Ноғаев не істеді, не істей алмады?
Ноғаев не істеді, не істей алмады?
265
оқылды

Президент Жарлығымен Нұрлан Ноғаев Үкімет құрамынан шығарылып, Маңғыстау облысына әкім болып тағайындалды. Беделді министрдің бірі саналған Н.Ноғаевқа енді елордадағыдай жайлы, жылы кабинетте отырмай, қайтадан өңірді аралауға, ірілі-ұсақты жиын-шараларға қатысуға, қарапайым бұқарамен кездесіп, ауыл-аймақтың кейінгі кезде көбейген проблемасын жедел шешуге тура келмек. Ал бұған дейін бас энергетик Нұрлан Ноғаев не бітірді, не атқара алмады?

Мемлекеттік мүддені қорғап қалды

Сарапшылар Нұрлан Асқарұлы жағдайында бұл отставка емес, ротация екеніне назар аудартады. Ол аймақ басшысы лауазымында Серікбай Трұмовты ауыстырды. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев мұндай ауыс-түйіс біраздан күтіл­генін айтады. «Трұмов мырза әкімдер рей­тингінің қорытындысында ең тө­мен­гі орынның бірін иеленді. Telegram-арнамда сауалнама жүр­гізгенімде де оның рейтингі нашар болып шықты. Өңірде біраз проб­лема шешілмей жатыр. Демек, оның отставкасының қисыны бар. Орнына Нұрлан Ноғаевтың ба­руы – жақсы жүріс. Ол батыстағы екі өңірді – БҚО мен Атырау об­лысын басқарды, батыс жұртшы­лығы оның қызметін оң бағалайды. Маңғыстау – мұнайлы өлке, оны энергетика экс-министрінің бас­қарғаны жөн. Кризис-менеджер ре­тінде Маңғыстаудың күрделі м­әселелерінің күрмеуін тарқата алуы мүмкін. Әйтпесе, Бозжыраға дейін талан-таражға түсе жазда­ды», – дейді саясаттанушы. Ал Қазақстанның мұнай-сер­вис­тік компаниялары одағының қыркүйектегі соңғы рейтингінде Нұр­лан Ноғаев «Мұнай саласын­дағы ең беделді 50 тұлғаның» ара­сында 3-орынға тұрақтаған-тын. «2019 жылғы 18 желтоқсанда Энергетика министрі болып таға­йын­далғалы Н.Ноғаев OPEC+ ая­сында, мұнай өндірісін қысқартуда Қазақстан мүдделерін табысты қорғап шықты. Атап айтқанда, газ конденсатының өндірісін шек­теуден алып қалды: Қазақстанның бүкіл мұнай өндірісінің 14%-ы – газ конденсатының еншісінде. Со­ны­мен қатар Ноғаев сала мәселе­лерін шешу үшін «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақ» ірі кен орын­дары операторларының күш-жі­герін біріктіре алды, олардың қа­тысуымен Мұнай-газ машина жа­сауды дамытудың халықаралық орталығын құрды», – деп түсінік­теме берді одақ. Мұнай сарапшысы, Энергетика министрінің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Байділдинов Нұрлан Асқар­ұлының аймаққа кететіні құпия болмағанын, ондай әңгіме біраздан сөз болғанын айтады. «Ноғаев министрлікті бас­қар­ған кезде мұнай мен газ өнді­рі­сінде, шикізатты өңдеуде, мұнай өнім­дері өндірісінде, электр энер­ге­тика­сында және басқасында сер­­­пінді нәтижелер көрсете ал­ма­ды. Ноғаев дағдарысқа қарсы күн тәртібін жү­зеге асырды. 2020 жыл­дың басында Brent құны 20 дол­ларға дейін құл­дырағанда ОПЕК+ картелі өндіруді қатал реттеуге кірісті. Қазақстан екі оттың орта­сында қалды. Бір жа­ғынан әлемдік мұнай қоғамдастығы Қазақстаннан өндірісті күрт қыс­қартуды талап етті. Екінші жағынан елдегі шет­ел­дік компаниялар мұн­дай мәмі­лені қолай көрмеді. Н.Но­­ғаев инвес­торларды көндіретін сөздер таба алды», – дейді сарапшы. Отандық келіссөзшілердің бі­ліктілігі арқасында сала мүддесіне де үлкен зиян келмеді: 2021 жылдың қаңтарында ОРЕС+ тарихында алғаш рет мәмілелескен елдер арасынан тек екі елге – Қазақстан мен Ресейге өндірісті қайта артты­руға рұқсат етілді. Ноғаев тұсында елдегі барлық 3 мұнай өңдеу зауыты модерни­за­циялау аяқтал­ды. 30 жылда алғаш рет ішкі нарық отандық жанар­май­мен толыққанды қамтыла бастады. Бұған қоса, 2020 жылы 493,6 мың тонна бензин (2019 жылы – 180,7 мың тон­насы) және 175,9 мың тонна дизель экс­порт­талған. Отандық бензин Өз­бек­стан, Қырғыз Респуб­ликасы, Тәжікстан және Грузия нарығына енді. Ішінара Еуропаға да жолданды. Министр Ноғаевтың басшы­лы­ғымен Қарашығанақ консорциумы акционерлерімен кірісті бөлісу жө­ніндегі дау реттелді.

10 кен орнының құны 27 пәтерге тең

Әрине, Нұрлан Ноғаев 1,9 жыл­ға созылған министрлік мерзімінде салаға біраз жаңашылдық, өзгеріс енгізуге тырысты. Біріншіден, ол мұнай пайдалану құқығын электронды аукциондар арқылы сатуды қолға алды. 2020 жылғы 23 қазанда мұнай-газ кен орындарын барлау және олардан шикізат өндіру құқығы Қазақстан тарихында тұңғыш рет онлайн са­тылды. Бұл қадам қоғамда қатаң сынға ұшырады. Себебі кейбір аса перспективті қара алтын кен орын­дарының бүкіл байлығы елордадағы пәтердің құнына беріле салды. Мы­салы, Атырау облысындағы Сағыз учаскесі 60 миллион теңгеге саудаға қойылып, 87 миллионға сатылды. 32 млн теңге сұралған Балқұдық – 50,5 млн-ға, 34 млн теңгеге бағала­ған Қошалақ 42,5 млн теңгеге өткізілді. Қалған 4 телімнен үміт­ті­лер көп болып, бәсеке қызды. Со­ның арқасында Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аума­ғында орналасқан, небәрі 20,7 млн теңге тұрады делінген Қарабау – 559 млн-ға, 34,3 млн ғана сұралған Бекайдар – 840 млн-ға сатылды. Каспий маңы ойпатындағы 38,6 млн-ға бағаланған Забұрын кен орны – 17,1 млрд теңгеге, ал Сарай­шық 43,3 млн теңге орнына 45,4 млрд теңгеге «өткізілді». Бұл әлеу­меттік желіде таңданыс, шаттық тудырды. Алайда арты жанжалға ұласты: әлдекімдер бағаны жасанды өсірген болып шықты (е-аукционға анонимді қатысуға мүмкіндік бе­рілген). Ақыры ол екеуі бойынша күтілген 59,6 млрд теңге бонус ел бюджетіне түспеді. Сондай-ақ заңнамада мұндай аукциондарды жылына 2-ден көп өткізуге тыйым салынған. Ноғаев командасы осы лимитті алып тас­тауға бекінді. Жаңа министрдің бұл бастаманы қолдар-қолдамасы әзір­ге белгісіз. Биылғы 23 сәуірде өткен ІІ аукционда бірден 10 кен орны жалпы сомасы 9,3 млрд теңгеге са­тылды. Бұл елордадағы зәулім, сал­танатты тұрғын үйдегі 27 апар­таменттің құнына ғана тең. Үшінші аукцион 19 қарашада өтеді деп жоспарланған. Аукцион арқылы жерге меншік құқығы емес, жер қойнауын пайдалану құқығы берілетінін атап өткен маңызды.

Келесі министрге қандай мұра қалады?

