Мырзағалиев эволюциясы: мұнайшы – эколог – энергетик
Мырзағалиев эволюциясы: мұнайшы – эколог – энергетик
266
оқылды

Былтырғы және биылғы екі жыл экология ұранымен өтті десек, жаңылмаспыз. Қо­ғам­да қоршаған ортаға қа­тысты қан­шама елең еткізерлік елеу­лі оқиға болды, олардың соңы өркенді өзгерістерге әкел­ді. Ел Президентінің өзі осы тақырыпта қаншама твит жа­рия­лады. Ендеше Экология министрі Қазақстандағы ең танымал шенеунікке айналуы тиіс еді. Алайда әлеуметтік же­лідегі қоғамдық пікір көр­сет­кендей, азаматтардың көбі ми­нистрдің аты-жөнін де дұрыс еске түсіре алмайтын бо­лып шықты.

Бітіспес салаларды қатар басқарған министр

Мәжілістің құптауымен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 9 қыр­күйектегі Жарлығымен Мағзұм Мырзағалиевті Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатып, Энергетика министрі ретінде тағайындады. Осы ротацияға орай пікір білдірген сарапшылар мен саясаттану­шы­лардың пікірі бір арнада тоғысты, оны «ат айналып қазығын табар» деген қанатты сөзбен түйіндеуге болады. Неге? Қазақстанның мұнай-сервистік компанияларының одағы қыр­күйек­тің бірінші жексенбісінде той­ланған Мұнайшылар күні қар­саңында «Мұнай саласындағы ең беделді 50 тұлғаны» атады. Кезекті V рейтингте Мағзұм Мырзағалиев мықты мұнайшылардың бестігін тұйықтады. Ол осы рейтингте бірнеше жыл қатарынан 5-орыннан кө­рініп келеді. Бұл жерде қоршаған ортаны қорғауға жауапты министр­дің мұнай-газ саласының беделді тұлғалары ортасында не істеп жүргені қайран қалдыруы мүмкін. Мағзұм Маратұлының кезінде мұнайшы болғаны қазіргі рейтингке әсер етпесі анық. Сөйтсе, эколо­гиялық ведомствода отырса да, ол мұнайшыларға қамқорлық жасап жүрген екен. «Мағзұм Мырзағалиевтің командасы әзірлеген жаңа Экология­лық кодекс 2021 жылғы қаңтарда қабылданды. Министрлік 2021-2025 жылдарға арналған Геология саласын дамытудың ұлттық жобасын әзірлеуге кірісті. Онда шөгінді бассейндердің аз зерттелген мұнай-газ әлеуетін анықтау, тау-кен өн­ді­рісі аудандарында «терең көкжиек­терді» зерттеу қарастырылған», – деп дәйектеді аталған одақ. Мағзұм Маратұлы, шынында да мұнай саласының маманы: 2010 жылы отандық университетті мұ­най-газ кен орнын игеру маман­дығы бойынша бітірген. Еңбек жолын салалық Schlumberger/MI Drilling Fluids америкалық компаниясында бастады, Теңіз кен орнында жұмыс істеді. Одан кейін «ТеңізСервис» ЖШС-ін басқарды, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сында ірі лауазымдарды атқарды. 2013 жылы Мұнай және газ вице-министрі, 2014 жылдан Энергетика вице-министрі болды. Содан 2019 жылғы 17 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен ол еліміздің бас экологі атанғанда сарапшылар қайран қалды. Бірақ бұл жерде таңданатын ештеңе жоқтай. Бұл ведомство өзара бітіспес секторлардың басын қосады және тиісінше «Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі» аталады. Рас, М.Мырзағалиев кеткен соң енді Президент Жолдауына сай табиғатты шикізаттан бөлу процесі жүрмек: Экология министрлігі құрамында Балық шаруашылығы, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі, Экологиялық реттеу және бақылау, Су ресурстары комитеті қалмақ. Ал геологиялық зерттеу, минералдық-шикізат базасы, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану, жер қойнауын мембасқару мәселелері түңлігін жаңадан түретін ведомствоға кетеді деп күтіледі. Яғни, Мағзұм Мырзағалиев экология мен геология салаларын қатар басқарған соңғы министрдің бірі болмақ. Бас эколог қызметінде де мұнайшыларға қарасқан басшы бас энергетик ретінде мұнай-газ саласына оралып отыр.

