім беру мекемелері мамандарымен бірге тексереді. Бұған қоса тәртіп сақ­шылары тәуекел тобындағы жан­жалқойларды да ұдайы бақылауға алған. Отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы қыл­мыстардың алдын алу үшін «Тұр­мыс», «Отбасындағы зорлыққа жол жоқ!» жедел алдын алу шара­лары өткізіліп тұрады. Осындай шаралар нәтижесіз де емес. Об­лыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл осы тектес қылмыстар 13 па­йызға азайған. Бірақ бұған тоқмейілсуге әсте болмайды. «Әйелдерді қолдау ор­талығы» қоғамдық бірлестігі жа­нындағы тұрмыстық зорлық-зом­былық құрбандарына арналған уақытша тұру орталығы бір босаған емес. Осы жылдың сегіз айы ішінде осы баспанаға 55 адам жолданған. «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алина Орлованың айтуынша, баспана небәрі 20 орынға шақтал­ғанымен, кейде көмекке жүгінген әйелдердің саны бұдан әлдеқайда асып кететін көрінеді. Мұндайда орталықтағы қыз-келіншектерге сығылыса тұрудан басқа амал жоқ. «Әйелдер өздері де дәл осындай жағдайды бастарынан өткер­ген­діктен, түсіністік танытады. Кейде араша сұрап келген нәзік жанды­ларды ойын бөлмесіне орналас­ты­рамыз. Мұндай жағдайлар, әсіресе мереке күндерінде жиі кездеседі. Мұның себебін бірнеше күнге со­зылған демалыстарда арақ-шарап­тың салдарынан тұрмыстық зор­лық көбейе түсетінімен байланыс­ты­рамын», – дейді Алина Генна­дьев­на. Қоғамдық бірлестік төра­йы­мы ер адам әйелге бір рет қол кө­терсе, жұдырық ала жүгіруін еш­қашан доғармайды деген пі­кірде. Сон­дықтан оның пікірінше, мұндай еркектермен қарым-қаты­насты бірден үзу керек. Өкінішке қарай, орталық әйелдерді алты айдан артық ұстай алмайды. Жар­ты жыл­дан соң олардың басым бөлігі отба­сына оралуға мәжбүр. Себебі пәтер жалдауға немесе үй сатып алуға әркімнің шамасы келе бер­мейді. «Әйелдер ерлерді кеші­ре­тін­діктен әрі ер адамдар өзде­рінің жазадан оңай құтылатынын ұғын­ғандықтан, отбасындағы ой­ран жалғаса бермек. Біздің елімізде агрессорларды жөнге салуға бағыт­талған бағдарламалар баршылық. Олар «Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық профилакти­касы туралы» заңда да көрсетілген. Бірақ іс жүзінде одан пайда шамалы болып тұр. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында жұдырығына сен­ген еркектерді тезге салудың екі жолы бар: оңалту курсынан өту, мұнымен келіспесе, бір-бір жа­рым жылға түрмеге қамау. Басқа жол жоқ. Біз­де де осындай жүйені енгізсе, жағ­дай біршама түзелер ме еді?» – дейді Алина Орлова. Оның ай­туын­ша, нәзік жандылар жәбір көр­сетуші қанша жалы­ныпжалба­рынса да, ешқашан кешірмей, қайы­рылмағаны, агрес­сорлармен байланысты шорт кескені дұрыс. Орталықтың кө­мегіне жүгінген жандардың ара­сында мұндайлар бар көрінеді. «Бірақ өкінішке қарай, бірен-саран ғана. Ондай әйелдермен біз ешқашан қарым-қатынасымызды үзбейміз. Қиын кезде қолдауға әрқашан дайын­быз», – дейді төрайым. Орталықтың және «Ана» үйінің көмегіне жүгінген әйелдер қызмет көрсету саласындағы сұранысқа ие мамандықтарды меңгере алады. Тырнақ әрлеуші, аспаз, тігінші ма­мандықтарын меңгеріп, өз қол­дары өз ауыздарына жеткен ке­ліншектер де жоқ емес. Сондай-ақ дағдарыс орталықтарында әлеу­меттік, медициналық, тұрмыстық, психологиялық, педагогикалық, құқықтық көмек те көрсетіледі.

ТЕК ПОЛИЦИЯНЫҢ БАС АУРУЫ ЕМЕС

Отбасы ойрандалған әйелдер­дің басым бөлігі «Басқа түссе, бас­пақшыл» деп, ұятты ойлап іштен тынады. Көрген күнін жұрт естісе, масқара болады деп, көнгеннен басқа амалы жоқ. Полициямен ті­келей байланыстан қаймыға­тындары қаншама?! Сол себепті облыс орталығында ақпараттық-түсіндіру мақсатында Telegram ар­насы және WhatsApp мессенд­жерінде қауырт желі құрылды. Telegram арнасында қазірдің өзінде 70-тен астам жа­зы­лушы бар. Олар­дың жартысы – тұрмыстық зор­лық­тан зардап шек­кендер. Осы мес­сенджерлер ар­қылы биыл 10 әйел хабарласып, олардың бар­лы­ғына да көмек көрсетілді. Екеуі – баспанаға, біреуі «Ана» үйіне ор­наласты­ры­лып, қалғандарына заң­герлік ақыл-кеңес берілді. Жер­гілікті Полиция қызметі басқар­масының аға инспекторы Әсия Әбжано­ва­ның айтуынша, зорлық-зомбылық кейде сырт көзге жайлы көрінетін отбасыларда да кездеседі. «Мұндай әйелдер кейде үй жанын­дағы дүкен сатушысынан, дәріхана фарма­цевтінен көмек сұрап, поли­цияға хабарлауын өтінеді. Сондық­тан біз әрдайым әртүрлі сатушы­лармен, тіпті тұтас ұжымдармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тұрмыс­тық зорлық туралы жасы­рын ха­бардар ету алгоритмі жа­салған. Биылдан бастап әйелдерге қа­тысты зорлық-зомбылықтың ал­дын алу және жолын кесу, ана мен баланы қорғау, отбасының рөлін нығайту мақсатында ми­нистрдің бұйрығына сәйкес әйел­дерді зор­лық-зомбылықтан қорғау жөнін­дегі бөлімшелердің штат саны кеңейтілгені де бұл мәселеге тиі­сін­ше көңіл бөлінетінінің белгі­сі», – дейді Әсия Серікқызы. Дегенмен отбасынан жылу тап­пай, қиын жағдайға тап болған әйелдердің тауқыметі тек поли­цияның бас ауруы болмауы тиіс. Тұрмыстық зорлық бір отбасы­ның ғана емес, бүтіндей қоғам дертіне айналып бара жатқан­дықтан, бұған көз жұмып қараудан арылу керек. Отбасы құнды­лық­тарын насихаттауға, отбасы инс­титутын нығайтып, зорлық се­бептерінің ал­дын алуға көңіл бөл­мейінше, мәселе оң шешімін табуы неғайбіл.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы