Пандемиядан кейінгі баға: тойға қай әншіні шақырған тиімді?
Пандемиядан кейінгі баға: тойға қай әншіні шақырған тиімді?
©А.Ахметқазы
601
оқылды

Елімізде той жасауға рұқсат берілген қаулының шыққанына да біраз болды. Қазір мейрамханаларда күнде той-думан өтіп жатыр. Асаба мен әншілердің де бизнесі қайта жанданды. Жақында елордаданың бір тұрғыны той жасамақ болып, танымал әншілерге хабарласып, олардың құнын біліп, бізбен бөлісті.

Алдымен ол елге белгілі әнші Қайрат Нұртастың өкіліне хабарласып, хит әншінің 7 мың доллар сұрағанын айтты. Сонымен бірге, ұшақ билеті мен қонақүй ақысын той иесі төлеуі керек екен. Осы талапты орындаған соң сүйікті әншіңіз 7-8 әнін орындап береді. Мұның қасында әнші Ерке Есмаханның бағасы арзанға түседі екен. Оның тойда жарты сағат ән салып беруі – 5 мың доллар. Онда да ұшақ билеті мен қонатын жері той иесінің мойнында.

– Әуелі келісімшартқа отырамыз, онсыз ештеңе шешілмейді. Осыдан кейін алдын-ала ақшаның 50 пайызы төленуі тиіс. Содан кейін билет қолға тиген соң, астанаға келіп, тойда 6-7 ән орындап береді, – дейді әншінің көмекшісі Ақмарал.

Ал әнші Нұрболат Абдуллин ол күнге тойға тапсырыс алып қойған екен. Сондықтан оған үлгермейтінін көмекшісі жеткізген. «Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің бес әні миллион теңге тұрады. Әрине, ол да өзге әншілердікі секілді қонақүйі мен ұшақ шығынын ұйымдастырушы тарап төлеу керектігін жеткізген. Сондай-ақ той иесі асабалардың да құны құбылып тұрғанын жеткізді. – Олар қызметінің бағасын айтпас бұрын сені зерттеп алуға тырысады. Кімсің, қайда жұмыс істейсің, құдалар кім дегендей бірнеше сұрақтың астына алады да ойына келген бағаны қоя салады. Мәселен той өткізуге 500 мың сұрағандар болды. Сондай-ақ 50-100 мың теңгеге бүкіл техникасымен келіп, шоу өткізіп беруге дайын екендер де табылды. Тіпті ондайлар көп екен. Соған қарағанда пандемия әншіден гөрі тамадаға ауыр тиген секілді. Елімізде той өткізуге рұқсат берілгенмен кісі санына шектеу бар. Алайда амалын тауып, 200-300 адамға дейін қонақ шақырып, той өткізетіндер өте көп.