Зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін пайдалану жырының таусылар түрі жоқ. Қордан қаржы алудың шекті мөлшерінің күрт өсуі дәл осы тетікпен баспаналы болуды, ипотекалық несиені өтеуді, емделуді жоспарлағандардың күдерін үзгені өз алдына бөлек әңгіме. Алғашында азаматтарды зейнетақы аударымдарын жасауға ынталандырып, «көлеңкедегі» қаржы айналымын заңдастыруды мақсат еткен бұл бастамаға бүгінде күмәнмен қарайтындар көбейді. Енді ертең көпшіліктің еңбекақысын қайтадан конвертпен алып, зейнетақы жарнасын аударуда қулыққа бару мүмкіндігін де ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, көздегені «көлеңкелі экономикамен» күресу болған бағдарламаның сайып келгенде қаржы секторындағы «көлеңкені» қоюландыра түсу қаупі бар.
Бұған дейін «болашақтың еншісі» саналып келген зейнетақы жинағын белгілі бір мақсатта пайдалану жайына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскен сәттен баса назар аударған еді. Халықтың құлағын елең еткізген жақсы жаңалық Президенттің 2019 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан соң желдей есті. Сол жолы Мемлекет басшысы Үкіметке зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды. Обалы не керек, Жолдаудан туған міндетті жүзеге асыруға жедел кіріскен Үкімет мүшелері бұл тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Салымшылардың зейнетақының жинағынан артылған қаржы алудың алгоритмі түзіліп, оған қол жеткізудің жеткілікті шегі белгіленді. Нәтижесінде, 700 мыңдай қазақстандықтың зейнетақы салымындағы мөлшерден артылған қаржысын тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алатыны белгілі болды. Жасыратыны жоқ, салымшылардың барлығына бірдей қолжетімді болмаса да, зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану талайға үміт сыйлады. Оған дейін табысын жасырып, зейнетақы қорына салым жасауға салғырт қарағандар есеп-қисапта ашықтық принципіне ден қойды. 2020 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президенттің өзі бұл реформаны еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құрал деп бағалады.
Реформаның нәтижесінде жыл басынан 370 мыңдай азамат баспана алуға алғашқы жарнаны толықтыру, ипотека үшін берешекті толық және жартылай өтеу, емделуде зейнетақы қорындағы қаржының белгілі бір бөлігін алып кәдеге жаратқан. Мұны көзбен көрген қатардағы қызметкерлер де жұмыс берушілерден еңбекақымен бірге зейнетақы қорындағы тиісті төлемдерді ашық төлеуді талап ете бастады.
Алайда келесі жылдың сәуір айынан бастап зейнетақы қорынан қаржы алудың жеткілікті шегі 80 пайызға дейін көтерілетіні мәлім. Ал ол шектен асып, артық қаржыны белгілі бір мақсатқа пайдалану айлығы шайлығына жетпей жүрген көпшілік үшін қол емес. Демек, олар ендігі жерде жұмыс берушілерден зейнетақы қорына болар-болмас салым жасап, қалған қаржыны бұрынғыдай конвертпен алуды құп көруі бек мүмкін. Бұдан соңғы 4 жылда 29 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеген «көлеңкелі экономика» деңгейінің қайта өсу қаупі туындайды.
Бұл мәселе ең әуелі сенаторлар мен мәжілісмендердің қабырғасына батса керек. Бірінен соң бірі Үкімет басшысының атынан депутаттық сауал жолдады. Сенатор Нұрлан Қылышбаев бастаған Сенат депутаттары бұл бағдарламаның салымшыларды ынталандыру мен еңбекақы төлеуде ашықтық қалыптастырудың тетігіне айналғанына назар аударып, Үкіметтің алдына ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесіне өзгерістер енгізу туралы мәселені төтесінен қойды. Әзірге Премьер-Министр халық қалаулылары көтерген мәселеге қатысты ресми жауап бермеді.
Есесіне, зейнетақы қорындағы қаржыны алудың жеткілікті шегін өсірудің «көлеңкедегі» экономикаға әсері болмайтынын айтқан қаржы сарапшылары біздің қаупімізді жоққа шығарды.
