ХХІ ғасырдағы жаһандық саясатта алыс-беріс пен барыс-келістің дәурені жүріп тұр. Дүниежүзіндегі түрлі елдер бір-біріне селбесіп өмір сүруді, қолғабыс жасауды, өзара көмектесуді дағдыға айналдырып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері 30 жыл ішінде Қазақстан да түрлі елдерге гуманитарлық көмек жіберіп, тағы бірқатарынан қабылдаған еді. Тіпті, 2020 жылдың желтоқсанында KazAID агенттігі құрылды.
Әдетте гуманитарлық көмек беру мен алу біреудің жыртығын жамай қоймайды. Бірақ халықаралық ынтымақтастықта айрықша орны бар қадам. Тіпті, дипломатияның бір тілі ретінде де бағалауға болады. Ал мұндай қолғабыстарды «дамуға ресми көмек» деп атайды. Қазақстан бұл бағыттағы арнайы заңды 2014 жылы қабылдаған. Бірақ өзара көмек беру ісіне араласқаннан ширек ғасырға жуық уақыт болды. 20 жыл ішінде Қазақстан шетелдерге 542 млн долларға тең болатын көмек көрсетіпті. Бірақ Қазақстанға соңғы 20 жылда нақты қанша сомаға көмек көрсеткені жайлы дерек кездестірмедік. Шамасы, өзгеден алған көмек жайлы есеп-қисап жасамайтын тәріздіміз.Бағытымыз – дамушы елдер
Қазақстан билігінің ұстанымына сәйкес, «дамуға көмек көрсету» үшін еліміз Орталық Азия және Ауғанстанды алдыңғы қатарға қояды. Одан бөлек, гуманитарлық көмек Кавказға, Африкаға, Латын Америкасы елдеріне, шағын аралдардағы дамушы мемлекеттерге жөнелтіліп тұратыны бар. Әдетте мемлекеттің өзге елдерге жіберетін көмегі ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, білім мен ғылым, денсаулық сақтау, есірткі айналымымен күрес сияқты бірқатар бағытты қамтиды. Бұл бағыттарда көрсетілетін көмекті жүзеге асырудың да жолы әртүрлі. Мәселен, 2020 жылы пандемия басталғанда Қазақстан бірқатар мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсетті. Сол жылы еліміз өзгелерге 3,1 млн доллардың гуманитарлық көмегін көрсетіпті. Сарапшылар мұны 2019 жылғыдан екі есе көп деп бағалайды. Жалпы, Қазақстан коронавирус пандемиясы кезінде ғана емес, одан бұрын да түрлі мемлекеттерге көмек көрсетіп келеді. Әсіресе, Ауғанстанның жөні бөлек. Жыл сайын Кабулға ұн жіберіп тұратынымыз бар. Ауғанстандық студенттерді тегін оқытуды да осындай қолғабыстың қатарына жатқызуға болады. Ал Қырғыз Республикасына астық, түрлі құрал-жабдық, тіпті арматураға дейін жіберген кезіміз болған. Одан бөлек, Тәжікстанға, Үндістанға, Түркияға, Моңғолияға және басқа да елдерге қолғабыс жасадық. Тіпті, кейбір бағыттар бойынша гуманитарлық көмек көрсетуден көш бастаған кезіміз де болған. Мәселен, 2014 жылы, пандемия да, өзге дағдарыстар да жоқ кезде, Қазақстан Орталық Азия мен Ауғанстанға көмек көрсету жөнінен бірінші орынға шыққан. БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Стивен Тулл сол кезде Қазақстанның Ауғанстанмен Орталық Азия елдеріне құны 60 млн доллардан асатын көлемде гуманитарлық көмек көрсеткенін айтқан-ды. Одан бөлек, техникалық көмек те көрсетіп жүретінін тілге тиек еткені бар.Бізге де көмектесіп тұрады