Су ресурстары саласы тоқырады

Былайғы жұрт біле бермес, осы­ның алдында М.Мырзағалиев­тің де отставкасын талап еткен азаматтар мен блогерлер болды. Себебі осы ведомство су ресурстарына жауапты. Тіпті, климатты бақылайтын «Қазгидромет» те осы министрліктің құзырында. Алайда еліміздің бірнеше облысы былтыр және биыл қуаңшылыққа ұшырап, қаншама мал қырылғанда бұл меморган қалыс қалды. Барлық ауырт­палық әкімдер мен Ауыл ша­руа­шылығы министрлігіне түс­ті, солар тоқпақ жеді, ақыры АШМ басшысы орынтағынан айырылды. Осы орайда «Экология министрі ай қарап отырған ба? Неге құр­ғақшылық кезеңі келе жатқанын алдын ала ғылыми болжап, ескерт­пейді? Неге су ресурстарынан та­рықпаудың тәсілдері мен жолдарын көрсетпейді?» деген сөздер ес­тілді. Қисыны бар. Біз ұмтылып отырған дамыған елдерде, мысалы АҚШ-тың қоршаған ортаны қор­ғау агенттігі өз жұмысының ба­сым­дығы ретінде «сумен жаб­дық­тау жүйесін жаңғыртуды, ағын­ды, ин­дустриалдық суларды тазарту бағ­дарламаларын» бекітті. Қазақ­стан­да инвесторлар мен экологтер біраздан нақты жобаларын ұсынып келе жатқанына қарамастан, ондай бағдарламалар жоқ. «Биылғы жыл басында Президент экология министрін қабыл­да­ған-тын. Онда вегетация мәселе­лері сөз болғаны айтылды. Не нә­тиже шықты? Жазда, ауыл шаруа­шылығы дақылдарына ең қажет кезде су болмай қалды. Барлық жерде осы ресурстың тапшылығы сезілді. Әрине, суды үнемдеп жұм­сау қажет. Бірақ су ресурстарын бөлу тәсілдерін қайта қарап, бұған объек­тивті келу мәселесі де өте өзек­ті. Қордаланған мәселе жетерлік. Сырдария өзенінің суы көрші қос облыс арасында тең бөлінгені жөн-ақ. Әйтпесе, мысалы Түркіс­тан облысы «Достық» каналымен 80, ал Қызылорда облысы 450 тек­ше шақырым су алады», – дейді кәсіп­кер, қоғам белсендісі Тұрсын­бай Бердалиев. Оның мәліметінше, егістік кө­лемінде сонша айырмашылық жоқ: Қызылорда облысында – 183 мың гектар, ал Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарында – 136 мың гектар. Содан түркістандық диқандар өткір су тапшылығымен бетпе-бет келген. Экология ведомствосы қол қусырып, қарап отырды деуге болмайды. Биылғы 19 шілдеде М.Мырзағалиев Өзбекстанның су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен Ташкентте кездесіп, Сырдарияның орта және төменгі ағысындағы суға қатысты ахуалды жақсартудың бірлескен шараларын талқылады. Келіссөз қорытынды­сында министр сәл де болса ел мүд­десін ілгерілете алды: «Достық» мем­лекетаралық арнасы бойымен Мақтаарал, Жетісайдағы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне берілетін су 80-нен 100 текше метр/секундқа дейін артты.

Мырзағалиев несімен мақтанады?

Экология министрі болған 2,2 жыл ішінде Мағзұм Мырзағалиев саланы жақсарту бағытында жаңа бастамаларын енгізуге тырысты. Мысалы, Түркістан облысында «К-19» магистральді каналын ци­фрландыру бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 16 арна цифрландырылуы тиіс. Өткен жылы 53,5 мың гек­тар суармалы жер айналымға ен­гізілген, биыл тағы 78 мың гектар жоспарланып отыр. 12 апатты су қоймасы реконструкцияланып, пайдалануға берілді, 2021 жылы та­ғы 8 су қоймасы қалпына келті­ріледі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы бағыттарда бір­қа­тар жаңа міндет қойды. Бірақ оны жаңа министр Серікқали Бре­ке­шевке жүзеге асыруға тура келеді. Мырзағалиев мырзаның мақ­та­нышы: экологтермен, қоғам белсенділерімен бірлесіп, қор­шаған ортаны жақсартуға арналған 17 Жол картасы бекітілді. Бірқатар ірі компаниямен арада ауаны ластау­шы заттар шығарындыларын азайту туралы келісімге келді. Елде 80,5 млн ағаш отырғызылды және заң­сыз кескендерге жаза қатай­тылды. Айтпақшы, браконьерлермен күрес дәл осы министр тұсында қар­қын алды, пәрменді жүргізілді. Табиғатты жан сала қорғаған бірнеше қорықшы қылмыскерлер қолынан зардап шекті. Министрлік оларды әлеуметтік қорғау шараларын қолға алды. Сонымен бірге заңнама өзгертіліп, браконьерлік үшін ең жоғарғы жаза бұған дейінгі 5 жылдан 12 жыл бас бостан­дығынан айыруға дейін ұлғай­тылды. 2020 жылы министрліктің инспекторлары киіктерге қатысты браконьерліктің 85 фактісін тіркеді. 727 киіктің өлексесі, 9 мың 743 ақбөкен мүйізі тәркіленіпті. 71 браконьер қылмыстық жаза тартты. Сонымен бірге кейбір қорық­шы-инспектордың Қызыл кітапқа енген жан-жануарды аулауға өздері қатысатыны, бизнесті жолға қойып алғаны әшкереленіп, біраз жанжал болды. Бұл ретте министрлік елі­міздің барлық аумағында киіктерді атуға шектеуді тек 2023 жылға дейін ұзартты. Содан кейін Қазақстанда ақбөкенді атуға ресми рұқсат етілуі де мүмкін. Себебі егіншілердің өзі карантин шектеулері кезінде басы өскен киіктердің егістік пен ша­бын­дықты таптап кетіп жатқанына шағымданды. Тұтастай алғанда, меморганның мәліметінше, 2 жыл ішінде Қазақстандағы киіктердің саны 334 мыңнан 842 мыңға дейін өсті. Мырзағалиев тұсында, биыл жаңа Экологиялық кодекс, Waste to Energy қалдықтарды энергети­калық кәдеге жарату тетігін енгізу жөніндегі заң және Балық шаруа­шылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Қоғамда біраз сыналған «Жануар­ларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы әзірленді. Сон­дай-ақ жаңа Су кодексінің тұ­жы­рым­дамасы және 2021-2025 жыл­дарға арналған геология саласын да­мытудың ұлттық жобасы дайын­далған.

Экс-министр неден ұялуы керек?