– «Көлеңкелі экономикаға» бұл фактор қатты ықпал ете қоймайды. Өйткені қазір барлық мекемеде еңбекақы төлеудің электронды жүйесі енгізілген. Жұмыс берушілер үшін қызметкерлерінің ығына жығылып, айлықтың бір бөлігін банктегі есепшотына жіберіп, енді бір бөлігін конвертпен төлеу тиімсіз, – дейді қаржыгер Сәбит Рысбаев.
Маман пікірінше, заңды еңбек қатынастары кезіндегі «көлеңкелі экономиканың» бой көрсетуі екіталай. Өйткені жұмысшыға еңбекақыны қолма-қол төлеу үшін банктегі есепшоттан ақша алудың әуресі көп екен. Сондықтан зейнетақы қорынан қаржы алудан үмітті заңды тұлғалардың қызметкерлері енді айлығын жасыруға көшеді деу қисынсыз болып шығады.
– Қолданыстағы заңнамаға сай заңды тұлға банктегі есепшотынан ай сайын ең көп дегенде 20 миллион теңге көлемінде қаржы ала алады. Оның өзінде бұл процедураның заңдылығы жан-жақты тексеріледі. Есеп-қисабы дұрыс болмаған жағдайда коммерциялық ұйым жыл соңында қарызға белшесінен батуы да ғажап емес Сол себептен компания қызметкерлеріне конвертпен айлық төлеу үшін тәуекелге бара қоймайды. Зейнетақы қорына ай сайынғы міндетті төлемді аударуда салық режимі жеңілдетілген жеке кәсіп иелері ғана қулық жасауы мүмкін. Сайып келгенде зейнетақы қорына салымшы болу әр адамның өзі үшін керек, – дейді С.Рысбаев.
Бір сөзбен айтқанда, қаржы-экономика саласын реттеудің құқықтық тетігі «көлеңкелі экономикамен» нәтижелі күреске бағдарланған болып тұр. Оның үстіне қоғам өміріне дендеп енген цифрландыру үрдісі де экономиканың «көлеңкелі» тұстарына өз сәулесін түсіріп үлгерген сыңайлы.
– Бізде «көлеңкелі экономика» ұғымы, оны «дамытудың» механизмі, айлықты конвертпен алу сияқты факторлар бұған дейін де болған. Сондықтан бұл іске зейнетақы қорынан ақша алудың жеткілікті шегінің өсуі әсер етеді деуге келмейді.
Рас, онсыз да қарапайым азаматтарға қолжетімсіз жеткілікті шекті өсіру арқылы Үкімет орынсыз қадамға барды. Өйткені бізде баспаналы болуда зейнетақы қорындағы артылатын ақшаға үміт артқандардың саны көп болмады. Олар бұл бағдарламаға ә дегеннен бойкот жариялап, зейнетақы салымын арттыруға әрекет жасамады. Еңбекақыларынан да қорға бұрыннан аударылған сома аударылып тұрды. Енді жеткілікті шек өзгергенін пайдаланып, олар жұмыс берушілерге еңбекақыны конвертпен алу туралы ұсыныс білдіре қоймас, – дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.
Алғашында зейнетақы қорынан ақша алудың жеткілікті шегін өзгерту салымшылардың сенімін жоғалтып, салдарынан «көлеңкелі экономиканың» көкжиегі кеңейе түседі дегендердің пікірі құлаққа қонған. Әйтсе де, біз тілдескен сарапшылардың дені бұл фактормен «көлеңкедегі» экономика арасындағы байланысты нақты мысалдармен жоққа шығарды. Бастысы, қаржы айналымы саласындағы цифрландыру мен құқықтық негіздің «көлеңкелі экономикамен» күрестегі мүмкіндігін еріксіз мойындауға тура келді. Ал бұл жайттар күні ертең басшымен сөз байласып, есепшотына болмашы салым жасап, айлықтың едәуір бөлігін қолма-қол алуға құп көретіндердің алдында қауқарын қаншалықты танытатыны белгісіз.