Алматы облысында оқушылары төбелескен мектеп директоры қызметінен шеттетілді. Жоғарғы сыныптағы балалардан оңбай таяқ жеген 10-сынып оқушысының миы шайқалып ауруханада жатыр. Жәбір көрген баланың туыстарының айтуынша, олар ұлынан ақша бопсаламақ болған, - деп хабарлайды КТК арнасы.
"Келсем, балам құсып жатыр. Есінен танып, беті көгерген, аузы қанаған. Жедел жәрдем шақырдық. Алып кетті. Сол жерде естідім. Диас, Алмат және Жандос деген балалардың ұрғанын, ақша сұрағанын", - деді анасы Шолпан Жұмабаева.
Оқиға Есік қаласына қарасты Рахат ауылының кісі аяғы көп жүрмейтін көшелерінің бірінде болған. Бұл маңда үй иелері жиі келмейтіндіктен, көбіне бос болады. Анасының сөзінше, баласын қанжоса қылып тепкілегендер №1 мектептің 11-сыныбында оқиды.
Қазір мектеп директоры оқушылар арасындағы төбелесті жасырғысы келгені үшін жұмысынан шеттетілді. Ал, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары орнын босатты. Осымен төртінші күн ауруханада жатқан бозбала қазір оңалып келе жатыр. Алайда жәрдемханаға алғаш келгенде миы шайқалып, ерні жыртылып кеткен.
"Ми зақымы, беті, кеудесіндегі бұлшық еттері зақымдалған. Енді осындай жағдай болғаннан кейін түгел емін беріп, үйіне шығарамыз", - деді Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасының бөлім меңгерушісі Ахмед Даврешов.
Соққыға жығылған мектеп оқушысы келесі аптада үйіне шығарылуы мүмкін. Ал полицейлер бұзақыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтады.
"Оқушылар арасындағы жанжал биыл 6 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауыл округінде болды. Тексеру барысында оқиға сабақтан кейін сағат 13:30 шамасында №1 мектептің 10, 11-сыныптарында оқитын екі оқушысының арасында болған. Аталған фактіге сәйкес, ҚР ҚК 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", - деді Алматы облысы ПД өкілі Ернар Сайдильдин.
Егер ақша бопсаламақ мақсатта жеткіншекке күш қолданғандары дәлелденсе, 2 жылға дейін бас бостандығынан айрылып, ата-аналары 5 миллионнан астам айыппұл төлеуі мүмкін.