Түркістан ғажайыптары
Түркістан ғажайыптары
624
оқылды

«Nur Otan» партиясы Түр­кістан облыстық филиалы жа­нындағы Miras қоғамдық кеңесі тарихи ескерткіштерді қамқорлыққа алуға мүдделі. Бұл туралы кеңестің төраға­сы, жазушы Мархабат Байғұт мәлім еткен еді.

Осыған орай «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Түр­кістан облысының киелі, қасиетті орындарына «Түркістан ғажайып­тары» экспедициясы жүргізілген болатын. Арнайы топ пен өлке­тану­шылар 10 экспедициялық са­парға шығып, 85 нысанды көріп, жай-күйін зерделеген. Бұл туралы Түркістан облыстық Мә­дениет басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың директоры Жандос Құрбанның есебі тыңдалды. Оның айтуынша, аудан, қалаларда тарихи ескерткіштер мен орын­дарды қорғау бағытындағы жұ­мыстарды күшейту керек. «Түркістан облысындағы Шәммат ишан мешіт-медресесі, Ұзын ата, Ысқақ ата, Мансұр ата кесенесі сияқ­ты сәулет ескерт­кіштері реставра­циялық жұ­мыстарды қажет етіп тұр. Егер қолдау көрсетілмесе, құн­ды мұ­раларымыздан көз жа­зып қалуы­мыз мүмкін. Сонымен бірге Келес ауданындағы Алқакөл көліне баратын 10 шақырым жол­ға асфальт төсеу және «Алқакөл сұлама» қырғынының 300 жылды­ғына арнап мемориалды кешен орнатып, насихаттаған жөн. Созақ ауданындағы Қошқар ата, Мұхаммед Ханафия, Балықшы ата, Хақназар хан кесенелеріне, Қазығұрт ауданындағы Ысқақ ата, Шілтен ата кесенелеріне, Төлеби ауданындағы Мансұр ата кесене­сіне, Жылақ ата бұлағына, Сайрам ауданындағы Ер Бекіш ата кесе­несіне, Түлкібас ауданындағы Қа­раүңгір тұрағы, Дәу баба ке­сене­сіне баратын жолдарды рет­теп, мүмкіндігі болса асфальт жабын төсеу керек», – деді Жандос Құрбан. «Nur Otan» партиясы Түр­кістан облыстық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев өңірдің туристік әлеуетін көтеру, тарихи ескерткіштерді қор­ғау, руханиятқа, спортқа қол­дау көрсету және насихаттау пар­тияның Жол картасының басым бағыттарына енгізілгенін жеткізді. Осыған орай «Ұлттық мұра» жоба­сы аясында өткен «Түркістан ға­жайыптары» өлкетану экспеди­ция­сының өңір тарихын, өлке­та­нуды зерделеуде табысты еңбек еткенін айта келе экспедиция мүшелерін алғысхатпен мара­пат­тады.

Д.АСАУ