Екіншіден, министр болып тағайындалғанда Н.Ноғаев ірі мұ­най-газ жобаларындағы жергілікті мазмұнды дамыту мәселесін ми­нистрліктің басымдықты міндеті деп жариялады. Алайда сала ілге­рілеп кетті деу қиын. Биылғы тамызда Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасында жергілікті маз­мұнды дамытуға арналған онлайн форумға қатысқан сол кездегі ми­нистр Нұрлан Ноғаев мұнай-газ жобаларында отандық өнімдер мен қызметтер үлесінің аздығына алаң­даушылық білдірді. Өйткені қазақ жерінің қазынасын көсіп-қотарып алып жатқан шетелдік инвесторлар тауарларды, мұнай-газ жаб­дық­та­рын, запастық бөлшектерін сатып алуда шетелдік өндірушіге басым­дық береді. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын, 2011 жылы Қарашы­ғанақ жобасы үшін сатып алына­тын тауарлар, жұмыстар мен қыз­мет­терде жергілікті мазмұн 38% болған. 2020 жылы 59% межеге әрең жетіп­ті. Алайда 2021 жылы са­тып алынып жатқан тауарла­рын­да қазақстандық үлесі бар-жоғы 10,08%-ды құраған! «Инвесторлар жергілікті өнді­рушілердің барлық мүмкіндігін то­лыққанды пайдаланбайды. Бұл рет­те бүгінде қазақстандық кәсіп­орындардың көбі жер қойнауын пайдаланушылар қоятын талаптар­ға толық сәйкес келеді», – деп налыды Н.Ноғаев. Ендеше келесі министрге осы проблеманы шешу үшін мықтап бас қатыруға, келіс­сөздер жүргізуге, пәрменді қимыл­дауға тура келмек. Бұл кезең мұнай-газ, мұнай сер­вистік кәсіпорындар жұмысшы­ла­рының жаппай ереуілімен есте қалды. Үкімет осы сектор қызмет­керлерінің жалақысын ақылға қонымды деңгейге дейін көтеру міндетін қойды. Ол миссия да жете орындалмай, жаңа министрге мұраға қалды. Үшіншіден, Н.Ноғаев коман­дасы өз жұмысының жариялылығын арттыру мақсатында Telegram чатын ашқан болатын: онда кез келген адам министрлікке қалаған сауалын қоя алады. Министрлік сондай-ақ лауазымды қызмет­кер­лерінің телефон анықтамалығын ашық жариялады. Ведомствоның жаңа басшысы бұл бастаманы қаншалықты қолдайтыны белгісіз. Төртіншіден, министрлік қазір Мұнай және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін (ИСУН) құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Пилоттық режимде оған МӨЗ-дер, мұнай өндіруші және мұнай тасымалдаушы ұйымдар қосылды. Жүйені биылғы жылдың соңына дейін өнеркәсіптік пай­далануға беру жоспарланған. Бұл мұнайдың бүкіл циклін шамалы болса да айқынырақ етуі тиіс. Бесіншіден, Н.Ноғаев ұжымы Батыс аймағының электр желілерін Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен (БЭЖ) біріктіру ісін бас­тады. Атырау мен Маңғыстау облы­сының тұрғындары, әсіресе жаз бойы электрдің жалп етіп сөніп қала беретініне жиі шағымданады. Бұған себеп – елдің батыс аймағы ұлттық электр жүйесіне кірікпеген. Шама­лы апат болса, бұл өңірлер пробле­мамен жалғыз қалады, БЭЖ-ден көмек-қуат келмейді. Аймақ энер­ге­тикалық оқшаулан­ған­дықтан, энер­гетиктер өзге өңір­лерден бос қуат­тылықты соған ба­ғыттай алмайды. Батыста әкім болып келген ми­нистрдің аймақтың сол пробле­масын шешуге неге 2020 жылы білек сыбана кіріспегені беймәлім. Н.Ноғаев біріктіру жобасын биыл­ғы маусымда жария етті. Қазір же­лілерді өзара қосу жобасының тех­никалық-экономикалық негіз­демесі әзірленуде. Ал оны бастап, аяғына жеткізу тағы да жаңа ми­нистрдің үлесінде.

АЭС-тың басы ашық қалды

Президент биылғы Жолдауында жүктеген АЭС салу мәселесін де енді сол пысықтайды. Айтқандай, биылғы 26 мамыр­да Ақордада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген. Онда біраз сын ай­тылды. Мысалы, негізгі энергия қуа­тын беретін нысандар, жылу электр стансалары 40 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Сарапшы­лардың мәліметінше, 50%-дан астамы тозған. Ел Президентінің айтуынша, бұл электр стансала­рындағы технологиялық бұзушы­лықтардың артуына әкеліп соқтыр­ды: 2019 жылы – 4 010, 2020 жылы 4 458 бұзушылық тіркелді. Сон­дықтан Үкіметке энергия көздеріне ауқымды техникалық аудит жүргізу тапсырылды: стансалардың неге істен шығатыны, қашан жөнделіп, жаңғыртылатыны анықталмақ. Әрине, проблемасы шаш етек­­тен келетін, былыққа батқан энер­гетика саласындағы ахуалды тү­бегейлі түзетуге, сөйтіп сала тари­хын­да ұлы реформатор ретінде қа­луға 629 күндік мерзім аздық ететін шығар. Қалай болғанда, білікті, беделді басшы Нұрлан Ноғаев алдыңғы ізашарлары жеткен жетістіктерді арттырып, олардың кей кемшілігін түзей алды. Жаңа министрді оның мұрасын екшеп, керегін алып, кесірлісінен құтылу, саланы қазіргі дағдарыстан аман шығарып, пост­пандемиялық заманда ары қарай дамыту міндеттері күтіп тұр.

Елдос СЕНБАЙ