Көмір мен өмір
Көмір мен өмір
526
оқылды

Күз туса, Өскеменде көмір төңірегінде айқау-шу басталады. Жылда – осы. Шидің шыға­тын жері – көмір сақталатын теміржол тұйықтары. Жуықта қаладағы теміржол тұйықтарының бірін­де шаһар іргесіндегі Ұлан ауда­нының тұрғыны көмір үшін өмірімен қоштаса жаздады. Абы­рой болғанда, полицейлер дер кезінде жетіп, ашуға ерік беріп, өзін өртемек болған аза­матты сабырға шақырды. Қарапайым ауыл тұрғынын мұндай жағдайға мәжбүрлеген кім? Өскеменде көмір мәселесі шынымен де ушығып тұр ма?

«Күзетшілерге 5 мың теңге беруіміз керек екен...»

Облыстық Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өңірде (Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Аягөз, Глубокое, Шемонаиха, Алтай, Жар­ма аудандары) көмір сатумен һәм таратумен айналысатын 21 теміржол тұйығы бар. Өскеменде көмірдің 1 тоннасы – 10 300 (әлеуметтік көмір – 9 800) теңге, Семейде – 9 200, Риддерде – 14 500, Аягөзде – 11 000, Глубокоеде – 10 800, Жармада – 11 500, Алтайда – 13 000, Шемонаихада 10 600 теңге. Ал өзін өртемек болған Ұлан ауданының Сағыр ауылының тұрғыны Сәулен Орайхан 29 қазан күні облыс орталығындағы көмір қоймаларының біріне көмір алуға келгенін айтады. «Оқиға болғаннан үш күн бұрын келіп, жеңіл көлігімді кезекке қойып кеттім. Содан сәрсенбі күні өзімнің жүк көлігіммен барып, кезекке тұрдым. 20 машинадан кейін кезегім келіп, көлігімді ішке кіргіздім. Бірақ мені көмір өлшейтін таразыға жібермей қойды. Осылайша, бірінші лектен қалып қойдым. Екінші лек басталғанда 10 машинаны кіргізді де, менің кезегім келгенде басқа машинаны жіберді. Кірейін десем күзетшілер жібермеді. 11.30-да «енді бес машина ғана кіреді, бірақ сен кірмейсің» деді. Осы кезде шыдамай ішке кіріп, таразыға дейін бардым. Күзетші «түстен кейін, сағат 1-ден соң келіңіз» деді. Келсем, «тек әлеуметтік көмір бар, сендерге жоқ» деді. Міне, жанжалдың шыққаны осы кез. Көзімнің жеткені, бұл жерде сырттан кел­гендерге осылай қысастық жасайды екен. Ал одан құтылу үшін күзетшілерге 5 мың теңге беруіміз керек екен. Қайдан білейін, мұндай жағдай болады деп үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ еді. Соған жеткізді ғой. Несін айтасыз, ақыр соңында полицей­лер­дің салған айыппұлына екі тонна көмірдің ақшасы кетті», – дейді ауыл тұрғыны. Сәулен Орайханның екі тонна көмірдің ақшасы деп отырғаны – айыппұл сомасы. Оған Әкімшілік кодекстің 597-бабы 3-бөлімі бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған болатын.

Әкімдік өкілдері: халық уақытында алмайды

Жергілікті әкімдік өкілдері бұған не дейді? Мұндай мәселенің бар екенін біле ме? Облыстық Энергетика, тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы басқарма­сы­ның тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы бөлі­мінің басшысы Самат Сү­лей­меновтің сөзіне сенсек, Ұлан ауда­нының тұрғыны әлеуметтік көмірді алмақ болған. Әлеуметтік көмірдің тек Өскемен тұрғындарына берілетіні түсін­дірілсе де, өз наразылығын танытып, маши­насын жолға қойып, кезекке кедергі келтір­ген. «Мәселе неден шығып тұр? Мәселе кө­мір­дің жетіспеушілігінде емес, тұрғындардың көмірді уақытылы алмауында. Біз жаз кезінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ертерек алыңыздар деп ескерт­тік. Мәселен, шілде, тамыз айларында Өскемендегі екі көмір қоймасында 9 мың тоннаға жуық көмір болды. Сол кезде халықтың көпшілігі алған жоқ», – дейді әкімдік өкілі. көмір Аталған басқарма басшысы Алмат Ақышов «көмірді ертерек алыңыздар» деп халыққа қанша айтқанымен, одан нәтиже шықпай жүргеніне қынжылысын білдірді. «Әрине, халықты да түсінеміз, жаз уақы­тында демалады, балаларын сабаққа да­йындайды. Дегенмен де қарашаны күтпей қыркүйек, қазан айларында қамдануға болады ғой. Тұрғындардың көпшілігінде «ерте­рек алып қойсақ көмір жанып ке­теді» деген түсінік бар. «Қара­жыра» көмірінің сапасы жоғары. Ашық күйінде өндіріледі, қоймада жатады, тасымал­да­нады. Сондықтан бұлайша қорқудың еш негізі жоқ деп ойлаймын» деген басқарма басшысы қазір көмір қоймаларында жағ­дайдың тұрақталғанын, жақын арада вагондар саны көбейтілетінін жеткізді. Басқарма өкілдерінің айтуын­ша, Шығыс Қазақстан облысының басшы­лығы «Қа­зақстан Темір жолы» комп­а­ниясына вагон­дар санын 450-ге дейін жеткізу жөнінде ұсыныс білдірген. Қазір ұсыныс қолдау тауып, вагондар саны біртіндеп көбейтілген. Мәселен, бұған дейін Өскемендегі теміржол тұйықтарына күніне 10-12 вагоннан келсе, бүгінде 20-22 вагон келе бастаған.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы