Алматы қаласында барлық технологиялық университет біріктірілген бірыңғай коммуникация кеңістігі құрылды. Кеңістікте кез келген адам өзіне қажет курсты 3-6 ай аралығында оқи алады. Сондай-ақ, қала тұрғындарының жартысынан көбі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіні белгілі болды, деп мәлімдеді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қонырбаев. Бұл туралы Informburo.kz порталы жазды.
"Мысалы, сіз KIMEP университетінде автоматизациямен байланысты бакалавриат, магистратура немесе доктарантура оқығыңыз келді делік. Ол үшін сізге 2-4 жыл қажет. Жұмыс істеп жүрген азаматтарда мұндай мүмкіндік жоқ екені түсінікті. Сондықтан біздің бар назарымыз осы бағдарламалар сырттан келген кез келген адамға қолжетімді болатындай етіп университеттерді дұрыс үйлестіруде болды. (...). Яғни кез келген адам университетте 3-6 айға созылатын курс оқып, белгілі бір дағдыларды үйреніп шығады. Курсты тәмамдаған соң жұмыс берушілер оларға қызығушылық білдіруі мүмкін", – деді Баян Қонырбаев.
Сондай-ақ, басқарма басшысы Facebook және Geogle-мен жұмыс істейтін ірі халықаралық компаниялармен серіктестік орнатқанын мәлімдеді. Data Art сияқты компаниялар азаматтардың Алматыда отырып халықаралық ірі жобаларда жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Мұнымен қатар, азаматтар жалақысын доллармен алады.
"Алматы қаласының болашағы үшін таланттарды дамыту маңызды. I курста әдетте көп адам өзінің кім болғысы келетінін түсіне бермейді. Біздің қолда бар статистикалық мәліметтерімізге сәйкес, Алматы қаласындағы бұрынғы студенттердің 59%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіні белгілі болды. Яғни, олар 4 жыл бойы бір мамандықты меңгеріп, кейін ол мамандық нарыққа қажет болмаған соң басқа салаға ауысуға мәжбүр болған", – деп қосты Баян Қонырбаев.
Еске салсақ, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин IT дағдыларын тегін үйрететін 20 инновациялық мектеп ашылатынын мәлімдеді. Аталған мектепте кез келген адам білім ала алады.