Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тарихи өлшеммен алып қарағанда қас қағым уақыт. Ал азаттығына күні кеше ғана қол жеткізіп, ел болып, еңсе тіктеудің жолына түскен ел үшін 30 жылдың әр жылы, әр күні маңызды шешуші мәнге ие. Егемендіктің елең-алаңында Президент Жарлығымен әр жылды өзінше айшықтау да мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне өз ізін қалдырды.
Абай мен Жамбылды әлем таныды
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет 1995 жыл Абай жылы болып жарияланды. Абай жылы аясында ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. 1995 жылдың 9 тамызында Алматыдағы Республика сарайында Абайдың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шараға 25 елдің Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрі қатысты. ЮНЕСКО-ның Ұйытқы болуымен Абай тойы Қазақстаннан бөлек, әлемнің 25 елінде аталып өтті. Араға ширек ғасыр салып еліміз ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойын да өз деңгейінде атап өтті.
Абай жылынан кейін 1996 жылы жарияланған Жамбыл Жабаевтың жылы да елдің руханияты мен әдебиетін айшықтаумен ерекшеленді. ХХ ғасыр Гомерінің 150 жылдығына орай Жамбыл мұражайы мен мавзолейі жаңғырып, ауылындағы мәдениет үйі мен мектеп құрылысы жүргізілді. Жамбыл Жабаев жылы қарсаңында Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркия сияқты бауырлас елдер де Жамбыл күндерін атап өтті.
Биыл да бұл игі дәстүр өз жалғасын тауып, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Мерейтойға орай Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен «Қазығұрт» баспасынан Жамбыл Жабаевтың 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар бұл еңбекті жамбылтанудағы жаңа бағыт деп бағалады.
Тарихи әділдік салтанат құрды
Ғасырлар тоғысында әлемдік геосаясаттағы оқиғалар егемендігін қолға алып, етек-жеңін жия бастаған елдің ұстанымдарын анықтап, болашаққа бағдар жасауда шешуші мәнге ие болды.
Президент Жарлығымен 1997 жыл Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланды.
ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихындағы ең қасіретті оқиғаның бірі жаппай саяси қуғын-сүргін жүргізу болғаны мәлім. Тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта 340 мыңға жуық «қызыл террордың» құрбаны ақталды. Дәл 1997 жылдан бастап жыл сайын 31 мамырда тарихқа тағзым жасалып, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын еске алу дағдысы қалыптасты.
Төл тарихымызды ақтаңдақтан арылтып, одан сабақ алуда қыруар шаруа атқарылған Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу жылынан соң 1998 жыл Қазақстан халқының бірлігі мен ұлттық тарих жылы, ал 1999 жыл Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы ретінде айшықталды.
Әлеуметтік саладағы серпін
Осынау тарихи рухани алғышарттардың ізін ала 2000 жыл Қазақстанда Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қаржылық қиындықтарды абыроймен еңсерген елдің руханият пен мәдениетке көңіл аударуының өз себебі болды. Өз алдына отауын сайлаған азат ел экономикалық дағдарыспен бетпе-бет келгенде алғашқылардың бірі болып мәдениет ошақтарының есігіне қара құлып салынған-ды. Аз ғана уақыттың ішінде осы олқылықтарды жоюға Мәдениетті қолдау жылы мейлінше ықпал етті. Бір жылдың ішінде республика көлемінде 468 кітапхана, 239 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан 5 театр ашылды. Еліміздің бас қаласында Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, Қазақ ұлттық музыка академиясы өз жұмысын бастады. Қазақстан Президенті мәдени орталығы мен мемлекеттік мұражай ашылды.
10 жылдықтағы оңды істер
2001 жылы ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерейтойына Қазақстан жоғары экономикалық көрсеткіштермен аяқ басты. Қаржы-экономика секторындағы әлемдік тенденцияға сай ұлттық табыстың жинақтау нормасы 15 пайыздан асқанда экономиканың тұрақты өсуi басталады. Ал 2001 жылы Қазақстанда жинақтау нормасы 25 пайызға жуықтаған еді.
