Жетісулықтар Тәуелсіздік тойына толайым табыспен келді
Жетісулықтар Тәуелсіздік тойына толайым табыспен келді
214
оқылды

Жылдағы дәстүр бойынша елорда төрінде, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтетін брифингте журналистермен жүздескен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзінің  баяндамасында Жетісу өңірі жұртшылығының ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына жақсы жетістіктермен жеткеніне жан-жақты тоқталды.

Өңір басшысының айтуына қарағанда, соңғы екі жылда әлем­ді әбігерге салған қауіпті індетке байланысты қойылған  шектеулерге қарамастан облыстың әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы ой­дағыдай. Басқаны айтпағанда, жалпы өңірлік өнім көлемі отыз жыл бары­сында 35 млн теңгеден 3 трлн 700 млрд теңгеге дейін ұлғайып­ты.  Өнеркәсіп өнімін шығару  9,5 млн теңгеден 1 трлн  200 млрд теңгеге дейін жетіп, ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімі биыл 1 трлн теңгеден асқан көрінеді. Отыз жылда 14,5 млн шаршы метр тұрғын үй тұрғызылған.  «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йын­ша осы жылы бір млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде 835,4 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Бүгінде 1307 отбасы пәтер алды, оның ішінде 327-і көп­балалы және әлеуметтік тұр­ғы­да осал отбасылар. Бюджетке түсімдер 1997 жылы 11 млрд теңге болса, биыл 742 млрд теңгеге дейін жеткен. 30 жылда облыс экономикасына  6,5 трлн теңге инвестиция салынған.  Трансұлттық компаниялардың республика бойынша қолға алынған 19 жобасының ішіндегі жалпы инвестиция сомасы 290 млрд теңгені құрайтын 9 жоба Алматы облысында  болса, бүгінге дейін солардың ішіндегі жоғары технологиялық және экспортқа бағдарланған «Маревен Фуд», «Лукойл», Willo, «Фуд Миллс» сынды төртеуі жұміс істеуде. Мемлекет басшысының «Ха­лық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауының аясында пандемиядан кейін экономиканың өсуін қалпына келтіру, инвестиция тарту және халықтың табысын арттыру  бойынша жұмыстар жал­ғасуда. Биылғы 10 айдың қоры­тындысы бойынша экономика­ның барлық негізгі салаларында тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шаралары қабылдануда. Осы жылы мемлекеттік қолдауға 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті. Соның арқасында ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы 972 мың гек­тарға жеткізіліп, оның ішінде қант қызылшасы – 16 мың, жүгері – 95 мың, картоп 40 мың гектардан асты. 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқабын 53 мың гектарға дейін ұлғайту есебінен өндіріс көлемін екі миллион тоннаға дейін арттыру жоспар­ланған.  Ол үшін Көксу және Ақсу қант зауыттарын жаңғырту жүзеге асырылады. 2030 жылға қарай облыс бо­йынша 138 мың гектарды қалпына келтіру арқылы суармалы жер көлемін 3 миллион гектар­ға дейін көбейту ойластырылған. Өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 пайызға өскен. Малды қыста жемшөптен тарықтырмау мақсатында 5,3 млн тонна мал азығы  дайындалды. Маңғыстау облысының зардап шеккен фермерлеріне гуманитар­лық көмек ретінде    54 вагон шөп жіберілді. Облыста барлығы 117 мал бордақылау алаңы,  84 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді және соның арқасында ет өңдеу кәсіп­орын­дарының жүктемесі 72 па­йыз­ға, сүт зауыттарының жүкте­месі  85 пайызға жетті. Агро­өнер­кәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25% өсіп, 97 млн. АҚШ долларын немесе жалпы агроөнеркәсіп кешені экс­портының 73 пайызын құрады. Жыл соңына қарай ауыл шаруа­шылығының жалпы өнім көлемі алғаш рет бір триллион теңгеден асады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұру мақсатында биыл қыркүйекте Үкімет қабылдаған 2021-2024 жылдарға тұрақтандыру қорын құрып, жеңілдікпен кредит беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді, жалпы қарастырылған қаржы сомасы – 3,7 млрд теңге. Жыл қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім мен көрсет­кен қызмет көлемі екі трлн теңге­ге жетеді, ал олардың жалпы өңір­лік өнімдегі үлесі өткен жыл­ғы 32,4 пайыздан  34,3 пайызға ұлғаяды. Облыста орталық сумен қам­тамасыз ету деңгейі республикада жоғары көрсеткіштің бірі және 98,3 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш  99,5 пайыз болады. Елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылы­туға ауыстыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Өткен жылы облыс халқының 59 пайызының газға қол жеткізуі қамтамасыз етілді. Осы жылы тағы 13 елді мекенді қосу арқылы 61 пайызға жетеді. Өт­кен жылы Талдықорған және Қапшағай қалаларында үш қазан­дық газға ауыстырылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 101 көппәтерлі тұрғын үй үшін 31 блокты-модульді қазан­дықтарды орнату жүргізілуде, бұл жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады. Талдықорған қаласының экологиясын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен газбен жүретін 55 экологиялық автобус сатып алынды. Жолдардың сапасы жақ­сарып келеді, осы жылы облыстық маңызы бар 316 шақырым жол және 154 елді мекеннің кентішілік жолдары жөнделді.  Жыл соңына қарай жақсы және қанағаттан­арлық деңгейдегі жолдар үлесі 89 пайызға  жетеді. «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдардағы сайлауалды бағдарламасы аясында үш ауысымда оқыту мәселесін шешу үшін және бейімделген мектеп­тер­дің орнына біз 115 мектеп салынады. Осы жылы жоспарланған 17 мектептің 5 400 орынды 12-сі  қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тағы бес мектеп іске қосы­лады. Жыл басынан бері 9 590 орындық 135 балабақша ашылды. Денсаулық сақтау саласында осы жылы үш ауылдық дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Барлығы жеті нысан салынуда. Дәрігерлер тапшылығын жою үшін медицина қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі шешілуде. Спорт саласында облыс бо­йын­ша барлығы 13 денешынық­тыру-сауықтыру кешені салынды. Тағы төрт денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Талдықорған қала­сын­да Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи жүзу бассейні ашыл­ды. Облыс басшысы журналистер­дің сауалдарына жауап беру кезінде өңірде демографиялық дүмпу­дің жоғарылығы және ішкі және сыртқы көші-қонның жиілігін айтты. Нақтырақ тоқталар болсақ, соңғы жылдары облыс бойынша жыл сайын 45-50 мың сәби дүн­иеге келеді. Сонымен бірге  шет елдерден қоныс аударатындар мен еліміздің басқа аймақтарынан қоныс аударатындардың дені тұрғылықты жер ретінде Алматы облысын таңдайды. Ал жаңа оқу жылы мектепке баратындар саны 20 мыңға артып отырады.  Соған сай қазір халық тығыз қоныстан­ған елді мекендердегі мектеп са­лу­ға қатысты жобаларды қайта қа­рап, орын санын арттыру ойластырылуда. Сонымен бірге әкім ішінде жаз айларында Алакөлге адамдардың ағылуына күре жол­дың реттелгені мен пойыз қаты­насы мен әуе қатынасының жолға қойылғанын айтты. Алдағы жылдары Балқаш көліне апаратын жол да реттеліп, жағалаудағы демалыс орындары жақсаратыны жайлы да нақты мысалдар келтірді. Қысқасы, аймақтың жетістіктері, азаттық тойына тартуы жайлы толық айтып берді.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы