Қызылжарда көмір тапшы
Қызылжарда көмір тапшы

Петропавлда күн суытып, қар түсті. Ал тұрғындар пеш жа­ғарға көмір таба алмай жүр. «Қара алтын» сатылатын тұйықта ұзын сонар кезекте тұрған көліктердің саны бір азайған емес. Көбі бос қайтады.

Солтүстік Қазақстанның қысы ұзақ әрі қытымыр. Мұнда қыс үш аймен аяқталмайды. Жылыту мау­сымы қыркүйекте басталып, ма­мырдың ортасы ауғанға дейін жалғасады. Жекеменшік бір үйдің пешін жағуға бір маусымға шама­мен 4-5 тонна көмір керек. Петропавл тұрғыны Сандуғаш Әбілова өзінің шағын ғана үйін жылытуға жылда екі машина көмір алатынын айтады. «Біздің алаты­ны­мыз – Қаражыра көмірі. Биыл соны таба алмай жүрміз. Мүлдем жоқ. Бұл – ең қымбаты. Тоннасы 15 500 теңге тұрады. Қандай бағаға болсын, алар едік. Өйткені басқасы бықсып дұрыс жанбайды әрі жы­луы да жоқ. Сондықтан не Қара­жыра, не Шұбаркөлдің көмірін таңдаймыз. Әзірге ол жоқ. Сол се­бепті құрылыстан қалған-құтқан тақтайларды пешке жағып амалдап отырмыз», – дейді Сандуғаш. Петропавлдықтарға қыстың қытымыр 40 градус аязында ұзақ жанатын әрі жылу сақтайтын са­палы көмір керек. Тұрғындардың айтуынша, Екібастұз бен Майкөбе көмірінің сапасы аса мәз емес бол­ғандықтан, оған сұраныс та жоқ. Петропавлда көмір сататын төрт тұйық бар. Онда төрт түрлі көмір сатылады. Былтырдан қал­ған сапасыз көмір қоймаларда үйіліп жатыр. Ал сапалысы әкеліне салысымен бірнеше сағаттың ішінде жоқ болады. Қалған күндері қоймалардың есігін қара құлып күзетуде. Көмір алмақшы болып барған тұрғындар таңғы 6-дан бір­неше сағат кезекте тұрып, үйлеріне бос қайтады.

«ЖАЗ ШАНАҢДЫ, ҚЫС АРБАҢДЫ САЙЛА»

Солтүстікқазақстандықтарға жылына 391 мың тонна қатты отын қажет. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы басқармасының мәліме­тінше, қазір облыста 20 мың тонна көмір бар. «Оның 1430 тоннасы – Петропавлда. Бұл – қажеттіліктің 92 пайызы. 6 вагон немесе 420 тон­на Қаражыра және 700 тонна Шұбаркөлдің көмірі жолда, таяу күндері келіп жетуі тиіс», – деп есеп берді құзырлы органдағылар. Бірақ қолда бар көмірдің басым бөлігі – Екібастұз мен Майкөбенікі. «Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла» дегендей, билік басында­ғы­лар тұрғындарға отын-көмірді жаз­да әзірлеуге кеңес бергенін ай­тып ақталып отыр. Халық осы күн­дері жаппай көмір сатып ала бастаған­дықтан, тапшылық пайда болды. «Қазір маусымдық сұранысқа байланысты көмір тапшылығы туын­дап отыр. Қыркүйек айында халық жаппай отын сатып ала бас­тайды. Жазда қимылдағандар үшін ондай қиындық жоқ. Әлеуметтік желілер арқылы алдын ала ескерт­кен болатынбыз. Жазда көмірдің тү-түрі қоймаларда үйіліп жатты. Бірақ тұтынушылар керек кезінде ғана қимылдайды. Бұл күндері көмір разрездерінде кезек көп. Бос вагондар жетіспейді. Соған байла­нысты осындай жағдай қалып­тасты. Көмір тапшылығы мәселесі таяу арада шешіледі деп ойлаймын. Бағаға қатысты мәселе туындап отырған жоқ», – деді облыстық Энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы басқар­масы басшысының міндетін атқа­рушы Бахыт Ілиясов. Тұрғындар жазда Қаражыра көмірін күтіп шаршағандарын ай­тады. Мәселен, Людмила Ива­нова оны тамыз айынан бастап күтіп отыр екен. «Жалғыз мен емес, көр­ші-көлем, жалпы Ойқала тұрғын­дарының жартысы тамыз­дан бері Қаражыра көмірін іздеп жүрміз. Жеке жеткізіп берушілер­ге күнәра хабарласамыз. Міне, қа­зан айы туды, көмір әлі жоқ», – дейді ол.

БАҒА ҚЫМБАТТАЙ МА?

Басқарманың мәліметінше, қолда бар көмірдің бағасы сапа­сына қарай 8,7 мың теңгеден 17 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ тұрғындар таяу күндері жеткізілетін көмірдің бағасы қымбаттырақ болуы мүмкін деп отыр. «Жақын күндері көмірдің жаңа партиясы келеді дейді. Ол бізге қандай бағамен сатылады? Бұған дейін 16 мың теңгеге алып жүрген көміріміз енді 17-18 мың теңге болып кетпесіне кім кепіл? «Қа­зан­шының өз еркі қайдан құлақ шығарса». Жаңа тауарға қандай ба­ға қоятындарын өздері біледі. Біз көмір жақпай отыра алмаймыз. Бәрінен бұрын қазір оның жоқ­тығы жанымызға батып тұр. Қыс ұзақ, дайындаған отынымыз жет­пейді», – дейді Петропавл тұрғыны Майра Бейсенова. Ауылдағы ағайынның айтуын­ша, кейбір аудандарда темір жол тұйығы жоқ. Сондықтан оларға жеткенше «қара алтынның» бағасы аспандап шыға келетін көрінеді. Мәселен, шалақындықтар Шұбар­көл көмірін 20 мың теңгеден сатып алатындарын айтады. Облыстық әкімдіктегілер көмір бағасы қым­баттамайтынын айтып сендірді. Солтүстік Қазақстан облысы­ның аудандарында көмір тапшы­лығы жоқ. Тек Тайынша ауданында ғана тұйықтарға көмір жеткізуде қиындықтар бар. Петропавлда көмір тапшылы­ғы – жыл сайын қайталанатын жағ­дай. Жылда күздің қара суы­ғында қызылжарлықтар сергел­деңге түседі. Сондықтан кейбір шаруақор адамдар қыстың соңын­да келесі жылға тапсырыс беріп қоятын көрінеді. Әлеуметтік желі қолданушыларының жазуына қарағанда, аптасына 3 үш вагон ғана тұйыққа жеткізіледі. Соған қарағанда, көмір өндірушілер вагон тапшылығы мәселесін жоюға кіріскені жөн болар еді.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы