Соңғы жылдары басқа дүние қалмағандай, мемлекет қорғауындағы табиғи қорықтардың жеріне көз алартатындар көбейді. Онсыз да экологиялық ахуал ушығып тұрған кезеңде жауаптылардың мұндай бассыздыққа жол беріп жатқаны қынжылтады. Қазан айының басында Алматы облысы мен Жамбыл облысының түйіскен жерінде жатқан Жусандала қорығы аумағының бүліне бастағанын айтқан едік. Енді «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылары заңсыз әрекетке барғаны анықталды. Осылай жалғаса берсе, табиғи аумақтардың бәрін құртып тынарымыз сөзсіз.
Алпауыттар мүддесі табиғаттан артық па?
Күз басында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі күтпеген жерден бір құжатты қоғамның талқысына шығарған. Құжат «Республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік табиғи қорық аймағының аумағын азайту туралы» деп аталады. Үкімет қаулысының жобасы қорықтың шекарасын тарылтуды көздейді. Босаған жерден өндірушілер қазба байлық өндірмек. Бұл қорық – бүтін мемлекет үшін аса бағалы аймақ. Алматы облысының Балқаш, Іле, Жамбыл аудандарын, Жамбыл облысының Қордай, Шу және Мойынқұм аудандарын қамтиды. Қызыл кітапқа енген аң мен өсімдігі көп. Экология министрлігі 2,7 миллионнан астам гектардың 176,15 гектар жерін кемітіп тастамақ болды. Ал салаға жауапты министрлік мұның себебін «республикалық алып магистралды салу үшін қажет» деп түсіндірді. Қорықтың қысқарған жерінен жол салуға қажетті құрылыс материалдарын өндірмек. Қорық аймағы халықаралық маңызы бар автожолдың реконструкцияланатын телімдеріне мейлінше жақын орналасқанын әрі трасса төсемі үшін қажетті материалдар мен ресурстарға бай жер екені баяндалды. Яғни, қорық аумағында карьер қазылады. Экологтер сол кезде шу шығарған болатын. Бас көтеруі бекер емес. Өйткені карьер қазылса, шаң көтеріледі, қорықтың табиғатын бұзады. Онымен қоймай маңайдағы аң-құстар үркіп, жануарлар босып кетпек. Қызыл кітапқа енгендері жойылып кетуі де мүмкін. Осыған қарамастан бұл мәселе көп ұзамай назардан тыс қалды. Еш жерде айтылмады, тақырып жылы жабылғандай болды. Бір аңғарғанымыз – бұл істің артында алпауыт компаниялардың мүддесі тұр. Мұндай келеңсіз жағдай бірінші рет емес. 2019 жылы 14 мамырда Асқар Мамин «Республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік табиғи қорығы аймағының аумағын кішірейту туралы» №282 Үкімет қаулысын қабылдапты. Қорықтың аумағы бірден сол сәтте 491,32 гектарға кеміген. Бұл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Мерке – Бурылбайтал» және «Күрті – Бурылбайтал» жол учаскелерін реконструкциялау үшін жасалған амал екен. Қысқарған 500 гектардай жерде жолдардың құрылысына қажетті кең таралған пайдалы қазбалар өндірілген. Қит етсе, қорық үңгитін әдет биыл басталмаған екен.
Қош, біз осы мәселені қаузап үлгермей жатып, екінші табиғи аумаққа қауіп төнді. Қауіп төнді дегеніміз – шынында біраз әрекет заңсыз істеліп үлгерген. «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалып жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған. Лауазымды тұлғалар құнды жердегі учаскелерді заңсыз жекеменшікке берген. Оны алғандар жай жүрмей парк аумағында құрылыс жүргізіп, ғимарат салып тастапты. Мұнымен қоймай басшылар экобекеттерде туристер төлеген қаржыны да жымқырған. Дегенмен заңсыздықты тоқтатудың өзі мұң болып отыр. Тіреуі бар ма, әйтеуір лауазымды тұлғалар бұған дейін жазадан құтылып келген. Әлі де еркін тайраңдауы мүмкін.
Жауаптылар неге көрмеген болады?
Жерді заңсыз иемденіп, оған жағдайы жеткеннен зәулім ғимарат салып, құрылыс жүргізіп, табиғи парк аумағын өз мүддесіне пайдаланып үлгергендеріне қарағанда, бұл бассыздық басталғанына көп болған. Мәселені 2 жыл бұрын жер жөніндегі кәсіби сот заңгері Бақытжан Базарбек қозғаған. Лауазымды тұлғалар мемлекет қарауындағы жерлерді сатып жіберіп, туристер төлеген қаржыны жымқырғанын анықтаған заңгер билікке бірнеше рет шағымданғанын айтады. 2 жыл қатарынан, 2019-2020 жылдары Алматы облысының Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарындағы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында жер телімдерін заңсыз иеліктен шығаруына қатысты жеке тексеру жүргізген ол ұлттық саябақтың шекарасында орналасқан жер учаскелерінің 115 кадастрлық нөмірлерінің тізімін жасап шыққан. Ізін ала Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік департаментіне тексеру жүргізу және сотқа дейінгі тергеуді бастау туралы өтініш берген. Кештетіп болса да департамент істі қолға алғаны хабарланды. Дегенмен «заңсыздыққа барғандар жазасын алады» деуге әлі ерте секілді. Себебі бейжай қарап отырған құзырлы мекемелер көп.
– Қылмыстық іс қозғалды. Тау бөктерінде ондаған демалыс үйі заңсыз салынып, рұқсаты жоқ болса да сәнді, зәулім ғимараттар пайда болған. Ал жер телімдерінің заңды немесе заңсыздығы турасында прокуратура мен өзге де уәкілетті органдар әлі күнге дейін баға берген жоқ. Ұлттық парк шенеуніктерінің әрекетінен зардап шеккен кәсіпкерлерге бірігіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті қолдап, ортақ ұлттық меншігімізді қорғасақ деймін. «Іле-Алатау» ұлттық паркі жерлерін ретке келтіретін уақыт болды, – дейді Бақытжан Базарбек.
Осындай бағалы жерлерге қатысты мәселеге тоқталғанда бір дүниені байқап жүрміз. Заңсыздыққа барғандар ықпалды, қаржысы мол тұлғалар болып шығады. Соған сай мүдделері де көп. Бір өкініштісі, уәкілетті органдар проблеманы көрсе де көрмегендей кейіп танытып, кейде оңды іске шығарып жіберерін қайтерсіз? Заңгер айтқандай, прокуратура үн қатпаса не дейміз? Әйтпесе, аумақтағы заңсыз әрекеттер 2003 жылдан бері басталғанға ұқсайды. Тіпті, Қарасай, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының аудан және ауыл әкімдіктері ұлттық парк басшылығының келісімімен барлығына жол беріп отырған. Ал Экология министрлігі мән-жайдан бейхабар тәрізді. Алдағы уақытта бұл іске осы ведомство араласуы мүмкін.
Қай салада жүрсе де табиғатқа жанашыр жандардың жиі дабыл қағуы түсінікті жайт. Қарсылық құнсыз дүние үшін емес. Заңсыздықтың бәрі шынымен табиғаттан бұрын табысты ойлайтын алпауыттардың мүддесі болса, жол тоспай отыруға негіз жоқ. Салаға басқадан бұрын Экология министрлігі жауапты. Сондықтан жауаптылар құнды жер саналатын қорықтардың жайын бір шолып шыққаны абзал.