Сонымен бірге министр экология мәселелерінде сауаты жетпейтін тұстар барын паш етіп, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатаң сынына ілікті. Оның жөні бар: гидрометеорологиялық эколо­гия­лық мониторингті дамыту бағ­дар­ламасына 2 миллиард теңге қо­мақты ақша бөлінгеніне (бұрын­ғыдан 25% өскен) қарамастан, министрлік атмосфералық ауаны бақылау бекеттерінің санын 146-дан 140-қа қысқартып, индикаторларды азайтып тастаған. Салдарынан тұрғындар ауаның улы түтінге бөгіп, денсаулыққа нұқ­сан тигізіп жатқанына шағым­данады, ал экологтер не оның құ­рамын, не себебін дұрыс анықтай ал­майды. М.Мырзағалиев қыс­қартулар себебін түсіндіре алмады, онымен қоймай бағдарламаларды шатастырып алды. Нәтижесінде, ауаның жай-күйі туралы ақпарат беру орнына депутаттарға өзендерге жүргізілген мониторинг туралы әңгімеледі. Содан кейін парламент­шілерге «ультиматум» қойды: егер бюджеттен қосымша ақша бөлуді қолдаса, бұл индикаторларды жақсарту жұмыстары жүргізіледі. «Жоқ, біз қолдамаймыз! Бері қарашы, не үшін қолдауымыз керек? Не сандырақтап тұрсыз? Сіз­ден өзендер мониторингін кім сұрады? Мәселе ауаның ластануына мониторинг жүргізу туралы. Эко­логия министрі бола тұра, екеуі­нің айырмашылығын білмейсіз. Жеке секторда мұндай менед­жер­­лерді ешбір жерге жұмысқа алмайтындай етіп, қуып шығар еді», – деген Мәжіліс Төрағасы ол Экология министрі ретінде «толық дәрменсіздігін көрсетті» деп ба­ғалады. Есеп комитеті де атмосфералық ауаның ластануына мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету ісі кері кеткенін әшкереледі. Салдарынан Мемлекет басшысына биылғы Жолдауында осы салада қайтадан міндет қоюға тура келді. Рас, оны орындаумен жаңа министр айналысады. «Атамекен Эко» қорының тө­рағасы, эко-амбассадор Арман Хай­руллиннің байламынша, қор­шаған ортаны қорғауға тиіс меморган, керісінше ірі кәсіпорындардың соның бүлдіруіне кең өріс ашып берді. «Қазір Экология министрлігі жер қойнауын пайдаланушы ком­паниялардың ауаны ластауына, эмиссиялауына тым көп лимит-шек береді. Бұл кәсіпорындарға халықтың денсаулығын ойламауына, елемеуіне жол ашады, оларды ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге ынталандырмайды. Мы­салы, ТШО-ның І жартыжыл­дықтағы шығарындылары іс жүзінде 28 073 мың тонна болды, министр осы мұнай алпауытына 120 537 мың тонна лимит берген. Қа­шағанды игеруші NCOC жар­тыжылдықта өз лимитінің небәрі 11,6 пайызын пайдаланған. Оған 108 348 мың тонна затпен ауаны ластауға рұқсат етіп қойды. Атырау МӨЗ-і сәйкес мерзімде 6 025 мың тонна улы зат шығарды, оған жылына 20 123 залалды зат төгуіне резерв ұсынылған», – дейді эколог. Салдарынан Теміртауда жыл сайын қара қар жауатын болды. Барлық өзенде, тіпті елорданы екі жарып ағатын, символдық мәні бар Есілде де балық жаппай қырылды. Өскеменде, Степногорда, өзге өнер­кәсіптік қалаларда ауаның ластануына бақылау төмендеп кетті. Салаға бөлінген ақша жыл сайын көбейіп жатыр, тіпті ірі жер қойнауын пайдаланушылардан жи­налатын эмиссия алымы мен айыппұлдар қоршаған ортаны жақ­сартуға бағытталмақ. Бірақ оның қайтарымы көрінбейді. Мырзағалиевтің командасында вице-министр қызметін атқарған қазіргі министр Серікқали Брекешев сала проблемаларымен жақсы таныс. Тек ол жаңа мандатын пайдаланып, салада қордаланған, шын мәнінде күлімсі иісі қолқаны атқан былықтан арылуға қарым-қабілет, тегеурінді қимыл танытады деп сенеміз.

Елдос СЕНБАЙ