Елімізде ішкі туризмнің бағыт-бағдары кеңейіп келеді. Соның бір айғағы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Eurasian Resources Group-қа (бұдан әрі – ERG) қарасты кәсіпорындарға туристік бағдарлар ашып отыр.
Саяхаттан алған ұмытылмас әсер, таңғажайып естеліктер, жетекші гидтің танымдық, қызыққа толы әңгімесі, қайталанбас тарихи орындар туристердің есінде ерекше сақталып қалары анық. Сондықтан ERG өндіріс орнына саяхатқа барған туристер үшін осының барлығын түгел қамтыды.
Туристер тарих пен технология үндестігін тамашалай алады
Ең бірінші тур Ақтөбе ферроқорытпа зауытында («Қазхром» ТҰК» АҚ) пилотты режимде ашылды. Экскурсия 1 жарым сағатқа жоспарланған. Саяхат зауыттың орталық қақпасынан басталып, міндетті қауіпсіздік ережелерін түсіндіре отырып, кәсіпорындағы негізгі нысандар – бүгін мен болашақтың металын балқытатын өндіріс цехтарға жетелейді.
Зауыт тарихы сонау 1943 жылдан басталады. Туристер осыдан 78 жыл бұрын алғаш рет металл балқытып, әлі күнге тұрақты жұмыс істеп келе жатқан әйгілі «Комсомолка» пешін көре алады. Ал жаңа цехта бір өзінің қуаты бір кәсіпорынға жетеқабыл заманауи теңдессіз пештер бар. Туристер өндіріс көрігін қыздырып, метал балқытқан металлургтердің жұмысын өз көзімен көреді. Ары қарай гид вагонаударғыштардың жұмысын көрсетіп, өндіріс қалдықтарының қалай өңделетінін айтып береді.
Келер жылы ERG құрамындағы «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ (ССКӨБ), «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауыты, Қазақстан электролиз зауыты (ҚЭЗ) мен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ «Шығыс» кенішінің жұмысын туристерге етене жақын таныстыруды жоспарлап отыр.
Саяхат арқылы Тәуелсіздік жылдарындағы табысты көрсетеміз
«Өнеркәсіп кәсіпорындарына туристік бағдар ашу – тек имидждік жоба емес, – деді Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов. – Біз Тәуелсіздік жылдарындағы табысымызды паш еткіміз келеді. Топтың маңызды стратегиялық жобалары, соның ішінде Экологиялық бағдарламамызды кеңірек таныстырғымыз келеді. Бұны бір жағынан танымдық жоба деуге толық негіз бар. Себебі, туристер темір мен көмір кеніштерін игеру барысын өз көзімен көріп, алюминий мен феррохром өндірісімен жақыннан таныса алады.
ERG кәсіпорындарына туристік бағдардың виртуалды нұсқасы да әзірленіп жатыр. Енді кез келген адамның Еуразиялық топ құрамындағы карьерлер, зауыттар мен кеніштерді аралап, Ержігітпен онлайн ойын ойнауына мүмкіндік бар.
Төрт құрлықтағы ең ірі жұмыс беруші компания
Eurasian Resources Group – кен өндіру мен өңдеу, энергетика, логистика және маркетингтің басын бір арнаға біріктірген әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі. Ерекше атап өтер жайт, ERG-дің кәсіпорындары – өз саласы бойынша төрт құрлықта орналасқан 15 елде ең ірі жұмыс берушілердің бірі.
Бүгінде ERG жоғарыкөміртекті феррохром құрамындағы хром үлесі бойынша Еуразия құрлығындағы көшбасшы әрі темір кенін жеткізуші ірі компанияға айналды. Қазақстандағы жоғары маркалы алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын да, мыс пен кобальт жеткізуші ірі компаниялар ERG құрамында екені соның айғағы.
ERG – Қазақстанның тау-кен, металлургия саласының үштен бір бөлігінде жетекші рөл атқарып отыр. Сонымен қатар, ERG – Орталық Азиядағы электр қуатын негізгі жеткізушілердің бірі және ірі теміржол операторы. Оған Қазақстан үшін аса маңызды кәсіпорындар: «Қазхром» ТҰК, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ), Қазақстан Алюминийі, Қазақстан электролиз зауыты (ҚЭЗ), Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы (ЕЭК), «Шұбаркөл көмір», «3-Энергоорталық» АҚ және «ТрансКом» Көлік тобы мен ERG Service дәлел.
ERG – Бүкіләлемдік экономикалық форум тұғырнамасында құрылған аккумуляторлы батареялар секторына арналған жаһандық Aльянстың құрылтайшы-серіктесі. Альянс қарқынды дамып келе жатқан электромобильдер мен гаджеттер секторына арналған құн құраудың жауапты әрі инклюзивті тізбегін құрып, дамыту мен оған орнықты даму тәжірибелерін әзірлеуді көздейді.