Негізі, «дамуға көмек көрсету» тек қуатты елдердің қолынан келетін іс емес. Кейде шағын ғана бір елдің алпауыт мемлекетке гуманитарлық көмек жасауға ниет танытқанын естиміз. Мәселен, 2020 жылы Қазақстанға 20 мемлекеттің үкіметі, 14 мемлекеттің қайырымдылық ұйымы көмек көрсетті. Олардың қатарында Қытай, Түркия, Жапония, АҚШ, Корея секілді қуатты елдермен қатар, Сербия, Моңғолия сияқты даму жағынан тым алға оза қоймаған мемлекеттер де бар. Осынау мемлекеттерден былтыр 10 миллион медициналық жабдық пен 100 мың данадан астам дәрі-дәрмек жеткізіліпті. Жалпы, былтыр Қазақстанға әлем елдерінен келген көмек 19,1 млн долларды құраған. Ең қызығы, Қазақстанда коронавирус алғаш рет тіркелген 2020 жылдың 13 наурызы күні АҚШ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының гуманитарлық көмегі келген болатын. Міне, мұның өзі гуманитарлық көмектің ілтипат белгісі рөлін атқаратынын көрсетсе керек. Алайда төтенше жағдайлар кезінде қолғабыс жасау кейде нақты қажеттілікке байланысты болатыны бар. Дегенмен көп елдер төтенше жағдайлар кезінде көмек сұрай қоймайды. Қазақстан көмек сұраған жағдайда жәрдем жасауға әзір. Бірақ кейде сөз басында айтқанымыздай, ілтипат белгісі ретінде де қолғабыс ұсынатыны бар. Мәселен, биыл шілдеде Қазақстан Түркиядағы өртті сөндіруге көмек ретінде құтқарушылар, өрт сөндірушілер және тікұшақтар жіберді. Сөйтіп, бауырлас елге тілеулес екенімізді байқаттық. Ең қызығы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде Түркияға ғана құтқарушылар жолдапты. Екі рет. Алғаш рет 1999 жылғы зілзала зардаптарын жою үшін жіберілсе, екіншісі – биыл жаздағы өртті сөндіруге аттанған мамандар. Өзге ешбір елге төтенше жағдайлар кезінде құтқарушы жіберген емеспіз. Мұның өзі ел басшылығының азаматтардың басын қатерге тікпеуді көздейтінін білдірсе керек.Көршілерге оқ-дәрі де береміз
Қазақстан өзге мемлекеттерге тауар, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек түріндегі гуманитарлық көмек көрсетумен қатар, аймақтық қауіпсіздікті сақтау мақсатында кейде көршілерге оқ-дәрі мен әскери техника да жіберетіні бар. Әдетте пайдалану мерзімі аяқталуға таяған оқ-дәріні көрші мемлекеттер әскерлерінің пайдалануына мүмкіндік жасаймыз. Мәселен, 2015 жылғы 24 маусымда қырғыз еліне қайтарымсыз әскери-техникалық көмек көрсету туралы екіжақты келісім жасалды. Қазақ тарапының жалғыз шарты–қырғыздар оқ-дәрі мен техниканы үшінші біреуге бермеуі тиіс. Өзге талап қойған жоқпыз. Сөйте тұра, пайдалану мерзімі бітуге таяған оқ-дәрі беретінімізді Бішкекке ескерттік. Ал 2016 жылғы қазанда Қырғыз Республикасына 5 миллион дана патрон, түтін гранатасы мен қалбыр, С-75М3 зениттік зымыран кешенінің қосалқы бөлшегін бердік. Ал 2021 жылғы ақпанда Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанға әскери-техникалық көмек көрсетілетіні белгілі болды. Әдеттегідей қайтарымсыз негізде беруге бекіндік. Мәліметтерге қарағанда, Қазақстан 2021 жыл аяқталғанша қырғыз еліне 6 млн патрон, 1 мың калибрі 122-мм болатын снаряд, 3 мың белгі беру патронын, 6 дана «Галактика» зымыран ату қондырғысын, 4 дана «Восток-СП» дыбыс «аулау» қондырғысын, 1 дана «Калина 12х80» антенна коммутаторын беруге келіскен. Ал Тәжікстанға 10 мың миномет снаряды, 20 мың зеңбірек снаряды, 3 млн дана автомат патроны берілетін болған. Біздің білуімізше, осынау оқ-дәрі мен техника көршілерге әлі беріліп біткен жоқ. Әскери көмек демекші, біз де алып тұрамыз. Мәселен, 2014 жылы Ресей Қазақстанға С-300ПС зениттік-зымыран кешенінің 5 дивизионын тегін берді. Түркия да 1990 жылдардың ортасында Қазақстан Әскери теңіз күштері құрылғанда бірнеше катер бергені бар. Яғни, бір-біріне сенетін мемлекеттердің қару-жарақ арқылы көмектесуі – қалыпты құбылыс. Бірақ мұны гуманитарлық көмек деп атау тағы қиын. Өйткені «алмақтың да салмағы» болады.Ардақ СҰЛТАН