Экономикалық көрсеткіштердің түзелуі елдегі ірілі-ұсақты әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға да мұрындық болды. Әсіресе, ұлт саулығына айрықша назар аударылып, 2002 жылы Денсаулық жылы деп танылды. Расында, қолға алынған кешенді шаралар нәтижесінде Денсаулық жылында отандық медицинада оң өзгерістер орын алды.
Ауылдағы ахуал оңалды
2003-2005 жылдардағы Ауылды қолдау жылы да ұжымшарлар мен кеңшарлардың таратуымен кері кеткен көп елді мекендегі тындырымды тірліктің ұйытқысына айнала алды. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен заманда ұстағанның аузында, тістегеннің қолында кеткен ауылды, ауыл шаруашылығын көтеруге көп күш жұмсалды. Тек 2004-2005 жылдар аралығында ауылдарды дамытуға 150 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Оның сыртында ауылдағы бiлiм беру мен денсаулық сақтау ісіне, сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге жыл сайын 15 миллиард теңгеден бөлiніп тұрды. Шартты түрде 2005 жылы аяқталғанымен, ауылды дамыту мәселесі мемлекет назарынан тыс қалмады.
Тілге құрмет көрсетілді
2007 жыл тәуелсіздіктің айшықты белгісі саналатын қазақ тілінің қоғамдағы рөлін нығайту мақсатында Қазақ тілін қолдау жылы деп жарияланды. Бұл шешім «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының қабылдануының 10 жылдығымен тұспа-тұс келді. Қазақ тілін қолдау жылы аясында мемлекет пен қоғам өміріндегі ана тілінің беделін биік ету жұмыстары қолға алынды.
Мұнан кейінгі 2008-2010 жылдар айшықты таңбаланбағымен олардың да елдің экономикалық-әлеуметтік дамуы көрсеткішіне зор үлес қосқаны анық.
Мерейлі мезеттер
2011 жыл Қазақстан Республикасы Президенттің Жарлығымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы болып жарияланды. Егемендіктің екінші онжылдығын еліміз толайым табыстармен еңсерді. Тек Ұлттық банктің жиынтық резерві мен Ұлттық қордың көлемі 75 млрд долларға жетті. Жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші 11 мың АҚШ долларына артты. Қазақстан инвестициялық климаты жайлы 20 елдің қатарына кірді.
Онан кейінгі 2012-2018 жылдар аралығында арнайы ат таққан айшықты жылдар болмады. Тек 2015 жылы ел көлемінде Қазақ хандығының 550 жылдығы, ал 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аталып өтілді.
Жастықтың оты жалындап...
2019 жылғы Жастар жылы деп жарияланып, мемлекеттік жастар саясатында көп түйткілдің түйінін тарқатуға негіз болды. Президенттік жастар кадрлық резервіне өз саласында мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік атанған 300 жас іріктелді. Олардың дені мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде басшылық қызметке тағайындалды. Сонымен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 1 000 жалдамалы пәтер беру бастамасы да баспаналы болу бақытын сезінуге ниеттілерге үлкен көмек болды.
Еріктілер ерледі
Еріктілер жылы деп жарияланған 2020 жыл, шын мәнінде волонтерлер сын сағаттағы әрекетін тәжірибе жүзінде сыналумен ерекшеленді. Жасыратыны жоқ, әлемдік пандемия тіршілік атаулы құрсау салғанда әлеуметтік көмек көрсету жауапкершілігін айқын сезіне алады. Бір жылдың ішінде 100 мыңға жуық қазақстандық еріктілердің қатарын толықтырып, көмекке мұқтаж жандарға қолғабыс етті. Ел басына күн туғанда ерлікке пара-пар әрекетке барған еріктілердің көбі Президент Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қоғам өміріне өзгеріс әкелген айшықты жылдардың тізбесі – осы. Әр жылдан жылт еткен жаңалық күтетін жұртшылыққа әне-міне табалдырық аттап, төрге озғалы тұрған 2022 жылдың да жақсылыққа толы боларына сенім мол.