Қытай Қырғызстанды дамытуға 100 млн. доллар бөледі
Қытай Қырғызстанды дамытуға 100 млн. доллар бөледі
Сурет: Максим Морозов
183
оқылды

Қытай Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау мақсатында 650 млн. юань (шамамен 100 млн. доллар) бөлуге әзір. Бұл туралы Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И 16 қыркүйекте Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездесуде мәлімдеді.

Олар Душанбеде жүздескен. Тәжікстан астанасында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің саммиті мен ШЫҰ-ға мүше елдер басшылары кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Қырғызстан басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар Қырғызстан мен Қытай қарым-қатынасын дамыту мәселелерін талқылаған. Сонымен бірге кездесуде қауіпсіздік пен қорғаныс, сауда және экономика салаларындағы әріптестік, инвестиция тарту мәселелері сөз болған. Садыр Жапаров "Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" темір жолы құрылысы мәселесін де көтеріп, бұл жобаның Қырғызстанға ғана емес, бүкіл аймақ үшін маңызды екенін, қырғыз тарапы осы мәселе бойынша белсенді диалог жүргізуге дайын екенін айтқан. Ван И болса, Қытай үкіметі Қырғызстанға 650 млн. юань мен коронавирусқа қарсы вакцинаның бір млн. дозасын беруге дайын екенін жеткізген.